...ескерткіш ашылды
Кеншілер шаһары – Шахтинскіде бұдан былай қарай данышпан ойшыл Абай мүсіні орталық алаңда еңселеніп тұратын болды. Ол Шахтерлер күнінде ашылды. Онымен іргелес Абай қаласында да ұлы ақынның жаңадан әсемделген ескерткіші соның алдында бой көтерген еді.
Аймақта халықтың айтулы тұлғаларын есте тұту қастерлі парыз саналады. Таяу арада Қарағандыда Қаз дауысты Қазыбек би мен Қаныш Сәтбаев ескерткіштері орнатылғалы тұр.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
...бастауыш мектеп оқушыларды қабылдады
Қызылқоға ауданындағы шағын ауылдың бірі – Жамансор. Атырау – Ақтөбе бағытындағы темір жол бойынан орын тепкен бұл ауылда 87 отбасы тұрғанмен, олардың балалары білім алатын мектеп жоқ болатын. Сол себептен ауыл балалары Мақат ауданының Доссор кентіндегі мектептерге қатынап оқитын еді. Енді бұл ауыл балалары сол қиындықтан құтылып, елді мекенде ашылған бастауыш мектепте оқуға мүмкіндік алды.
– Облыс әкімінің қолдауымен 60 орындық бастауыш мектеп құрылысына 37 миллион теңге бөлінген еді, – деді аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев Жамансор ауылында пайдалануға берілген білім ордасының ашылу салтанатында.
Шағын болса да жаңа бастауыш мектептің ашылуымен 22 оқушы партаға отырды. Бұлардан өзге мектепалды дайындық тобына 28 бала, ал шағын орталыққа 12 балдырған қабылданды. Мектепте 7 мұғалім жұмыс жасай бастады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
...сот ғимаратына айналды
Тайынша аудандық сотының әбден тозығы жеткен бұрынғы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, іші-сырты адам танымастай өзгеріп шыға келді. Судьялар жайлы бөлмелерге орналасты. Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне облыстық соттың төрағасы Н.Әбдіқанов пен аудан әкімі А.Маковский қатысып, судьялардың қуанышына ортақтасты. Нұрғазы Әбенұлы биыл Шал ақын, Уәлиханов, Мамлют аудандарындағы сот мекемелері қалпына келтіріліп, облыс орталығындағы әділет үйі жаңартылғанын, мұндай шаралар алда да жалғаса беретінін жеткізді.
Н.Әбдіқанов Келлеров кентінде орналасқан №2 сотында болып, арыз-шағым айта келген адамдарды қабылдады.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.