Еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жаңа имиджге ие ойыншы «Астана» жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ қосылғанына да көп бола қойған жоқ. Нарықтың екі қатысушысының бірігуі нәтижесінде құрылған «Астана» жинақтаушы зейнетақы қоры үстіміздегі жылдың тамыз айында ғана іске кірісті.
Осыған қарамастан, «Еуразиялық жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ пен «Аманат-Қазақстан ЖЗҚ» АҚ бірігуі нәтижесінде пайда болған «Астана» ЖЗҚ» АҚ алғашқы айдың өзінде табыстылығы жағынан еліміздегі зейнетақы қорларының алдына шыққан. Бұл туралы және өзге де елдегі зейнетақы жүйесіндегі жаңалықтар туралы жуырда өткен баспасөз мәслихатында кеңінен сөз болды.
Осы арада елімізде біріккен зейнетақы қорлары әлсіз қорларды «жұтып» қойғанын айта кету қажет. Бәсекелестік ортада бұл қалыпты жағдай. Уақыт жинақтаушы зейнетақы қорларын өз екшеуінен өткізіп жатқанына салымшылар да куә болуда. Бүгінде зейнетақы қорларының бірігуі тосын оқиға емес, салымшылар үшін олардың қызметінің ашықтығы мен сенімділігі көкейкесті болып отыр.
Дегенмен, бірден-ақ көшбасшылық қағиданы ұстанған жаңа зейнетақы қоры жұмысын инвестициялық табыстылықпен бастап отырғаны бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) өкілдері тарапынан үлкен қызығушылық туғызуда. Демек, бұл келешекте салымшылардың мүддесін оятады.
Қысқасы, тамыз айында «Астана» қорындағы салымшылардың зейнетақы жинақтарының инвестициялық кірісі (К2-12) 7,52 пайызды құрады. Ал нарықтағы орташа көрсеткіш – 5,05 пайыз.
Нарықтағы екі қатысушысының бірігуі бірден-ақ «Астана» қорының салымшыларының санын еліміздегі зейнетақы жүйесіндегі төртінші орынға шығарған. Қазақстан Бақылау Комитеті мәліметтері де аталмыш қор нарықтың ірі қатысушысы деңгейіне көтерілгенін айғақтайды. Яғни, 01.08.2011 жылдың жағдайы бойынша Қордың активтері 128 миллиардтан астам теңгені, салымшылар саны 547 мың адамды құраған.
Сондай-ақ қордың беделін көтеріп, көшбасшылық рөлге ие болу үшін акционерлер түпкілікті өзгерістерге барып отырғанын айта кеткен жөн. Ребредингті жүзеге асыру нәтижесінде құрылған «Астана» атауы да жаңа қорға үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Елорданың атын иемденген Қор салымшылардың сенімінен шыға ала ма? Мұны келешек көрсетеді десек те, бүгін еңбек етіп, ертең оның зейнетін көруге үміттеніп отырған салымшылар елдегі жинақтаушы зейнетақы қорларының барлық әрекетінен хабардар болып, ақиқатқа құрылған ақпарлар алып отыруға құқылары бар.
Баспасөз мәслихаты кезінде «Астана» Қоры Директорлар кеңесінің төрайымы, «Орталық Азия Отын-Энергетикалық Компаниясы» АҚ президенті Гүлнара Артамбаева:
– «Астана» Қорының стратегиясын анықтаудағы басты фактор бірігу идеясы болған. Себебі екі қордың салымшылары біздің клиенттеріміздің санын құрайды. Бизнестің операциялық құрамдасындағы екі команда, екі тарихи жеке бағыт біріккендіктен, біздің міндетіміз жаңа Қорға сол екі құрылымның оңды тәжірибесін, оларға тән ең жақсы қасиеттерді енгізіп, салымшылар мүддесі үшін оларды көбейту болды. Қарқынды дамудың нәтижесінде бүгінде «әлем картасы» деңгейіне жетіп, қазақстандықтардың ортақ мақтанышына айналған, еліміздің жетістік философиясының айқын көрінісі болып табылатын елордамыз Астананы Қордың символы ретінде алдық, – деді.
Г.Артамбаеваның айтуынша, біріктірілген Қордың ребредингі компанияның сыртқы бейнесі мен атауын өзгертумен шектелмейді. Қорда қазіргі заманғы тиімді технологиялық шешімдер енгізілуде. Олар салымшыларға қызмет көрсетудің сапасын арттырып, сенімді әріптестік қарым-қатынас құруға мүмкіндік бермек.
Журналистердің жаңа қорға қатысты сауалдарына түсініктемелер берген «Астана» ЖЗҚ Басқарма төрағасы Андрей Карягин:
– Тамыз айында инвестициялық табыстылық жүйесіндегі ең жоғары көрсеткіш – 7,5 пайыз деңгейіне көтерілу Қордың бастапқыда таңдалған және жан-жақты ойластырылған сапалы инвестициялық стратегиясының логикалық нәтижесі болып табылады, – деді.
А.Карягин жаңа Қор аса маңызды мәселелерге назар аудара отырып, инвестициялық портфельдің мөлдірлігі мен басқару нәтижелерінің барынша тұрақты болуын қамтамасыз етуде жүйелі тәсілдердің барлығын қолданатындықтарын атады.
Сол сияқты сенімді стратегиялық серіктестік те бұл жерде үлкен рөл атқармақ. Осы тұрғыдан алғанда, «Астана» ЖЗҚ» АҚ «Сбербанк» ЕБ» АҚ-пен бірегей стратегиялық серіктестік туралы мәмілеге келген. Бұл келісім аясында Қор салымшылары талабы жоғары клиенттеріне түрлі мүмкіндік туғызып беретін бірлескен өнімдерге қол жеткізбек.
Атап айтқанда, жылдық 10 пайызбен және 10 пайыздық ең төменгі салым барысында 10 жылға берілетін ипотека «Ондыққа тигіз!» бірегей ұсыныстар пакетінің бір бөлшегі болып табылады. Демек, Қор салымшысы «Сбербанк» ЕБ» АҚ клиентінің картасын да қосымша иелене алады.
– Біз үшін бірегей серіктестік жолымен әрекет етудің мәні зор. Өзімізбен көптеген жылдар бойы іскерлік қарым-қатынас жасап жүрген қордың акционері және біздің серіктесіміз «Орталық Азия Отын-Энергетикалық Компаниясы» АҚ-ты ерекше атап өткім келеді. Шынайы әріптестікке негізделген жоспарлар үнемі стратегиялық тұрғыда тоқтаусыз ұлғайып тұруымен сипатталады. Осы тұрғыдан алғанда, біздің серіктесіміздің жоғары беделі, корпоративтік мәдениетінің ұқсастығы «Сбербанк» ЕБ» АҚ-тың бүкіл командасы үшін өте жақсы үлгі болып отыр, – дейді «Сбербанк» ЕБ» АҚ Басқарма төрағасы Олег Смирнов.
Сонымен, еліміздегі зейнетақы жүйесінде пайда болған жаңа Қордың жоспарлары мен келешегін «Орта Азиялық Отын Энергетика Компаниясы» АҚ президенті Гүлнара Артамбаева қорытындылады.
– Біз үшін зейнетақы бизнесі – ұзақ мерзімді өсімнің ресурсы және тиімді бизнесі болып табылады, – дегенді алға тартқан Артамбаева ханым «Астана» ЖЗҚ» АҚ нарыққа ұзақ мерзімге және сенімді де салиқалы жұмыс істеуге келгенін айтады.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.