23 Қыркүйек, 2011

Януковичке қатаң талап қоймақ

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Украина президенті Виктор Янукович Ресей басшы­лығын Киевке газға байланысты жеңілдік беруге көндіре алмайтын сыңайлы. «Коммерсантъ» газетінің жазуын­ша, Мәскеу Украина президентімен арадағы келіссөзде ымыра­сыз ұстаным білдірген көрінеді. Яғни, Ресей газға байланысты келісімшартты қайта қарастырмайды және бұл жөнінде Украинамен соттасуға да бармақ. Бұған қоса, Януковичке мынадай талап ұсынылмақ: Украина Кеден одағы құрамына кіреді, сол арқылы өзі үшін ресейлік рынокты сақтайды, я болмаса оны жоғалтады.   Махачкалада екі жарылыс жасалды Бүгінде бұл жарылыс «лаңкестік әре­кет» деп танылып, сол бойынша ар­найы қылмыстық іс қозғалуда. Бұл ту­ра­лы Ресей Федерациясы Тергеу коми­тетінің сайтында жарияланған. Бейсенбіге қараған түні Дағыстан ас­та­насындағы Ішкі істер министрлігі ғима­ратының маңайында араға 15 минөт салып, 2 жарылыс жа-   сал­ған. Оның салдарынан 1 адам – аға инспектор қаза тапқан. Сондай-ақ, 60-тан астам адам түрлі дене жарақатын алған. Бірінші жарылғыш құрылғы «Лада-Приора» авто­көлігінің жанына қойылса, екіншісі ВАЗ-21043 авто­көлігіне орналастырылыпты.   Ұйымды қаржыландырмауды ұсынды Америкалық сенатор Оррин Хэтч жаңа заң жобасын ұсынды. Аталған заң жобасына сәйкес, АҚШ Палести­наның егемендігін мойындаған жағдайда БҰҰ-ны қар­жы­ландырмауы тиіс. Хэтчтің айтуынша, Палестина автономиясының беделін кез келген тұрғыда көтеру Израильдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Сенатор аталған заң жобасы бойынша амери­калық компаниялар мен ұйымдарға БҰҰ-ны қаржылан­дыруға үзілді-кесілді қарсы шығу керек екенін білдірген.   Қастандыққа қатыстылығы анықталды Ыстамбұлдағы үш чешеннің өліміне күдікті Түркия­ға Ресей азаматы Александр Гарковтың паспортымен келген кө­рі­неді. Полиция күдікті орналасқан қонақ үйдің нөмірінен оның құжат­тарын, дүр­бісін, 9 мм калибрлі тапа­н­шасын тапқан. Полицияның мәліметтеріне сәйкес, қылмыскер Түркия­ға кісілер өлімі орын алған күннің алдында ғана келсе керек. Құқық қорғау қызметкерлері Гарковтың ізіне 19 қыр­күйек күні түскен. Алайда, қонақ үйден таппаған. Сөйтсе, күдікті полиция қызметкерлері келерден бірнеше минөт бұрын ғана ізін жасырып үлгеріпті.   Сирияны инвестициялауға – тыйым Еуроодақ Сирияның мұнай-газ саласын инвестиция­лауға тыйым салып отыр. Ол үшін аталған елге қатыс­ты санкция енгізілді. 24 қыркүйектен бастап, еуропалық фирмаларға осы елдің мұнай-газ саласын инвестиция­лауға тыйым салу үдерісі өз күшіне енбек. Еуроодақтың мұндай тыйым салу әрекеті Сирияның қай компанияларын айналып өтпейтіндігі әзірге белгісіз. Еуроодақ пен АҚШ тарапынан Сирияға қатысты қолда­нылған мұндай санкция үстіміздегі жылдың мамыр айы­нан бастап енгізіле бастапты. Ал бұл халықаралық қоғам­дастыққа енді ғана толық мәлім болып отыр.   Мерген 17 адамды жарақаттады Австрия полициясы Вена қаласының 17 тұрғынын жарақаттаған «мергенді» іздестіруде. Ел астанасы – Венаның тұрғын үй орамдарында ол үйлердің ша­тыр­лары мен шатыр асты қоршаула­рынан адамдарға пневматикалық мыл­тық­тан оқ атқан. Тергеушілер куәгерлер мен зардап шеккендерден жауап алуда. Ешкімде де ауыр жарақаттар жоқ, бірақ олардың басым көпшілігіне ем-дом шаралары жүргізіліп, операция жасау қажет көрінеді. Полицейлер мұның бұзақылық әрекет пе, әлде алдын ала жоспарланған әрекет пе, ол жағын әзірге ашып айта алмай отыр.   Әлемдік мұнай бағасы төмендеді Грекиядағы дефолт қаупі мұнайдың әлемдік бағасына салқынын тигізді. Мәселен, Нью-Йорктегі тауар бир­жасында WTI (Light Sweet) мұнайының бағасы 2,26 долларға төмендеп, баррелі 85,70 долларды құраған. Лондон электронды тауар биржасында Brent мұнайы­ның ресми бағасы 3,08 долларға төмендеп, баррелі 109 доллар болған. Ал елдегі дағдарыстың ушығуы салдарынан Грекия премьер-министрі Георгиос Папандреу­дің АҚШ-қа сапары болмай қалды. Бүгінгі таңда инвесторлар Халықаралық валюта қорының және Еуроодақтың Афинаға ықтимал қосымша қаржылық көмегі туралы түпкілікті шешімін күтуде.   Пәренжі кигені үшін – айыппұл Францияда екі мұсылман қыз тыйым салынғанына қарамастан, заң бұзып, бет-жүзін бүркеп жүргендері үшін айыппұл төледі. Хинд Ахмас пен Кенза Дридерге 200 доллар көлемінде айыппұл салынған. Олар Францияда жақында қабылдан­ған, қоғам ішінде үлкен пікірталас тудырған жаңа заң бойынша жазаланған алғашқы француз азамат­шалары ретінде танылып отыр. Қыздар француз сотына өзде­рінің наразылықтарын білдіріп, шешімді жойғызу үшін алдағы уақытта барлық инстанцияларға арызданатындарын, қажет болса Страсбургтегі Адам құқықтары жөніндегі еуро­палық сотқа да жүгінетіндіктерін мәлімдеген. Интернет материалдары негізінде әзірленді.