07 Желтоқсан, 2016

Алғырлар анықталды

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Назарбаев орталығында» Тұңғыш Президент – Елбасы қо­ры мен Мемлекеттік тілді да­мыту қоры жариялаған «Кім білгіш?» интеллектуалды-та­ным­дық ойыны бойынша жоғары сыныптар арасында өткен республикалық онлайн-тур­нирдің қорытындысы шыға­рылды. Жобаның мақсаты – дарынды балаларды анықтау, оқушылардың танымдық қабі­леттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын арттыру, білімді насихаттау, ин­теллектуал­ды мүмкіндіктерін дамытуға ат­салысу, оқушы­лар­дың бос уа­қы­тын тиімді ө­ткізуге ықпал ету. «Кім білгіш?» ойыны спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлем, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақы­рыптарындағы 20 мыңнан астам сұрақтар жинастырылған мобильді қосымшадан тұрады.  «Кім білгіш?» интеллектуалды ойыны қатысушылар ара­сындағы сайыс түрінде өтті. Ойыншылар алты кезең бойы түрлі санаттағы сұрақтарға жау­ап берді. Ойын жеңімпазы дұ­рыс жауаптар саны бойын­ша анықталды. Турнир ойыншының таңдауымен қазақ немесе орыс тілінде өткізілді», дейді ұйымдастырушылар. Осылайша, қазақ тілінде өткен сайыста 1-орынды Шымкент қаласынан келген Назарбаев зият­керлік мектебінің  9-сынып оқушысы Ернұр Ақжол жеңіп алды.  Ал 2-орынға Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кеңқия орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ерназ Байбақты лайық деп танылды. Жүлделі 3-орынға Шымкент қаласы Назарбаев зият­­керлік мектебінің 9-сынып оқушысы Еламан Лесов ие болды. Ал орыстілді ойыншылардан 1-орынды Павлодар облысы, Ақсу қаласы №14 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Данил Корчагин қанжығалады. Семей қаласынан келген Инновациялық білім лицейінің 11-сынып оқушысы Қайдар Кеңесбаев 2-орынды еншіледі. Павлодар облысы, Ақсу қаласы №14 орта мектептің 9-сынып оқушысы Илья Карепов үшінші орынды қанағат тұтты. Жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сый­лықтар­мен марапатталды. Шара соңын­да жеңімпаздар турнирді ұйым­дастырушыларға алғыс айтып, келесі жылғы жазғы демалыста жоспарланған екінші турнирге қатысуға ниеттерін білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2017 жылы «Кім білгіш?» ойыны бағдарламасына ағылшын тілі де енгізілмек. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Ғарыштағы қызанақ

Қоғам • Кеше