ЭКСПО-2017-нің Комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Алжир Халықтық-Демократиялық Республикасына (АХДР) сапары болып өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Сапар шеңберінде АХДР-дің Мемлекеттік министрі – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Рамтан Ламамрамен, АХДР ЭКСПО-2017-ге Алжирдің қатысуы үшін жауапты Ұлттық секциясының комиссары – АХДР премьер-министрі істеріндегі сенімді өкіл Мұстафа Шакиб Халифпен кездесулер болды.
Алжир сыртқы саясат ведомствосының басшысымен кездесуі кезінде Р.Жошыбаев екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Халықаралық күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасылды.
Р.Ламамра Астанадағы ЭКСПО-ның жаңа технологиялар ағыны мен Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін жоғарылатуға оң әсер ететінін атап өтті. Алжирлік министр, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 аясында Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін өткізу ИЫҰ-ға мүше елдердің орнықты даму мен қуат тиімділігі салаларындағы ынтымақтастығына серпін беретініне сенім білдірді.
Алжирлік комиссармен кездесу кезінде Р.Жошыбаев көрмені ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқтала келіп, Алжирдің түрлі халықаралық көрмеге қатысудан айтарлықтай тәжірибе жинақтағанын, бұған 2010 жылы Шанхайда, 2015 жылы Миланда өткен ЭКСПО көрмелерінде елдің тақырыпты жан-жақты ашып көрсете алғаны үшін «алтын медальдар» иеленгенін атап өтті.
Өз кезегінде М.Халиф алдағы жылдың 4 шілдесінде Алжир ЭКСПО-2017 аясында өздерінің ұлттық күндерін өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Алжирлік комиссар Қазақстан тарапы ұсынып отырған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы жаһандық экологиялық проблемалар мен қуат жетіспеушілігін шешуге көмектесетінін, ал ЭКСПО-2017 бүкіл әлем елдері үшін, оның ішінде Африка мемлекеттері де бар, энергетика саласында өздерінің жетістіктері мен жаңа технологияларын көрсетудің платформасына айналатынын атап көрсетті.
Кездесу қорытындысы бойынша, Р.Жошыбаев пен М.Халиф Алжир тарапының ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатыны туралы келісімге қол қойды.