– Берік Уәлиұлы, Абай облысына әкім болған бір жыл көлемінде БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берген емессіз. Әкім ретіндегі алғашқы сұхбатыңызды «Egemen Qazaqstan» газетіне беруге келіскеніңізге рахмет. Мемлекет басшысының тағайындауымен Абай облысының әкімі қызметіне кіріскеніңізге бүгін тура бір жыл толып отыр. Бұл – сіздің өңір басшысы ретіндегі алғашқы жұмыс тәжірибеңіз. Осы уақыт көлемінде өзіңіз туып-өскен өлкеде қандай оң өзгерістер болды?
– Бір жылдың көлемінде қандай өзгерістер болғанын облыс тұрғындарынан сұраған дұрыс шығар. Атқарылған жұмыстардың бағасын ең әуелі халық береді ғой. Дегенмен бір жылда әр салада біраз жүйелі жұмыс жүргізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мені туған жерім – Абай облысына әкім етіп жібергенде алдыма бірқатар міндет қойды. Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуі тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыруға тікелей ықпал ететінін айтып, Үкіметпен бірге өңірді қарқынды дамыту жолдарын қарастырып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырды. Бұл бағытта біз ең әуелі «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста салынып, құрылысы созылып кеткен 65 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны құрылысын аяқтап, былтыр тұрғындардың игілігіне бердік.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде бой көтерген мектептердің құрылысы да кестеден кешігіп қалған екен. Мердігерлерге қатаң талап қойып, нәтижесінде, 2025 жылы облысымызда 4 заманауи мектеп ашылды. Бесқарағай ауданында 300 орындық, Аягөз ауданында 600 орындық, Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Восточный кентінде осы бағдарламамен 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Төртінші тоқсанда ашуды жоспарлап отырмыз.
Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы лайықты деңгейде аталып өтті. Тұңғыш рет 10 күндік ретінде өткен хакімнің мерейтойында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Кешенді жоспар аясында энциклопедиялық порталдың, Абайға қатысты бірқатар кітаптың тұсаукесері, ғылыми конференция, жастар арасында интеллектуалдық сайыс және Қарауылда ұлттық ойындар сынды халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара атқарылды.

– Семей облысы 1997 жылы жабылып, 2022 жылы Президенттің Жарлығымен Абай облысы болып қайта ашылды. Алайда осы аралықта өңір әлеуметтік-экономикалық даму жағынан біршама кенже қалғаны рас. 25 жылда қордаланған түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға, толық еңсеруге қанша уақыт қажет?
– Өзіңіз айтқандай, Семей облысы тарағаннан кейінгі 25 жылда әр салада мәселелердің қордаланып, ұлылар туған қастерлі өлке өзіне тиесілі еншісінен қағылып, көш соңында қалғаны жасырын емес. Бір ғана ресми дерек келтірейін. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысына сай өңірлік стандарттар жүйесі бойынша объектілермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 64,1 пайызды құрады. Ал Абай облысында бұл көрсеткіш республикада ең төмен деңгейде. Өңірдің инфрақұрылыммен қамтылуы 56,3 пайыз болып отыр. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударып: «Әсіресе жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет», деп жаңадан құрылған облыстарға нақты қолдау көрсету қажеттігін айтты. Әрине, өңірдегі ұзақ жыл бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін уақыт пен тиісті қолдау қажет. Абай облысы Президент пен Үкімет тарапынан нақты қолдауды анық сезініп отыр.
Облысымыздың ширек ғасырдан кейін қайта ашылып, тарихи әділеттіліктің салтанат құруы – тікелей Мемлекет басшысының қамқорлығы екені баршаға белгілі. Қазір өңіріміздегі өзекті мәселелер біртіндеп шешімін тауып, экономикада тұрақты өсім байқалып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Мысалы, былтырғы 9 айдың қорытындысында Абай облысының жалпы өңірлік өнімі 101,5 пайызды құрап, 2 трлн 385,8 млрд теңгеге жетті. Былтыр өңір экономикасының 12 негізгі көрсеткішінің 10-ында өсім қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы - 101,1 пайыз, өңдеу өнеркәсібі – 102,9, ішкі сауда – 103,5, тұрғын үйді пайдалануға беру – 105,8, байланыс – 106, құрылыс – 106,2, инвестициялар – 106,8, көлік саласы 125,9 пайызға орындалды. Өткен жылы мемлекеттік бюджетке Абай облысынан 648,7 млрд теңге салық түсті, бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 135,5 пайызға артық. Меншікті кірістердің өсу қарқыны бойынша облыс республикада екінші орында тұр.
– Былтыр 17 мамырда өңірдің алдағы даму жоспарын жария еттіңіз. Сол кезде Семей қаласында «Smart City» атты жаңа шағын ауданның салынатынын айттыңыз. Құрылыс басталды ма?
– Семей қаласының тарихи орталығының инфрақұрылымы әбден ескірген. Осыны ескере отырып, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салу мақсатында жаңа аудан құру туралы шешім шығардық. Қазіргі уақытта жаңа ауданның даму тұжырымдамасы әзірленіп, оның аясында қаланың бас жоспарын түзету әрі егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу жұмысы жүргізілуде. Аталған жоба Семей қаласының солтүстік бөлігінде, жалпы көлемі 1200 гектардан астам бос аумақта жүзеге асырылады. Мұнда 75 мың тұрғынға арналған заманауи тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар салынады.
Облысымызда Мемлекет басшысының қолдауымен Абайдың 180 жылдығына орай «Абайға құрмет» республикалық акциясы басталғаны белгілі. Бүгінде облыс әкімдігі акция аясындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша өңірлермен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Акцияны алғашқылардың бірі болып Маңғыстау облысы қолдап, Достық үйінің құрылысын бастады. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік рәміздер алаңын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Қарағанды облысы ботаникалық бақ, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ, Қостанай облысы руханият орталығын, Алматы қаласы медиаорталық, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені жағалауын абаттандырады. Рәміздер алаңы Бейбітшілік аралында, Жекпе-жек сарайы қаланың сол жағалауында, Заря шағын ауданында бой көтереді. Шымкент қаласы шығармашылық орталығымен қатар Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін сыйға тартпақ. Осылайша, «Абайға құрмет» акциясы аясында жаңа шағын ауданның ғана емес, облыс орталығының әр аумағы абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді. Акцияны ірі инвесторлар да қолдап отырғанын ілтипатпен айта кеткен жөн. Атап айтсақ, «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда 25 мың көрерменге арналған жаңа стадион құрылысын бастап кетті. Бұдан бөлек, жеке қоғамдық қордың есебінен 5 мың адамға арналған жаңа мешіттің іргетасы қаланды. Осы бағыт бойынша басқа да ірі инвесторлармен, іргелі компаниялармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Абай облысында инвестор тарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын байқаймыз. Бұл ретте өзіңіздің бастамаңызбен қолға алынған «Туған жерге туыңды тік» жобасының жөні бөлек. Жоба аясында бүгінге дейін қандай жұмыстар жүзеге асырылды?
– Былтыр маусым айында Семейде «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумын өткізгенде 500-ге жуық кәсіпкер жиналды. Маңызды шара аясында жалпы қаржысы 336 млрд теңгені құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Форумның алғашқы нақты нәтижесі – былтыр Cемейде Жаңа жыл қарсаңында ашылған «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақүй-мейрамхана кешені. Жобаның жалпы құны – 5,7 млрд теңге, 105 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұндай қонақүй қаламызда бұрын-соңды болған емес. Форум аясындағы келісімдерге сәйкес іске асырылып жатқан ауқымды жобалардың бірі – заманауи ет комбинаты. Қазір Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ағайынды Сайлау және Ерлан Мұқашевтер жетекшілік ететін «Eurasia Agro Semey» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба өңірдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібін дамытуға тың серпін бермек. Жобаның жалпы құны – 7,7 млрд теңге. Өндірістік кешенді биыл тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Qazaq Astyq Group» компаниясы қазіргі уақытта Семейде күнбағыс майын тазарту, құю және қаптау цехын салып жатыр. Жоба құны – 7,1 млрд теңге, 100-ден астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Өңірде инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осының нәтижесінде 2025 жылы іске асырылған жобалар саны 29-дан 101-ге дейін артты. Жыл қорытындысында жалпы құны 24,1 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар құны 605,5 млрд теңге болатын 48 жобадан тұратын өңірлік инвестициялық пул қалыптастырылды. Былтыр облысқа инвестиция тарту мақсатында 100-ден астам шетелдік инвесторлармен кездестім. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай Халық Республикасының ірі компанияларымен жалпы құны 1,5 млрд долларды құрайтын 15 меморандумға қол қойылды.
Индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында да тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Семей қаласындағы аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағын 190 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмысы қолға алынып жатыр.
– Өңірдегі құрылысы тоқтап тұрған немесе мүлде баяулап қалған нысандарға жан бітіп, оның бірқатары іске қосылғанын білеміз. Нақты қандай ғимараттар толық аяқталып, ел игілігіне берілді?
– Былтыр желтоқсан айында Семейде 500 балаға шақталған, ауысыммен 1500 оқушыға дейін қабылдай алатын Оқушылар сарайы ашылды. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен құрылысы басталған жаңа Оқушылар сарайы – Абай облысы құрылғалы бері салынып біткен тұңғыш әлеуметтік нысан. 2023 жылы басталған бұл жоба Премьер-министрдің 2024–2026 жылдарға арналған жол картасына енгізілген. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты құрылысы тоқтап қалған болатын. Былтыр Үкіметтің қолдауымен 7,6 млрд теңге қаржы бөлініп, оқушылардың игілігіне беріліп, еліміздегі 10-ыншы Оқушылар сарайы болды.
2025 жылы шекара шебіндегі Мақаншы ауданының орталығы Мақаншы ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны аштық. Жергілікті халыққа аса қажет нысан құрылысы 27 жылдан астам уақыт аяқталмай, «сақалды құрылысқа» айналған болатын. Жоба республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
– Әр өңірдің өзіне тән экономикалық, туристік және әлеуметтік ерекшеліктері, яғни имиджі болады. Сіз Абай облысының негізгі ерекшелігі мен бәсекелестік артықшылығын қалай сипаттар едіңіз? Осы ерекшелікке сай облысты қалай дамытуға болады? Туристік әлеуетін қалай арттырған дұрыс деп ойлайсыз?
– Абай облысы мен Семей қаласының негізгі имиджі – Алаш. Бұл жер – күллі қазақ даласына сәуле шашқан ұлылар мекені. Барша өркениет жаңалығы болған тұңғыштардың бастау алған жері. Қазақтың алғашқы театр қойылымының осы өңірде қойылуы, алғашқы кәсіби әнші Әміре Қашаубаевтың дүниеге келуі, алғашқы баспаның ашылуы, тұңғыш футбол клубының осында құрылуы, алғашқы телеграф, алғашқы банктің, тіпті, алғашқы цирктің де осында басталуы бәрі де – құтты мекеніміздің прогресс отаны екенінің айғағы. «Алғашқы театр қойылымы» деп айттық қой. Театр дегеннен шығады, Семей қаласында 45 жылдан бері бірде-бір жаңа мәдени ошақ салынбаған екен. 1981 жылы салынған ғимарат – Абай театры. Бүгінде мұнда үш бірдей ұжым жұмыс істеп отыр. Алдағы уақытта Семейде Президенттің тікелей қолдауымен жаңа драма театр салынады. Мемлекет басшысы мұны Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда ерекше атап өтті.

Облысымыздың тағы бір ерекшелігі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға қолайлылығы. Абай облысында кезінде қой шаруашылығы алдыңғы қатарда болды. Тарихи қалыптасқан қой шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану мақсатында Абай облысының 2026–2030 жылдарға арналған салалық бағдарламасын әзірлеп жатырмыз.
2025 жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 45,2 пайызға өсіп, 63 млрд теңгеге жетті. Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында 2026–2028 жылдар аралығында жалпы құны 77,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылады. Аталған жобалар ішкі нарықты сапалы, табиғи әрі жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Ауыл шаруашылығы – маңызды сала. Жақында әлеуметтік желідегі парақшаңызда «Облысымызда ауылды дамыту, көтеруге «Қаладан – ауылға» атты жаңа қанатқақты жоба, кешенді бағдарлама бастауды жоспарлап отырмыз» деген едіңіз...
– Бұл жобаның мақсаты – алтын бесік ауылды түлету, өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту. Бағдарлама аясында қаладан ауылға көшкісі келетін азаматтарға нақты көмек көрсетіледі. Шетелден қоныс аударғысы келетін қандастарымызды да құшақ жая қарсы аламыз. Жалпы, Үкімет тарапынан ауыл халқына бағытталған барлық бағдарламаның басын қосып және Абай облысы әкімдігі тарапынан ауылға көшіп келем деушілерге көрсетілетін қолдауларды жинақтап, «Қаладан – ауылға» атты жаңа жобаны елдің назарына ұсынғалы отырмыз. Бұл қанатқақты жоба арқылы ауылға қоныс аударушыларға бизнес жүргізуге, баспаналы болуға, мал алуға әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие беріледі.
– Ауыл туралы сөз қозғадық қой. Өзіңіздің ауылдарды жиі аралайтыныңызды жақсы білеміз. Былтыр 161 күніңізді аудандарда өткізген екенсіз. Өңірдегі ауылдардың өзекті мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Ауылдарды жиі аралайтыным рас. Аралағанда шалғайдағы елді мекендерге арнайы барамын. Ауылдарды аралағанның пайдасы – ел-жұртпен тікелей бетпе-бет сөйлесіп, мәселені өз көзіңмен көресің.
Енді сұрағыңызға келсек, облыста ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр Көкпекті ауданының Көкпекті ауылында жүзу бассейні, Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында спорттық сауықтыру орталығы, Жаңасемей ауданының Алғабас ауылында спорт кешені, Мақаншы ауданының Қарабұлақ ауылында және Үржар ауданының Жанай ауылында спорт модулі ашылды. Қазір Курчатов қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешені, Аягөзде спорт кешені, Абай ауданының Саржал, Көкбай ауылдарында, Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылында, Бесқарағай ауданының Ерназар ауылында, Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында спорттық модульдердің, Шар қаласында, Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында, Жарма ауданының Қалбатау ауылында жүзу бассейндері салынып жатыр.
– Облыстың денсаулық сақтау саласында да қордаланған мәселе аз емес. Ауруханалар жетіспейді, барының өзі ескірген. Осы түйткілдердің түйіні қашан шешілмек?
– Бұл салада мәселе көп екенін жасырмаймыз. Оны ашық айтып та жүрміз. Жыл басында, қаңтар айының соңында Семей қаласындағы облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына 10 санитарлық автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстадық. Бұл нысан қазіргі таңда санитарлық автокөліктермен толық қамтамасыз етілген. Алайда техникалардың жалпы тозу деңгейі 90 пайыздан асады. Осы мәселені шешу үшін былтыр «Абай облысы медициналық ұйымдары үшін санитарлық автокөлік сатып алу» жобасы шеңберінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, облыстық бюджет қаражаты есебінен лизингтік қаржыландыру арқылы Hyundai, JAC және «Газель» маркалы 100 санитарлық автокөліктер сатып алынды. Оның ішінде 67 автокөлік облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына, 33 автокөлік аудандағы медициналық ұйымдарға беріледі. Жаңа көліктерді биылғы қыркүйек айына дейін табыстайтын боламыз. Мұндай жаңа көліктер облысымызға 2020 жылы алынған екен. Яғни бес жарым жылдан бері осы салаға жаңа көліктер алынбаған. Өңірдің денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жалпы, 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 6 жарым млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»