07 Желтоқсан, 2016

Азаттыққа арналған ауқымды акция

106 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2b2a9586«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы – Сыр елінде Арқадан азаттық тойының мерейін асырып, мейманасын тасытып, жеткен жетістік пен бағындырған белесті барша жұртқа паш етуді мұрат тұтқан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы шығысты шарлай өтіп, батысқа бойлай жетіп, солтүстікке соғып, оңтүстік өңірге аялдады. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының тікелей ұйымдас­тыруымен өтіп жатқан республикалық акцияның негізгі мақсаты тәу­елсіздік жылдарындағы рес­­пуб­ликаның қол жеткізген же­тістіктерін насихаттау, ха­лық­тың бірлігін нығайту, жұрт­шы­лықтың әлеуметтік және құ­қықтық жағдайларына назар аудару, ел дамуының арқаулық ба­сымдықтарын көрсету екенін тағы бір мәрте айта кетейік. Осындай миссияны мойнына жүктеген акция мүшелері Әулиеата жерінен шырайлы Шым­кентке өтіп, қа­сиетті Сыр топырағына тоқтады. «Тәуелсіз Қазақстан» пойы­зын Қызылорда қаласының темір жол вокзалынан облыстық Ассамблея мүшелері мен қала тұрғындары сән-салтанатпен күтіп алды. Темір жол вокзалына жиналған халықты делегация мүшелері Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен құттықтай келе, шараның маңыздылығын түсіндіріп өтті. Делегация жетек­шісі Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университеті «Ха­лықаралық қатынастар» к­афедрасының профессоры Әміржан Әлпейісов болса, құрамында ҚХА мүшесі, Ас­тана қалалық қоғамдық кеңе­­сінің мүшесі, профессор Қаз­бек Қазкенов, республикалық Достық үйі медиация кабинетінің меңгерушісі, кәсіби медиатор Нұрсәуле Әлтекова, Жамбыл об­лыстық «Радонеж» орыс қауым­дастығының басқарма мүшесі, «Қоғамдық келісім» КММ-нің бас сарапшысы Лариса Лысова және өзге де сала мамандары бар. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы акциясының сапары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында басталды. Онда құқық қорғау органдарының өкілдерімен қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб мүшесі, «Нұр Отан» партиясы қоғамдық  қабылдауының  меңгерушісі  Жұмажан Жүкенов те осы жерде қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға облыстық партия филиалының басшылығы, облыстық құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, партия  белсенділері мен қала тұрғындары қатысты. Қабылдауға 30-дан аса тұрғын келіп, кеңес берілді. Әділет министрлігінің өкіл­дерінен құралған топ Қызыл­орда облысының Халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жиын өткізді. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында зейнетақы және әлеуметтік мәселелер бойын­ша тұрғындармен кездесу болды. Кездесуге келген 12 адамға әлеуметтік мәселелер бо­йынша кеңес берілді. Оның ішінде, жеті адамға зейнетақы мәселесі, үш кісіге әлеуметтік көмек, екі азаматқа жұмыспен қамту мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаларға сәйкес түсініктеме берілді. Қызылорда облыстық тұты­нушылардың құқықтарын қор­ғау департаментінің мәжіліс залында тұтынушылардың құқы­ғын қорғау бойынша кеңес болды. Тұрғындармен кездесуге Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Нұркен Жұматов қатысты. Тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша кездесу кезінде көпшілікті толғандырған сұрақ­тар бойынша, нақты жауап алынды. Кездесуге 30-ға жуық адам қатысып, қызу талқылау жүргізілді. Айта кету керек, кездесу барысында облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамының төрағасы Серік Теңізбаев аталған мәселеге қатысты тұрғындардың сауалына жауап берді. №278 орта мектепте білім саласы бойынша бағдар­лама­ларды насихаттайтын  лекция ұйымдастырылды. Оған Білім және ғылым минис­тр­лігінің өкілдері, облыстық бі­лім басқармасы басшысы және аймақтағы білім ошақ­тарының жетекшілері қатыс­ты. Кәсіпкерлікті қолдау орталы­ғындағы  кездесуге Өңірлік даму департаментінің маманы Да­нияр Сыдықов қатысып, кәсіпкер­лердің сауалдарына жауап берді. Кездесуге Қызылорда өңірінің 70-тен аса кәсіпкері келді. Ә.Тәжібаев атындағы облыс­тық әмбебап кітапханада облыс әкімінің орынбасары Рус­лан Рүстемов пен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы мүшелерінің қатысуымен жиын өтті. Жиын барысында Тәуелсіздік сыйы акциясы өткізіліп, облыстық кітапханаға кітаптар табыс етілді. Сондай-ақ, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы делегаттарының қаты­суымен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Сонымен бірге Дос­тық үйінде этномәдени бір­лестіктер мүшелерімен, қала тұрғындарымен кездесіп, қоғам­дық қабылдау жасалды. Сыр өңіріне келген «Тәуел­сіз Қазақстан» пойызы акция барысында Астана, Ал­маты қалаларындағы ғылыми орталықтардың білікті дәрі­герлері облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында жұмыс жасады. Ангиохирург, гастроэнтеролог, гематолог, кардиолог, невролог, онколог, травматолог, офтальмолог, пульма­нолог, ревматолог, уролог, хи­рург, эндокринолог маман-дәрі­герлері таңнан кешке дейін 162 науқасқа кеңес берді. Акция барасында 15 науқасқа Астана, Ал­маты қалаларындағы ғылыми орталықтарға жолдама берілді. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы республикалық акциясының іс-шаралары Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде гала-концертпен қоры­тындыланды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА