Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен елорданың 2011-2012 жылғы қысқы жылу беру маусымына дайындық мәселесін пысықтаған жиналыс болып өтті. Онда қала әкімінің орынбасары – 2011-2012 жылғы жылу беру маусымына дайындық жөніндегі қалалық штабтың төрағасы Василий Крылов, қаланың Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдері Сапар Ахметов, Сәбила Мұстафина және Қайрат Жаңабергенов есеп берді.
2011 жылғы 20 қыркүйектегі жағдай бойынша, қаладағы барлық тұрғын үй қоры, яғни 1903 тұрғын үй түгелдей жылу маусымына дайын. Сонымен бірге, биыл алғаш рет қаладағы 115 білім беру нысаны, 26 денсаулық сақтау және 12 мәдениет мекемелері жылу маусымына 100 пайыз дайындықпен келіп отыр. Астананы жылумен қамтамасыз ететін басты кешен – «Астана-Энергия» АҚ жылу беру маусымына 96 пайыз дайын. Өткен жылғы жылу маусымы аяқталғаннан бергі уақытта қаланың коммуналдық жүйелерін, жылу беру орталықтары мен желілерін алдағы маусымға дайындау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылған. №1 ЖЭО-ның №1, 2 стансалардың бу қазандықтарына және №4, 6 стансалардың су ысытатын қазандықтарына кең көлемде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, №7 стансаның су ысытатын қазандығы күрделі жөндеуден өткізілген. №2 ЖЭО-ның №2 стансасының турбо-генераторына жөндеу жасалса, №3 стансаның бу қазандары агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізілуде.
«Астана-Теплотранзит» АҚ ағымдағы жылы жылу энергиясын жіберудің қуатын 3 656,2 мың Гкал-дан 3 692,1 мың Гкал-ға дейін арттырған. Яғни, қалаға биыл былтырғыға қарағанда, 35,9 мың Гкал жылу артық беріледі деген сөз. Кәсіпорын жылу желілері жүйесін 27,97 шақырымға ұлғайтты. Жылумен қамтамасыз ететін 10 сорғы стансасы алдағы маусымға дайын. Кәсіпорын биылғы жылы 1489 метр магистралдық жылу жүйесін, 2997 метр тарату желілерін жөндеуден өткізіп, 2 334 шаршы метр жылу магистралдарына жылу қорғағыштар орнатты.
«Астана-РЭК» АҚ электр қуатын тарататын қосалқы стансаларды, тарату желілерін, кабель жүйелерін толық жөндеуден өткізді. «Астана Су Арнасы» МКК қарамағында 817 шақырым су құбырлары желісі, үшінші дәрежелі көтеру қуаты бар 9 сорғы стансасы, 87 көп қабатты тұрғын үйлерге қысыммен су жіберетін стансаларды 100 пайыз алдағы маусымға дайындық сапына қойған. «Астана қаласын сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жетілдіру жөніндегі» жапондық жобаны іске асыру шеңберінде бірқатар жаңа нысандар іске қосылды. Атап айтқанда, алдағы жылу маусымында тәулігіне 210 мың текше метр су өндіретін тұтқыш және қуаты тәулігіне 105 мың текше метр су айдайтын сорғыш-сүзгі станса іске қосылды. Астана су қоймасынан су тарататын магистралдың екінші желісі қайта құрудан өткізілді. Диаметрі 1000 мм. болатын 51 шақырым су тарату құбырлары орнатылды.
«АстанаГазҚызмет» ЖШС қаладағы сұйытылған газ сақтайтын 1400 жерасты резервуарлары бар 360 ірі газ қоймалары қондырғыларына қызмет көрсетеді. Ол қаладағы 1039 көп қабатты үйлерді газбен қамтамасыз етеді. 2011 жылы алдағы қысқы маусымға дайындық аясында осы газ жүйелерінің бәріне де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаланың барлық жылу беру орталықтары қатты және сұйық отынмен қамтамасыз етілген.
Елімізде қабылданған «2011-2020 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы» шеңберінде биылғы жылы Астана қаласында 12 көп қабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары басталған. Оның ішінде жалпы құны 310 миллион теңге болатын 9 көп қабатты үйге ағымдағы жөндеу және жалпы құны 120 миллион теңге болатын 3 көп қабатты үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жиналыста қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйлеп, өткен жылғы жылу беру маусымы аяқталысымен қалада осындай ірі жиналыс өтіп, алдағы жылу беру маусымы қарсаңында атқарылатын жұмыстардың ауқымы анықталып, нақты жоспар жасалғандығын атап көрсетті. Бұл жоспар толық жүзеге асырылды деп бүгін сеніммен айтуға негіз бар. Әкім атап көрсеткендей, №1 және №2 жылу орталықтарының қаланы жылумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетпейді. Осының салдарынан қала қыс айында 111 мың Гкал. жылу қуатын осы орталықтардан кем алады. Оның орны су ысытатын бу қазандарының есебімен толықтырылады. Биыл қайта құрудан өткен мұндай бу қазандары 150 мың Гкал. қосымша жылу энергиясын беретін болады. Яғни, биылғы жылы қаланы жылумен қамтамасыз ету барысында ешқандай тапшылық болмауға тиіс. Осы мәселелерді айта келіп, Иманғали Тасмағамбетов өткен мерзімде атқарылған ауқымды жұмыстың және коммуналдық жүйелерге салынған миллиондаған инвестициялардың нәтижесінде алдағы жылу беру маусымын ешқандай проблемасыз және коммуналдық тарифтерді көтермей өткізуге толық мүмкіндік жасалғандығын атап көрсетіп, оны орындау жөнінде қысқы жылу беру маусымына жауапты кәсіпорын басшыларының уәдесін алды.
Жеңіс даңғылында биылғы жаз маусымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін қала жұртшылығы анық біледі. Осыған байланысты әкім бұл даңғылда бұған дейін тек қана жамап-жасқау жұмыстары жүргізілгендігін, ал биыл бұл даңғыл бойындағы барлық инженерлік коммуникациялар түгелдей дерлік жаңартылғандығын атап көрсетті. Осы бір ғана даңғылдағы әбден тозығы жеткен коммуналдық жүйелерді ауыстыруға қала қоржынынан 7 миллиард теңге қаржы жұмсалыпты. Сол сияқты Ә.Молдағұлова және А.Иманов көшелерінде де осындай инженерлік инфрақұрылымдарды толықтай қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге, биыл Самал шағын ауданындағы көп қабатты элиталық үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу жұмысы аяқталған. Қала әкімі атап көрсеткендей, елорданың барлық жылу тарату жүйелері алдағы жылу беру маусымына толық дайындық сапына қойылған.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.