Биыл халқымыздың рухани үш бәйтерегінің бірі, кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толды. Осыған орай облыста біршама шаралар ұйымдастырылды. Кемел тұлғаның Тобыл бойындағы кесенесі қайта салынып, айналасының инфрақұрылымы, музейі жөнделетін болды. Бар қазақтың бас ұстазына арналған шарадан мешіт те тыс қалмады. Қостанай қалалық мешіті Ыбырайдың мемориалдық музейімен бірігіп, ағартушы рухына арнап ас беріп, құран бағыштады.
– Қазақ даласында ислам мен халқымыздың дәстүр-салты жарасымды өріліп, бірін-бірі толықтыра дамып отырды. Ас беру, онда аруақтарға құран бағыштау сол ғұрыптардың бірі. Біз де сол ізбен қазақтың рухани шыңының бірі Ыбырай Алтынсарин бабамызға ас беруді жөн көрдік. Осы шараға демеушілік еткен қарындасымыз «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін» деген ұлағатты сөзді ұғынып өскендіктен атын айтпауды өтінді, – деді мешіт имамы Шоқан қажы Әмірханов.
Асқа жиналған Қостанай қаласындағы зиялы қауым өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары Алтынсарин туралы айтылған тағылымды әңгімелердің де куәсі болды. Дін – халқымыздың рухани құндылықтарының бірі. «Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар, оқылық!» деп балаларды білімге шақырған ағартушы «Мұсылманшылық тұтқасы» оқулығын да жазған болатын. Бірақ қасиетті Тәуелсіздігіміз келгенге дейін кемеңгердің діни көзқарастары жасырын ұсталды, тіпті, ол туралы алып-қашпа әңгімелер де оқтын-оқтын гулеп кететін. Аста елімізге танымал ақын-жазушылар, ғалымдар өздерінің ойларын ортаға салды.
– Ресей империясы қазақ жерін толық бағындырғанша ислам дінінің таралуына еркіндік беріп, қамқоршысы болғансыды. Ыбырай сол кезеңде өмір сүрді, дінінен безген жоқ. Атамыз бос мақтанды жек көрген, ол ұлтына, бар халыққа жанашыр, пайдалы адам болуды көксейді. Мұны талай шығармаларынан көруге болады, – деді Ыбырай туралы бірнеше кітаптың авторы Серікбай Оспанов.
Ал ыбырайтану ғылымына үлес қосып келе жатқан Қалқаман Жақып ұстаздың барлығы 89 хатында 36 рет «құдай», 20 рет «дін» сөздерін қолданғанын айтты. Ы.Алтынсарин өмірінің соңғы тоғыз жылында «Алла» сөзін 26 рет пайдаланыпты. Оның 14 өлеңінің бесеуінде 29 мәрте діни тақырыптағы сөздер айтылады.
Басқосуда мектеп оқушылары Ыбырай бабасына арнаған өздерінің жүрекжарды жырларын оқыды. Ал ағартушының мемориалдық музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен сахналық қойылым көрсетілді. Онда жас Ыбырайдың қазақ даласында мектеп ашуы бейнеленеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ