06 Желтоқсан, 2016

Елбасы аяқ киім шығаратын фабрика жұмысын іске қосты

211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан жалпыұлттық телекөпір барысында Алматыда аяқ киім шығаратын фабрика жұмысы іске қосылды. «Казлегпром-Алматы» ЖШС-ның итальяндық технология бойынша сұрыптамасы кең аяқ киім өндірісін қолға алған. Аталған жобаның құны - 300 млн теңге. Фабрика жылына 150 мың жұп аяқ киім шығаруды жоспарлап отыр.

«Өзіміздің жеңіл өнеркәсіпті қолдау керектігін үнемі айтып жүрмін. Фабрикаларыңда болдым. Жаңадан өндіріс шығарады дегеннен кейін жиналысқа сендердің костюмдарыңды киіп келдім. Аяқ киімдеріңді де сатып алдым. Қазір аяғымды көтеріп, көрсете алмаймын. Сендердің аяқ киімдеріңді көріп отырмын. Осында отырған жұртшылыққа, қазақстандықтарға өзіміздің жеңіл өнеркәсіпті қолдау үшін өз тауарларымызды сатып алуға шақырамын. Ары қарай осыны өндіріп, бәсекеге сай болып, француздардан да, итальяндықтардан да кем шығармайтын болыңдар», - деді Назарбаев.

 «Казлегпром-Алматы» ЖШС-ның директоры Айбек Бектұрғановтың айтуынша, бұл фабрика Президенттің өткен жылы Алматыға сапары барысында берген тапсырмасы негізінде ашылған және ол қазақстандық аяқ киім нарығындағы импортты алмастыруды қамтамасыз етеді.

Асхат РАЙҚҰЛ, "Егемен Қазақстан".