07 Желтоқсан, 2016

Үйретері бар үлгілі бастама

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мұғалім болып қызмет ету – бізге жүктелген үлкен міндет. Ата-анасынан кейін ұл мен қызды жақсы азамат етіп шығару ұстаз парызы. Өйткені, әр шәкірт өзінің әке-шешесінен кейін мұғалімін мақтан етеді. Оның қызметіне ризалығын білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде ұстаздық қызметтің абыройлы екенін түсіну қиын емес. Мен де мұғалім болуды мектепте жүргенде ойладым. Себебі, ол кезде әрбір пән мұғаліміне деген біздің ілтипатымыз бөлек еді. Көш жерден көргенде күтіп тұрып сәлем беретінбіз. Осы шағын мақаламды жазуға «Егемен Қазақстан» газетінде әр аптаның сәрсенбісінде беріліп келе жатқан, ұстаздарға арналған «Тәлім» арнайы бетін оқығаннан кейін бекін­дім. Жарияланған мақалалар мені де ой­лан­дырды. Әсіресе, ұстаз мәртебесін көтеру тура­лы толғамдар біздің Ө.Жаңабаев атындағы орта мектеп ұжымының да көңілінен шықты. Басты айтпағым, мен де география пәнінен біраз жылдан бері оқушыларға сабақ беріп келе жатырмын. Ауылда тұрсақ та балаларды оқытуға барлық жағдайлар жасалған. Осыны тиімді пайдалану үшін өз пәніме әр күні жан-жақты дайындаламын. Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» деген еңбегін газеттен оқыдық. Сол шығарманың «Ел мен ер және жер» атты бөліміндегі «Жерден өткен байлық жоқ: жер болса – ел болады, ел болса – ер болады», деген аталы сөз ойға қалдырды. Шынында, әр күнгі тақырыпты алдымызда отырған ұл мен қызға білдіре отырып, сол ел мен жерді таныту жағына да баса назар аудару керектігін түсіндім. Менің пәнімнің өзі сол ел мен жер туралы. Айналамыздағы табиғаттың әсем көрінісін, оны қорғау, бар байлығын пайдалана білу, экологиясын таза сақтау жайын оқушының санасына сіңіріп отыруды парыз санаймын. Елі мен жерін, тарихын, қасиетті тәуелсіздігін жете білген оқушының ой-санасы биік болады. Осы жерде ұлттық тәрбиені ұлттық педагогикамен ұштастырып отырудың да жөні бөлек деп білемін. Мен бұл арада ойларымды жалпылама айтып отырмын. Болашақта әр тақырыпқа тоқталу ниетім бар. Сол арқылы әріптестеріммен пікір алмассам деймін. Бізге осындай мүмкіндік жасап отырған басы­лымға ризашылығым шексіз. Әсіресе, ұстаз турал­ы ұлы тұлғалардың айтқан тағылымды сөз­дері де тәжірибелі мұғалімдердің пікірлері де кө­ңіл­ден шығуда. Біз оны оқып қана қоймай, тәжі­рибе бөлісіп отырсақ, нұр үстіне нұр болады. Жаңалық ЫДЫРЫСОВА, Ө.Жаңабаев атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Алматы облысы, Райымбек ауданы