22 Қыркүйек, 2011

Дін діңгегі – адами құндылықтар

391 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың төрағалығымен өткен палатаның кешегі кезекті пленарлық отырысының күн тәртібіне соңғы кезде қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп жүрген діни қызмет мәселесіне қатысты заң жобалары шығарылды. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» (бірінші оқылым) заң жо­ба­ларын депутаттарға Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шәріп баяндап берді. Ол заң­дық құжатта мемле­кет­тің діннен және діни бірлестіктерден бөлін­ге­ні жөніндегі конс­титуциялық норма айқын жазыл­ғандығын жет­кізді. Алайда, дін мен діни бір­лестіктер беделі ар­тып, қоғам­дық өмірдің әртүрлі тұстарына ық­палының өсуі тиісті шара­лар­ды қабылдауға итермелеген. Сонымен, заң жобасының ал­ғы­сөзінде Қазақстан халқы мә­де­ниетінің дамуы мен рухани өмі­ріндегі исламның ханафи бағыты мен православиенің тарихи рөлі танылып, басқа да діндерге құр­мет атап көрсетілген. Агенттік төрағасының айтуынша, діни бірлестіктерді құру, мемлекеттік тіркеу, қайта құру және тарату тәр­тіп­тері жүйеге келтірілген. Мәсе­лен, жергілікті діни бірлестіктер құрушылар саны 50 адамнан кем болмауға тиіс, аймақтық діни бірлестікті – 500-ден кем емес адам, ал республикалық діни бірлестікті 5000-нан кем емес Қазақстан азаматы құра алады. Бұған қоса, жергілікті діни бірлестік бір об­лыс аумағында, өңірлік діни бірлестік екі облыстан кем емес аумақта, ал республикалық діни бірлестік барлық аймақтарда тиісті филиалдары мен өкілдіктерін құра отырып, еліміздің барлық аумағында ұйымдастырылады. Осы ретте заң жобасының 14-бабына сәйкес діни бір­лес­тік­тің атауына да ерекше мән беріліп отырғандығын айта кету керек.  Агенттік төраға­сы­ның пайы­мынша, діни бір­лес­тіктің атауы ұстанатын діни сенім тиесілігі мен мәртебесін қам­туы тиіс. Алайда еліміз бен шетел­дер­дің мемлекеттік рәміздерін толықтай немесе маңызды бір бөлігінде қайталамағаны шарт. Ме­шіт атауларына қатысты сө­зін­де Қ.Лама Шәріп қалталы аза­мат­тардың өмірден өткен туыс­та­ры мен ата-аналарының құр­ме­тіне атау үрдісінің байқалып отыр­ғандығын жеткізді. «Біз мұн­дай іс-әрекетті дұрыс санамаймыз. Бұ­дан арылуымыз керек. Мұсыл­ман­дар санасында мешітті Ал­ла­ның үйі ретінде қалыптастыруға ықпал ету қажет. Мешіттердің атауы­на Алланың 99 көркем есі­мінің бірін берсе, нұр үстіне нұр болар еді», деді агенттік төрағасы. Қ.Лама Шәріп енді шетелдік миссионерлердің Дін істері жө­нін­дегі агент­тіктің аумақтық департаменттерінде жыл сайын қай­та тіркеуден өтуге міндетті екендігін ерекше атап кетті. Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған жаққа егер оның миссионерлік қызметі конс­титуциялық құрылысқа, қоғам­дық тәртіпке, адам құқықтары мен бостанды­ғына, халықтың ден­саулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, дінтану сараптамасының теріс қоры­тын­ды­сы негізінде тіркеуден өткізу­ден бас тартылатын болады. Тіркеуден өтпеген миссионерге еліміз аумағында қыз­мет жасауға тый­ым салынады. Адам құқық­та­рын қорғау мақса­тын­да діни ұйымдардың қайы­рым­дылық жұ­мыс­тары азамат­тар­ды мате­риал­дық тұрғыдан ын­таландыру арқылы белгілі бір діни ілімдерді ұстануға мәжбүр етпеуге тиіс. Сондай-ақ заң жобасында от­ба­сын бұзуға бейім және соған мәжбүрлейтін, міндетті білім алу­ға бөгет жасайтын, азамат­тар­дың имандылығы мен ден­сау­лығына зиян келтіретін діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салу көзделген. Діни бірлестіктер мүшелері мен ұстанушыларды өз­деріне тиесілі мүлкінен діни бір­лестіктің, оның жетекшісі мен басқа да мүшелерінің пайдасына бас тартуына мәжбүрлеуге тый­ым салу ұсынылады. Діни әде­биеттерді әкелуге, басып шы­ға­ру­ға және таратуға, діни ғұрып­тар мен рәсімдерді өткізуге қа­тысты ережелер де айқын реттеліпті. Заң жобасының 7-бабы көп­ші­лік назарын өзіне ерекше аударғандығын айта кету керек. Әсіресе, оның  3-тармағында Құ­дайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және жиналыстар, сондай-ақ миссионерлік қызметті мемлекеттік органдардың, ұйым­дар­дың, қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылым­дардың, сот және құқық қорғау органдарының, жеке тұлға­лар­дың өмірі мен денсаулығын қор­ғау­мен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты басқа да қызметтердің, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының ғима­рат­тары мен оларға бөлінген аумақ­та өткізуге жол берілмейді деп жазылған.  Аталған нормаға Мә­жі­ліс депутаты Бекболат Тілеухан өз қарсылығын білдіргенімен, ол әріптестері тарапынан қол­дау таппады. Сөйтіп, мемлекеттік мекемелерде мінәжат бөл­мелерінің, яғни намазханалардың жабылуы қажеттігі, бірақ жұмыс орнынан тыс жерлерде діни жоралар мен рәсімдерді өткізуге еш­қандай тыйымның жасал­май­тыны заң жобасында нақтыланып отыр. Осылайша талқыдан өткен діни қызмет және діни бірлестіктерге қатысты заң жобасы депутаттар қолдауына ие болды. Ал оған  ілеспе діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бой­ынша кей­бір заңнамалық актілерге өз­герістер мен толықтырулар ен­гізуді қарастыратын заңдық құжат бірінші оқылымда қара­лып, күн тәртібіне қайта енгізіліп барып екінші оқылымда ма­құлданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.