20 Қаңтар, 2010

"БЕС АРЫС" ЖШС. "БЕС ҚАСҚА" – БІР КЕҢШАР

1712 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Алып жылыжай, тәтті құлпынай... Мұрат, Нұрғали, Нұрмахан, Жомарт, Әлібек. Бір отбасының тай-құлындай тебісіп өскен сай­дың тасындай бес азаматы. Са­ры­ағаш өңірінде ауылшаруашы­лық өнімдерін өсіру мен өңдеуде бұл саладан да мол табыс болады екен-ау деп жұртшылықтың көкі­ре­гіне үміттің үлкен отын жаққан аза­маттарыңыз осы. “Бес Қас­қаңыз” да, “Бес Арысыңыз” да осы жігіттер. Диқандар есігінің алдындағы 5-10 сотық жерлерге жылыжай салып, одан түскен табысына мал­данып жүргенде 1 гектар жер­ге жылыжай қосып, қыс орта­сын­да тонналаған қызанақ, қияр­ды алды Шымкент, соңы Астана мен Алматының тұрғындарына жіберіп, дәрумендермен қарық қылған да осылар. Бұл жігіттер Өзбекстанда өскен. Өзбек мектебінде оқыған. Ала топылы ағайынға жақын­ды­ғы осымен бітеді, әкесі де, ше­шесі де таза қазақтар. Барлығы да жоғары білімді азаматтар заман ыңғайы нарыққа ауыса бастағанда дипломдарын уақытша сандыққа салып, биз­нес­тің жалына жармасыпты. На­рық теңізінде бұлар мінген сал­дауырды толқындардың қақпа­қыл­дап ойнағаны бүгінде артта қалды. Әуелдегі сауда біздің барлық кәсіпкерлер өткен жол — “ал да сат”. Ташкенттен өтімді дүниені Қа­зақстанға әкеліп сатады, Алма­тыға ет тасымалдап, ол жақтан алған техникалық құралдарды Сарыағаш өңірінде пұлдайды. Біраз қаражат құрап алғаннан кейін Ташкент маңынан жер алып, диқаншылықпен айна­лы­са­ды. Шағын кәсіпорындар құ­рады. Ол өнімдерді анасы атақты Алай базарында өзі тұрып сатады. Көзтүрткі қылып, кеудеден итер­ген ешкім жоқ. Бірақ әкесі кесік айтыпты. “Ал, балаларым, бұл жердің дәм-тұзын таттық, өсіп-өндік, ешкімнен кем болған жоқ­пыз, үлкен рахмет. Халқымызда “ер туған жеріне” деген қанатты сөз бар. Отанымызға қайтайық. Ол жерде де сендерге бұйырған несібе бар шығар”. Бұл отбасыда әке айтқаны заң. Өмірінің сана­лы ғұмырын ұстаздықпен өткіз­ген әке жөнсіз сөз қозғап, жүйе­сіз ой айтпайды. Ташкентпен іргелес Сары­ағаш­тың өз туған жеріндей бо­лып қалғаны қашан. Бизнес­тері­нің едәуір бөлігін сатып Таш­кент­те өздері салған екі зәулім үйді шаңырақтың кішісі Әлі­бекке аманаттап Сарыағашқа келген. Обалы қане, қолдарында қар­жы­сы бар, ауылшаруашылық өнім­дерін өсірсек деп келген жі­гіт­терді аудан әкімдігі де, облыс әкімдігі де құшақ жайып қарсы алды. Бизнес-жоспарларымен та­нысқаннан кейін жер бөлді. Іскер жігіттер 1 гектар жерге жылыжай салды. Анау-мынау шығындарды қосқанда 120 мың доллар жұм­сал­ған. Өткен қыс 70 мың дол­лар­дың қызанақ, қияры сатыл­ған. Алла қаласа, биыл шығын толық өтеледі деп отыр. Жылыжайға италиялық там­шы­латып суару қондырғысын ор­натқан. Компьютермен басқары­ла­ды. 15 минөтте 2 тонна су бой­ын­дағы тыңайтқыштарымен жылыжайдағы өнімдерге барады. Пешті шебер жігіттер өздері салды. Әрқайсысына радиатор есеп­ті 300 метр құбыр кеткен. Астынан от жағылғанда ыстық суды жылыжайға айдап, қайта қа­былдап алатын қазандықты жылытып тұрады. Температураны ұстау үшін бұл да табылған тәсіл. Біз барған қарсаңда қызанақ, қияр көшеттері кішкене құты­лар­да өсіріліп жатты. Ролинг деген израиль тұқымы 20 мың түп. Каролина деген тұқымға өзге бір кә­сіпкер 10 мың данаға тапсырыс беріпті. Бірер күнде жылы­жай­дағы дайындалған орынға егіледі. Жігіттер 2 гектар жерге көктемде құлпынай отырғызған. Сегіз мың долларға жуық шығын кеткені­мен өте бітік өсті. Орайын тапсаң істің оязы келе берер екен. Құлпынай Шым­кентке таңсық емес. Өзбек­стан­нан-ақ базарды толтырып тастайды. Ал, Алматыда килосы 400-450 теңге тартар екен. Ұзақ жолда құлпынай жаңа үзіп алын­ған сәтіндей болу үшін не амал жасау керек. Кәдімгі банан таси­тын жәшіктердің ішінен кленка қаптап, құлпынай толтырғаннан кейін, езіліп қалмауы үшін үсті майыспайтындай картонмен жабылады да мұз толтырылған құтылар байланады.Тоңазытқыш десеңіз жарасар. Құлпынайды бір апта жолда ұстасаңыз да сөлін, үзіп алынғанындай қалпын жой­майды екен. Бізге жол бастап жүрген Жо­март енді құлпынайды Астанаға жөнелтпек ниетте. Онда килосы 600-700 теңгеге тартады. Сонда осы өнімнен-ақ күреп пайдаға шы­ғуға болады, әрі көлемін ұлғайту көзделуде. Мал бордақылау және шұжық цехы “Бес Арыстың” осындай өнегелі істерін көргеннен кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов олардың ет комбинаты жанында шаруалардың облыстық кеңесін өткізген. Бес Арыстың үлкені Мұрат колбаса және ет өнімдеріне артық шығын жұмсалмас үшін мал бордақылау шаруалығын қосу ниетін аңдатты. Облыс басшысы Асқар Мыр­зах­метовтің шағын және орта биз­несті көтеріңдер, шаруалар мен диқандарға демеу көрсе­тің­дер деп аудан, қала әкімдерін үнемі табаға май шыжғырғандай қуырып алатыны бар. Жақсы тілеу ғой. Орта шаруа гүлденсе өңірдің ырысы молаяды, азық-түлік қауіп­сіздігі қамтамасыз етіледі. Сырттағы елдің қаңсығы таңсық болмайды. – Мал бордақылау ниеттеріңіз жақсы екен. Ал, жем-шөпті қайдан аласыздар? – деп сұрайды әкім. – Асеке, суармалы азын-аулақ жер болса деген базынамызды сізге айта алмай тұрмыз. – Бұл жігіттер елге өнеге бола­тын ірі істер атқарып жатыр екен. Бізде жерді алуын алғанымен он жылдап пайдалана алмай жүргендер бар, солардың арасынан қағысты­рып көрейік, – дейді Қазығұрт ауда­нының сол кездегі әкімі Нұр­жан Әжіметов. Осылайша суармалы 120 гектар жер қолдарына тиеді. Ша­руаларына тап-тұйнақтай жігіт­тер жүгері егіп тастайды. Ат шап­ты­рым жерді қоршап мал қора салады. “Мал алсаңдар асыл тұқым­ды­сын, тез салмақ қосатын еттісін алың­дар” деген облыс әкімінің пі­кі­рімен жер шалады. Павлодар об­лы­сынан 500 бас өгіз әкеліп, жемге байлайды. – Аға-ау, Павлодарда бір кірбің көңілде қалды. Мал иесі орыс ағайындар екен, ал, малшылары – қазақтар. Онысына түк арлан­бай­ды, сол жанымызды жабырқатты, – дейді Жомарт. Өзге елде өскен, ол жақта сұлтан болғанша өз елінде ұлтан болуға бар намысқой жігіттің мұнысы да сүйсінтті. Арғы атамыз мал баққан екен деп шопан ата тая­ғына мұралық ету түк те мақ­таныш емес. Бордақыдағы 500 өгізді көрдік. Зоотехник Нұрмахан бұл өгіздердің әкелінгендегі орташа салмағы 300-350 кило еді, қазір 435 килоға дейін тартады, алды 500-550 кило бол­ған­да кесел келіп, аусылмен ауырып әупірімдеп жазып алдық, – дейді. Аулада жеті алып контейнер бар. Іші толған жүгері. Шамамен 400 тоннадай жиналған. Іргесінде жем тартатын цех бар. Қысқасы, “Бес Арыс” ЖШС бордақыға қа­жет жем-шөптің мәсе­ле­сін түбегейлі шешкен. Бергі бетте қасапхана іске қосылып жатыр. Іргесінде колбаса цехы. Ағайынды жігіттер мұ­ның атын “Қарқын-2030” деп атапты. Қар­қындары шынында да қатты. Ұлты неміс тех­но­лог жиырма шақты кол­баса түрімен таныс­тыр­ды. Шикізат жа­нын­да. Жігіттер мұнымен де тынбапты. Шағын қал­та­дан қоқыс таситын қап­шыққа дейін дайын­дай алатын қондырғы да тиынға тиын құрап тұр. “Осының бәрін өз қаржымызға жасадық, –дейді ағайынды жігіттер. – Енді жеңіл несие алу қарекетіндеміз. “Оңтүс­тік” ӘКК-ге өтінішімізді бердік, қазір құжаттары дайын­да­лып жатыр. Ағаларға ризамыз дейді. Облыс басшысынан бастап бәрі қамқор. Сарыағаш ауданының бұрынғы әкімі Ұласбек Сәдібеков те, жаңа әкі­мі Мақсат Мырзабаев та, Қа­зы­ғұрт ауда­нының бұрынғы және қазіргі әкімі Нұржан Әжіметов пен Тұманбай Әлиев те ісімізге демеу болып келді. Осы өңірден сайлан­ған Парламент Мәжілісінің депу­та­ты Сәуірбай Есжанов мырзаға да алғыс айтамыз. Ал, Сарыағаш ауда­ны әкімінің орынбасары Бұқарбай Парманов ағамыз білмегенімізді үйретіп, жаңа идеялармен байытып отырады дейді. Елге келіп, ағаларының аялы алақанының табын сезініп, бой­ла­ры­на қуат құйылып, жұмыстарын одан әрі ширата түскен бес арыс-бес қасқаға біз де сүйсіндік. Талап­тары таудай жігіттер келер жылы түйетауық өсіретін фабрика салмақ ниетте. Жетсін ниеттеріне. Елбасының шаруаларға айтып жүргенінің, толассыз көмекті бергі­зіп жатқанының астары ауылдың экономикасы көтерілсін деген жақ­сы тілек қой. Ал, ауыл дегеніңіз — қа­зақ. Қазақтың дәулеті көтерілсе мем­лекеттің іргесі мықты, қадамы нық. – Мына жігіттердің жасап жат­қан тірліктерін көріп жаның жа­дырайды, – дейді сапарлас болған досым Нығымет. – Бір өздері баяғы бір кеңшардың жұмысын ар­қалап жүр. Көбіміз тәуекелдің қай­ы­ғына міне алмай жүрміз. Мұны жазсаңыз талай азаматтар үлгі алып, жұмысын бастап кетер еді. ...Сол үшін қалам ұстап жүрміз ғой, бауырым... Бақтияр ТАЙЖАН,Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы.