23 Қыркүйек, 2011

Жәрмеңке жарап тұр

581 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Облыс орталығындағы  «Квазар» сауда үйінің ауласында қа­ла тұрғындары әр сенбі сайын ауылшаруашылық өнімдерінің  жәрмеңкесіне жиналады. Об­лыс­тағы 12 аудан жер қара, күн жылыда қала тұрғындарын әні мен сәні жарасқан, қоржыны толы  жәрмеңкеге шақыра бас­тады. Алғашқы болып, қала­лықтарға Төлеген Бәстенов бас­қаратын Павлодар ауданы келген еді. Бұған дейінгі өтетін жәр­мең­келерге облыстың барлық аудандары түгелдей қатысатын. Енді облыс әкімі Бақытжан Са­ғынтаевтың тапсырмасына орай  аудандар әр апта сайынғы жәр­меңкені кезектесіп өткізуді қол­ға алды. Бұлай кезектесіп өткізу әр ауданның қолда ба­рын, өн­дірген өнімдерінің қаншалықты бағалы, татымды екенін көрсет­се, екіншіден, аудандар арасын­дағы бәсекелес­тік артады. Әкім­дер де өз аудандары өткізе­тін жәрмеңкеге жауапкершілікпен қарай бастай­ды. Бұдан кейін  «Квазарда» қалалықтар үшін қызу сауда болмай қайтсін. Ал, өткен сенбіде  жәрмеңке көшін жал­ғастырып, баянауыл­дық­тар кел­ді. Таңғы сағат 7-нің кезі. Соның өзінде кісі деген қалың, көбі зейнеткерлер, аз қамтамасыз етілген отба­сылар жәрмеңкенің жақсы­лы­ғын көріп, бір қуанып қалды. Айнала  жұмыртқаға, құрт-май, ірімшікке, басқа да азық-тү­лікке лықа толтырып сөмке көтер­­ген жұртшылық, көңілдері жайда­ры, келесі жәрмеңкеде бас­қа не әкелер екен десіп жатыр. Кең алаңда баянауылдық өнер­паз­дар ән шырқауда. Барлық жоғыңды осы жерден-ақ тауып аласың. Мұндағы баға қала дүкендеріндегі азық-түлік өнім­деріне қарағанда, 20 пайызға дейін төмен. – Баянауылдың ауылдары об­лыс орталығына 1785 кило ет, 235 кило сары май, 165 кило қаймақ, 235 кило ірімшік, 90 кило тәтті қоспа, 125 кило құрт, 500 литр қымыз, 650 дана жұмыртқа, нан-тоқаш өнімдерін, тәттілер әкелді. Қара малдың, қойдың еттері, ауылдың сары майы, ірімшігі, қоспасы, жұмыртқасы, тағы да басқа қажетті азық-түліктер тұр­ғын­дарға арзанға түсуде, – дейді аудан әкімі Ернұр Әйткенов. Тағы бір таңқаларлығы, тасына да ағаш өсіп шығатын Баянауыл­дың шалғайдағы Қаратомар деген ауылынан ағаш егіп, жемісін көрген ауылдықтар алғаш рет 20 кило «Баянның алмасын» әкеп сатты. Қалауын тапса қар жанар деген осы. Аудан әкімі Ернұр Әйткеновтің айтуынша, баян­ауыл­дықтар енді 26 қазанда Астанада өтетін жәрмеңкеге  5 тонна ет, «Кең дала» серіктестігінің басшысы, кәсіпкер Гүлнәр Тоқпа­нова пісіретін дәмді нан-тоқаш өнімдерінен 1 тонна апарып саудаламақшы. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.