06 Желтоқсан, 2016

Отандық өнімдер «Duty free» желісінде сатылады

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
duty-free Бүгін «Халық маркасы» Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ мен Ақтау қаласындағы «Duty free» желісі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт жасалды, деп хабарлады «ҚазАқпарат». Келісім бойынша Ақтаудағы «Duty free» дүкенінің аумағында «Халық маркасы» брендімен отандық өнімдер сатылымға шығатын арнайы стенд пайда болады. Онда «Халық маркасы» тұтыну белгісіне ие болған кондитерлік өнімдер мен сусындар, сувенирлер және т.б. тауарлар қойылады. «Халық маркасы» қазақстандық өнімдердің өрісін кеңейтуге барынша күш салуда. Біз қолда бар мүмкіндіктердің барлығын пайдаланып, төл брендтерімізді ілгерілетудеміз. Сондай ілкімді қадам - ақтаулық «Duty free» желісімен жасалып отыр. Бұған дейін отандық өнімдер аталған дүкендерде аз көрініс тауып келген болса, алдағы уақытта ол жерден де біздің маркаларымызды көруге болады», – деп атап өтті «Халық маркасы» Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ президенті Р.Тәжібаева. Айта кетейік, отандық өнімдер бар стендтер алдағы уақытта Еуропа мен бірқатар ТМД елдерінде, атап айтқанда, Әзербайжанда, Қырғызстанда, Ресейде және Түркияның «Duty free» желілерінде пайда болады деп күтілуде. Ал Ақтау қаласында тұңғыш рет орнатылып отырған отандық өнімдер стенді алдағы уақытта әлемнің 20 елін қамтитын жемісті жұмыстардың беташары іспеттес.