06 Желтоқсан, 2016

Өзбекстан Каримовтің бағытын таңдады

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жексенбі күні Өзбекстанда өткен президенттік сайлауда премьер-министр Шавкат Мирзиёев 88,61% дауыспен жеңіске жетті. Ол Өзбекстанның Либерал-демократиялық партиясы атынан сайлауға түскен болатын. Сайлауға Шавкат Мирзиёевтен басқа тағы үш кандидат қатысты. Парламенттің төменгі палатасының вице-спикері Сарвар Отамурадов (Ұлттық-демократиялық партия), Нариман Умаров (Социал-демократиялық «Адолат» партия­сы) және Хотамжон Кетмонов (Өз­бекстанның Халықтық-демо­кра­тиялық партиясы). Үміткерлердің сайлау ал­дын­дағы бағдарламалары бір-біріне ұқсас болды. Барлығы тұңғыш президент Ислам Каримовтің саясатын жалғастыруды, көршілермен қарым-қатынасты дамытуды, тұрғындарды жұмыспен қамтуды ұсынды. Дегенмен, сарапшылардың көбі президент міндетін атқарушы әрі премьер-министр Шавкат Мирзиёевтің жеңетініне сенімді болды. Мирзиёев тұңғыш президент Ислам Каримовтің бағытын жалғастыруды негізгі ұраны етіп алды. Сайлау алдындағы науқан бейбіт өтті. Жоғары биліктегі ықпалды саясаткерлердің бір кандидатты қолдауға келіскені және оның 2003 жылдан бері үкі­метті үздіксіз басқарып келе жат­қан Шавкат Мирзиёев екені аңға­рылған еді. Халық алдындағы беделін кө­те­ру үшін негізгі үміткердің бір­қатар ұтымды қадамдар жасағанын айта кету керек. Бір кездері сахнадан шеттетілген өнер адамдарының қайтадан көрермен алдына шығуына мүмкіндік берді. Көрші елдермен қарым-қатынасты жақсартуды қолға алды. Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, бизнесті тіркеуді оңайлату шараларын бастады. Сонымен қатар, валюта айырбас­тау тәртібін жеңілдетуді ұсынды. Өзбекстанда жеке адамдардың валютаны еркін айырбастауына рұқсат жоқ. Бұл – тұрғындар үшін ең ұнамсыз тәртіптердің бірі. Сарапшылар Мирзиёевті ай­мақтағы көрші елдер лидерлері, оның ішінде Қазақстан және Ресей президенттері қолдап отырғанын айтады. Бұл пікір негізсіз емес. Нұрсұлтан Назарбаев өзбек халқына көңіл айту үшін бауырлас елге арнайы сапармен барды. Мирзиёевпен жеке кездесіп, қиын кезеңде қазақ халқының өзбектермен бірге екенін айтты. Одан кейін де өзбек басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Ал кеше Шавкат Мирзиёевті Өзбекстанның президенті болып сайлануымен алғаш құттықтағандардың бірі Қазақстан басшысы болды. Орталық Азиядағы елдердің барлығымен шекараласатын, 32 миллионға жуық тұрғыны бар Өзбекстан аймақтағы маңызды ел – Қазақстанның стратегиялық әріптестері қатарынан. Алайда, соңғы жылдары Өзбекстан экономикасы дағдарысты бастан кешіп отыр. Экономиканы сауықтыру, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеру, ол үшін шетел инвестициясын көптеп тарту – жаңа лидер алдындағы қазіргі негізгі міндеттердің бірі. Ержан ӘБДІРАМАН, «Егемен Қазақстан»