22 Қыркүйек, 2011

Ашуы жоқ кісі

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Адамдар кейде болмайтын нәрсеге қиқылдасып, кешегі сыйлас ағайындар бір-бірінің жағасынан алуға дейін барып жатады. Кейін ақыл тоқтатып, ашуын сабыр жеңгеннен кейін: “Өй, болмашыға бола ағайыннан айырылып қала жаздаппын ғой”, деп өкінетіні бар. Тағы да қайталарын сезбейді. Онысын ақтап алатын мәтелі де дап-дайын. “Бір атым насыбайға бола да көңіл қалады”, деп қояды. Адамдардың бәрі осындай шығар деп ойлайсың ғой. Өзің де соның ішіндесің. Бая-шая бо­лып жатқаның. Жоқ, олай емес екен. Сабырынан еш төгілмейтін адамдар да бар болып шықты. Ғалымжан деген журналист до­сым бар. Тонның ішкі бауындай араласып жүргеннен кейін әке-шешесінің алдын талай көрдік. Әкесі Орекең, Ордабек Зия­бек­ұлымен талай мәрте дастар­қан­дас болдық. Жымиып қана оты­ратын кісі. Қашан барсаң да осы қалпынан танбайды. Балала­ры­на, құдай қосқан қосағы Рахия шешемізге өтірік болса да бір кейігенін көрмеппіз. Кейінірек, журналистік әуестік жеңе бас­тады. Осы кісіде ашу дегеннен мысқалдай болса да бар ма екен деп. Байқай алмадық. Сұрас­тыр­дық. Білетіндерден. “Олар: «Бұл кісі ежелден осылай ғой, ашу­лануды білмейді”, дейді. Ондай болса жасық біреу шығар-ау деп ой түюіңіз мүмкін. Ондай да емес. Жақсы-ақ қызметтердің құ­лағын ұстаған. Тіс дәрігерінен үлкен кеңшардың бас зоотехнигі болып өскен. Екеуінің де оқуын тәмамдаған ғой. Мақтааралда, Манкентте, Сүт­кентте жұмыс жасаған. Зейнеткерлікке шыққан соң Темір­ланға көшіп келген. Аудан орта­лығының жоғары жағынан жай алған. Іргесін сұлу Арыс өзені көктей өтетін Ордабасы ауданы суға бай жер. Орекеңнің жерінің төменгі етегінен Орыс арық, қыр беткейінен Найман арық өтеді. Су – тіршілік. Орекең ақса­қал ба­ла­ларымен, немерелерімен бірлесіп бау егіп тастаған. Көктем, жаз барсаңыз бұрқы­ра­ған алма иісі иран бағындай есі­ң­ізді ала­ды. Сәлем салғандай иіліп тұр­ған келіншекталдың сая­сы алты қанат ақ ордадай. Оре­кең, міне, осы жерге тапшан орнатып, ор­да­лы қауымымен ты­ныстап оты­рады. Жылқы ұс­тайды. Қымыз ішеді. Ірі қара, ұсақ мал ба­р­шы­лық. Түйетауық, үйрек деген­де­ріңіз бұл үйге таңсық емес. Ғалымжан дос айтады. «Әкей білдей бір кеңшардың бас зоотехнигі бола жүріп, кейбіреулердей мемлекеттің меншігіне қол салған емес. “Балаларыма арам ас жегізбеймін” дейтін. Онысы дұрыс та шығар, бірақ бас зоо­технигінің келіншегі керзі етігі сатала-сатала болып шаруа­шы­лықтың бұзаушысы болғанын кім көрген. Бізді оқытқан – тау­ық. Анам мыңға дейін тауық, түйетауық өсірген. Отбасында 8 бала болдық. Бәрімізді соның жұмыртқасымен оқытты». Сөйтіп: “Балаларыма арамнан ас жегізбеймін” дейтін Оре­кең көштен қалмапты. Тұқы­мы­ның өзі бір ауыл. Немерелері шұрқырап ата-әже деп жатады. Шөбере де көрді. Немересінің алды Асқар Бейжіңде дәрігер мамандығына оқып жатыр. Бірге барған құрдастарынан жеке-да­ра түскен. Оқытушылары мық­­ты маман болады деп мақтайды екен. Орекеңмен уақытты кең салып әңгімелескенім бар еді. – Мәңгілік ешкім жоқ, – деген. – Қысқа ғана ғұмырда кісі­нің көңілін қалдырып, ғайбат сөйлегенді жақтыра бермеймін. Алла тағалла адамға өмір берді. Қызығын көрсін деп ұр­пағын көбейтті. Шуағына бөле­­­­ніп жүр­генге не жетсін. Адамға басқа не керек. ...Өтірік айтпайтын, біреудің хақысын жемейтін, елге ой­лай­тыны жақсылық, бұл өмірге адам болып келіп, адамдығына сызат түсірмей өткен Орекеңнің де бұл дүниеден өткеніне бір жыл болды. Темірланға барған сайын осы ашуы жоқ, алды кең, жайсаң ағаны көңіл іздейді. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.