Алматыда жалау көтеретін Дүниежүзілік қысқы Универсиадада біз үміт күтер спортшылар қатарында конькимен жүгіруден екі бірдей қысқы Олимпиадаға қатысқан саңлақ, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Екатерина Айдова да бар. Біз жақында ғана Жапонияда өткен Әлем кубогы сыны екінші кезеңінде сүйікті қашықтығы – 500 метрге жүгіруден қола медаль алған спортшымен жолығып, әңгімелескен едік.
– Екатерина, биылғы маусымға деген дайындық қалай өтті?
– Маусымның басында біз Майоркаға барып, сонда өткен жаттығу жиынына қатыстық. Мұнда көбіне велосипед теуіп, аяқтың бұлшық еттерін шынықтырдық. Құрама команданың одан арғы жиыны Германиядағы әйгілі Инцелльде өтті. Өкінішке қарай, бұл жаттығуларға қатыса алмадым. Оған себеп – маусым айында мен омыртқааралық дискінің жарығына ота жасаттым. Сауықтыру кезеңі сәтті өткен сияқты. Жапониядағы Әлем кубогының кезеңінде жақсы спорттық бабымда болдым.
– Наганода өткен Әлем кубогының кезекті кезеңінде көрсеткен нәтижеңізге көңіліңіз тола ма?
– Мен үшін бұл нәтиже күрделі отадан кейін әлемдік аренада жасаған алғашқы қадамым болды. Қола жүлде алғаным – менің дұрыс жолда келе жатқанымды көрсетті деп ойлаймын. Мың метрлік қашықтықта «А» тобындағы мықтылармен сынға түсіп, 1 минут 17,08 секунд уақытпен мәре сызығын 15-ші болып қидым. Ал өзімнің оң жамбасыма келетін 500 метрлік қашықтықты 39,48 секундта жүгіріп өттім. Бұл нәтижеге «В» тобында қол жеткізді демесеңіз, мен үшін ол тәп-тәуір көрсеткіш екенін айтқым келеді. Жалпы, менің аталған топта жүргенім уақытша ғана құбылыс деп ойлаймын. Өмірде бәрі де болады, жарақаттан қашып құтылған спортшыны көрген емеспін.
– Биылғы маусымда қандай жарыстарға қатысу жоспарыңызда бар?
– Алдымыздағы желтоқсан айының 2-4 күндері аралығында Астанада Әлем кубогының үшінші кезеңі өтеді. Мен үшін жерлестерімнің алдында өнер көрсету қашанда аса жауапты сын. Жерге қаратпаспын деп ойлаймын.
Келер жылдың басты жарысы – Алматыда өтетін 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиада екені белгілі. Өз жерімізде жалау көтеретін бұл дүбірлі додада ел сенімін ақтау – менің ғана емес, жарыс жолына шығатын әрбір қазақстандық спортшының алдында тұрған зор міндет. Ал аты аңызға айналған «Медеу» мұз айдынында өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе және жүгі ауыр жауапкершілік. Универсиадада жүлдені уыстан шығармаспын деп ойлаймын.
Сондай-ақ, келесі жылы Жапонияда қысқы Азия ойындары өтеді. Бұл жарысқа да жақсы дайындықпен барып, ел намысын лайықты қорғау ойда бар. Одан әрі 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындары тұр. Негізі, менің биылғы маусымнан басталған даярлық кезеңім төрт жылдықтың басты деген жарыстарын тұтастай қамтиды.
– Жалпы, Қазақстанда өзіңізге лайықты бәсекелестіктің жоқтығы сіздің халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуіңізге кедергі келтіріп жүрген жоқ па?
– Егер сіз спорттық тартысты меңзеп отырсаңыз, мен үшін бір ғана тегеурінді қарсылас, мықты бәсекелес бар. Ол – секунд өлшеуіш!
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ