Газетімізде хабарланғанындай, кеше Көкшетаудағы Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы және «Руханият» айының шеңберінде әрі Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ республикалық фестивалі аясында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайы болып өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Парламент депутаттары, барлық облыстардан келген қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен тіл жанашырлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Бұған дейін Алматы мен Астана қалаларында өткен жиындардан кейін өңірлер арасында бірінші болып Көкшетауда ту көтерген бесінші құрылтай қазақ мәдениетінің асыл мәйегі, табиғатымыздың алтын бесігі саналатын өңірге өзгеше рух бергені анық. Сондықтан, жер жүзіндегі қандастарымызды елеңдеткен мәслихат-мәжілістің Тәуелсіздік күрескері Абылай ханның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталуы айрықша тәлім төгіп тұрды.
Шахмет Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық драма театрына бастар жолдың қос қапталы қонақтарын қошеметтеген жұртшылыққа, ұлттық киімдегі жастарға, шашуы мол әжелерге, биші қайыңдардан айнымаған өнерпаздарға лық толды. Көшелерде тіліміз бен ділімізді дәріптеген көрнекі үгіт құралдары көз тартып, алаңдағы зәулім экраннан тарихымыз тізбектеліп, құдіретті ән-күй әуезі қалықтаған. Көкшенің берекелі күзі мерекелі думанға толып, ықылас сәлемдер мен қауышқан құшақтар жүрегіңді шымырлатады.
Осындай жоғары көңіл-күй әсеріндегі құрылтайды ашу құрметі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті, академик Әбдуәли Қайдарға берілді. Бұдан кейін, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрылтайға қатысушыларға құттықтауын оқып берген Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Тәуелсіздігіміздің ең басты құндылығы – қазақ тілі екендігін атап көрсетті. Мемлекетіміз, тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев бұл тұрғыда салиқалы саясат ұстанып, оның дамуына қажетті жағдайларды жасап отыр. Осы орайда, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» дегені көп ойларға бастайды. Тәрбие негізі отбасынан, балалар бақшасы мен мектептердегі терең тәлімнен қаланады. Қазір балалар бақшасының 87 пайызы, мектептердің 80 пайызы қазақ тілінде тәлім-дәріс береді. Елімізде іс қағаздарын жүргізудің деңгейі 2006 жылы 33 пайызды құраса, бүгінгі күні 85 пайызға жетіп отыр. Әйткенмен, көңілді тоқ санауға әсте болмайды. Елбасы алдағы он жылда бұл көрсеткіштерді 95 пайызға өсіруді міндеттеді. Арнайы бағдарламалар қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұнда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына жүктелер жауапкершілік те мол. Мен Тәуелсіздік барда қазақ тілі өркендей беретініне сенемін деді ол.
Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед құрылтайға жиналғандарды қызу құттықтай келіп, еліміздегі тіл саясатының діңгегі нықталғандығын тәуелсіздік жылдарындағы табыстармен нақтылады. Қазақ тілі халық тағдырындағы ерекше құбылыс ретінде еңселеніп келеді, деді ол. 1989 жылы мемлекеттік мәртебе алған тіліміз ел тәуелсіздігін жақындата түсті. Сол 1989-90 жылдарда мектептерде 910 мың бала таза қазақ тілінде білім алса, қазіргі дерек 1,5 миллиондық деңгейге жетті. Бұдан он жыл бұрын теледидар мен БАҚ-тағы ана тіліміздегі хабарлар мен жарияланымдар 50 пайызға жетпесе, бүгіндері ол 80 пайызға көтерілді. Іс қағаздарының айналымы 80 пайызға өсті, яғни 10 есе көбейіп отыр. Алдағы мақсат та орасан. Бірақ біз алдымызға қоғам тынысындағы барлық жағдайлар ескерілген әрі орындалатын міндеттер қоямыз. Ел халқының 95 пайызы қазақ тілін білуі керек деген президенттік бағдарламаның жүзеге асатынына алғышарттар жасалған. Қазақ тілін оқыту бағдарламасын қайта құру ісі жалғасын табуда. Жыл аяғына дейін жаңа әмбебап сөздік 150 мың данамен жарық көретін болады. «Тіл туралы» жаңа заң дайындалуда деген ол онда қазақ тілінің ұйыстырушы міндеті алға шығарылғанын, республикамыздың көп ұлтты дана халқының өзара түсіністігі мен шайқалмас құт-берекесі болашағымыздың іргесін бекемдейтінін тілге тиек етті.
Құрылтайда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы «халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы екі құрылтай аралығында: Кеше, бүгін және алдағы міндеттер» тақырыбында баяндама жасады.
Жиналған қауым құрылтай қонақтарын қабылдап отырған Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченконың «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы жер-жерде Қазақстан халқының тілдері мерекеленіп жатқан күндері өткізіліп отыр. Мұның өзі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға болып табылатындығы айқын. Жоғары деңгейдегі форумның Көкшетауда өткізілуі біздің өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарды тағы бір сын көзінен өткізіп алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Ақмола облысында мемлекеттік тілді білетін тұрғындар саны 48 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 2015 жылы 75 пайызға, ал 2020 жылы, Елбасы Жолдауында атап көрсетілгеніндей, 95 пайыздық межеге жеткізу көзделуде. Соңғы жылдары қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшалардың саны 40 пайызға көбейді. Мектептердің 63 пайызында немесе 403 мектепте оқушылардың қазақ тілінде білім алуына толық жағдай жасалды. Оның үстіне этномәдени бірлестіктердің 500-ден астам өкілі қазақ тілі курстарында оқып жүр. Мемлекет басшысының бастамасымен үштұғырлы тілді меңгеру жобасы жүзеге асырылып келеді. Жалпы, өңірлік тіл саясаты бағдарламасын орындауға өткен жылы бюджеттен 54 миллион теңге, ал биыл 60 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл алға қойылған міндеттер межесінен көрінетінімізді айқындайды» – деген қазақ тіліндегі сөзін риза көңілмен қабыл алды.
Бұдан әрі жиналған қауым Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжановтың, «Қазақ тілі» қоғамы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Шаруа Пірматтың, халықаралық қоғам президентінің кеңесшісі Кемейдулла Төлебайдың, атыраулық журналист Төлеген Берішбайдың сөздерін ынта қоя тыңдады.
Форум халықаралық қоғам президенті Өмірзақ Айтбайұлының ұсынысымен екі құрылтай аралығында дүниеден озған қоғам белсенділерінің есімдерін бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Көкшетау құрылтайы қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы бүкіл қауымға арналған Үндеу қабылдады. Онда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы халықтың түрлі әлеуметтік топтарымен, әсіресе өскелең буынмен қоян-қолтық жұмыс істеп, ана тілінің тағдыры – ел тағдыры екендігін ұғындыруды маңызды міндет санайтыны, ұлттық әлеуметтік, рухани ұмтылысын болашаққа бағыттай отырып, төл құндылықтарымызға негізделген озық тіл өркениеті іргетасын бекемдеуді мақсат тұтатыны айтылады.
Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында көрсетілген «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деген абыройлы міндетті орындауға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене атсалысып, оның іске асуына қоғамдық бақылау жасайтыны, мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, қолданысқа кеңінен ендіруге қамқорлықты жалғастыра беретіні де сөз болады.
Сонымен қатар, ұлты қазақ азаматтарды өз аты-жөндерін қазақ тілінің заңдылықтарына сай ресімдеуге және дүниеге келген сәбилердің, кәмелет жасқа толып, жеке куәлік алатын балалардың аты-жөндерін де қазақ тілінде ресімдеуге үндей отырып, қазақ елінің әрбір азаматын өз отбасында, араласатын ортасында, қызмет орнында қазақша сөйлеуге, қызметтердің қазақ тілінде көрсетілуін талап етуге, қазақ атына сай салиқалылық салтын сақтау арқылы мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің бар саласында кеңінен қолданылуына үлес қосуға шақырады.
Жиын соңына қарай делегаттар ҰҒА академигі Өмірзақ Айтбайұлын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенттігіне бірауыздан қайта сайлады. Сондай-ақ, форумда президенттің орынбасарлары да сайланды.
Құрылтай делегаттары Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған мерекелік көрмені тамашалап, оқу орындарындағы, кітапханалардағы, газет редакциялары мен облыстық теледидардағы кездесулерге қатысты. Форумға қатысушыларға арнап Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың бүгінгі ұрпақтары концерттік бағдарламалар ұсынды.
Құрылтайға қатысушылар лебізі
Махметқали САРЫБЕКОВ, Білім және ғылым вице-министрі:
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі заман талабынан туындап отыр. Бүгін республика Парламентінде талқыланып жатқан «Білім туралы» жаңа заң жобасы үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деген ойдамыз. Жалпы, 1991 жылмен салыстырғанда, қазақ тілінде дәріс беретін мектептер саны 1053-ке артып, 3821 мектепті құрады. Ондағы балалар саны 1,5 миллионнан асты. Ал, жоғары оқу орындарында ана тілімізде білім алушылар 52,9 пайызға жетті. Білім ошақтарында қазақ тілін оқытудың 5 деңгейлі сатысы енгізіліп, тәжірибеден ойдағыдай өтуде.
Білім көзі – оқулықта. Республикамызда оқулықтар шығаруға 137,7 миллион теңге қаржы бөлініп, ол мақсатты түрде игерілуде. Бұл бағытта жүзеге асырылатын шаруалар жеткілікті. Ал техникалық, кәсіптік білім оқулықтары мен көрнекі құралдары сұраныстан кемшін соғуда. Соған қарамастан, мектептердің, тілді оқыту мекемелерінің оқулықпен, сөздіктермен қамтылуы, оның мазмұндылығы, тілінің жатықтылығы көңілден шығады деп ойлаймыз. Соңғы кездері мемлекеттік деңгейдегі маңызды бағдарламалар қабылданды. Бұл құжаттар негізінде ел күткен елеулі міндеттер жүзеге асырылатын болады. Мәселен, 2012-2014 жылдарға арналған «Ғылыми қазына» бағдарламасының берері толымды екендігін атап көрсеткім келеді. Мұнда шет мемлекеттердегі қазақ диаспорасының өтініштері мен мұқтаждықтары айрықша назарда ұсталады.
Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқарма-сының төрағасы, Бас мүфти:
Жалпы, тіл мен дін мәселесін бөліп қарауға болмайды. Руханияттың өзегі – дін. Сондықтан, дін мен ділдегі тіл әдебі осынау баға жетпес құндылығымыздың аясын кеңіте түсетіні белгілі.
Мәдениеттіліктен өзек алатын шаруамыздың барлығы сыйластыққа, өзара құрметке келіп тіреледі. Мен бұл жерде ұзақ пәлсапалық баянға бармай-ақ қояйын. Тілдің тұғырын даурықпамен, митингілетумен көтере алмайтынымызға көз жетті. Тиімді әрекеттерден бір ғана мысал келтірейін. Біздің мүфтиятқа Америкадан хат келді. Бізде іс қағаздары тек қана қазақ тілінде жүргізілетіндіктен, ол айлап қаралмай жатты. Ақырында, сонау мұхиттың арғы жағындағы елден, қазақ тілінде жазылған дәл сол мағынадағы хат келіп түсті. Біз оған бар ыждағатымызбен толыққанды жауап қайтардық.
Іс қағаздарын ана тілінде жүргізудің маңыздылығы мынадан да көрінеді. Бірде кеңсемізге француздық журналистер келіп, тіршілігімізбен таныспақ болды. Әдеппен қарсы алдық. Бірақ орыс аудармашы арқылы сөйлеспек болғанына әдеппен жайымызды түсіндірдік. Ертеңіне-ақ қазақ аудармашысын алып келді. Айтпағым, қазақтың мәселесі – қазақтың өзінде. Қоғам қозғалысқа түсуі керек. Сонда нәтиже де болады.
Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
Сәйкестікті қараңыз. Осыдан тура 22 жыл бұрын, дәл бүгінгі күні, яғни 1989 жылғы 22 қыркүйекте қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Бұл ұсынысты қазір құрылтай төрінде отырған құрметті ақсақалымыз Әбдуәли Қайдар қасқайып тұрып қорғап қалғаны есімізде. Бұл рухани төңкеріс дәрежесіндегі оқиға болды. Айтпағым, басты құндылығымызды қорғап қалу мәселесі. Қазақ тілінің проблемасы қалыңдап қалған еді. Ол реанимацияның алдында тұр еді. Қазір жағдай жақсарды. Бірақ көңіл тоғаймауда.
Тіл алдындағы парыз бен қарызды безбендей алып жүрміз бе? Толық мәніндегі қанағаттанушылық жоқ екендігі даусыз. Бүгінгі құрылтайда да өткір пікірлер айтылып жатыр. Келісеміз, әрине. Кедергіні бел шешіп күресу арқылы жеңетінімізді дәлелдеу де артық. Біразымыздың ошағымызда атасы таза, әкесі іскерлік, баласы шүлдір қазақ тілінде сөйлейтіні жиі кездеседі. Елбасымыз осыған қынжылыс білдірді. «Қазақпен қазақ қазақ тілінде сөйлесіңдер» деді, басқа ұлт өкілдеріне де «Қазақ тілінің алдында қарыздарсыздар» деді. Бұдан артық қалайша жеткізіп айтуға болады?!
Жазушы ретінде кітапқа, өтімді кітапқа сұраныстың артуын қалаймыз. Кітап – қозғаушы күш, ілім-білімнің қайнары. Бүгінгі күннің шындығынан қарасаң, баспалардың нантабарлық пиғылына қарның ашады. Жасына қарамастан әдеби ортаны қалыптастыру қажет. Тіл жасайтын, сөз жасайтын қаламгерлерге қолдау жасау керек. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ тілі» құрылымы қоғамның сенімді тіреніші болатыны анық.
Алла Платонова, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенті:
Қазақстан Республикасының Конституциясында, республикамыздың «Тіл туралы» Заңында және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ұсынылған «Тілдің үштұғырлығы» мәдени жобасында мемлекеттік тіл басты назарда тұр. Өйткені, қазақстандық патриотизмді және ұлтаралық келісімді нығайтудың негізгі факторы осы мемлекеттік тіл болып табылады. Осыған орай, жерлестеріміз адалдық, адамгершілік, төзімділік, татулық, демократиялық және жалпыадамзаттық ізгілік ұстанымын басшылыққа алғысы келсе, оны мемлекеттік тілді құрметтеуден бастауы керек деп санаймын.
Мен пейілі кең қазақ халқын өз ұлтымнан кем көрмеймін. Облыстық, республикалық тіл сайыстарына қатысып, жүлделерге ие болып жүрмін. Болашақта баршамыз мемлекеттік тілде сөйлейтініміз анық. Болашақ дегеніміздің өзі осы. Бұл – өркениетті өмір талабы. Өзгерістердің, ұлы мақсаттардың ортасында, біз, жастар жүруіміз керек.
Сөзімнің соңында егеменді ел болып, еңсесін көтерген Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесін өркендетуге бір кісідей атсалысайық! Елге, жерге деген ыстық ықыласымызды ісімізбен дәлелдейік. Жүректен шыққан жылы сөз жаңаша өмірдің жарқын бастауына нұр болып құйылсын дегім келеді.
Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.