Әдебиет • 24 Мамыр, 2017

Намыс тақырыбын бейнелейтін фрагменттер

426 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Бұл осыдан үш жыл бұрын болып еді. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуы қарсаңында Бұланты мен Білеутідегі қасиетті қара ошақта өткізілген ұлттық тағзымға рухания­т сақабасы Мәди Артығалиевтің қақ­пайымен Әнес Сарай, Қажығали Мұхан­бетқалиұлы үшеуміз өкше көтер­генбіз. Жолай, ғарышкер, иә сол сәтке дейін біз үшін ол қазақтың тұңғыш ғарышкері ретінде қымбат еді, сонымен ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен көліктес болатынымыз анықталды. Екі дегдар да: «Иә, құдай бере гөр, бір дидарласа алмай жүрген азаматы­мыз еді. Тым құрығанда, сапарлас болдық деп айта жүретін болдық. Ақылды сұрақ қояйық. Өзі қазақша біле ме екен?» – десті қанаттарын қом­дап. Екі иығына екі ағамды қатар қон­дырғандай алпамса денелі, бір өзі бір орындықты тұтасымен алып, нығыздала жайғасқан ғарышкеріміз (біз үшін әлі де ғарышкер), қыран қырынмен арқалыққа шалқая беріп: «Ал ағалар, жол болсын. Сіздердің, әсіресе, Әнес аға, сіздің әңгі­меңізді бір ести алмай жүр едім. Сәтін енді салды», – деп найзағайдай жарқ ете қалғанда, иығын анау-мынауға бас­тырмайтын екі ағамның мысы басылып қалғандай болды.

Намыс тақырыбын бейнелейтін фрагменттер

Қанша дегенмен, Еділ мен Жайық жайындарын жастайынан жамсатып үйренген Әнес сақабамыз тез сергіп, бірден ғарышкердің шаужайына жармасып, аужайын байқады: «Тоқтар бауырым, кез келген қазақтың бір көрсем дейтін жігітісің. Біз саған тәнті боп ке­леміз. Турасын айтшы, сені осыншама атақ-даңққа, адам баласы аңсауға именетін ерлікке жеткізген не? Мен орыс ішінде, Ресейде, балықшы отбасында өскенмін. Олардың өзен жиегіне құрған ауды тарта алмайтын бозөкпелеріне дейін қазақты кемсітіп сөйлеп, шетке қағатынын білемін. Атпал азаматсың, алғыр-ақ шығарсың, бірақ соның барлығы империяның өктемдігін жеңуге аздық етеді. Айтшы, қандай күш сені осындай дүлей даңқтың тұғырына көтерді, қарағым», – деді.

Маған қапталдаса отырған алпамса денелі азамат екі иығын дереу қомдап жіберіп, дүр сілкініп: «Намыс!» – деп гүр ете қалғанда мен жігіттің сұлтаны мен сырттанына енді жолыққанымды біл­дім. «Намыс! – деді қайталап. – На­­мыс! Сен жалғызсың! Үнемі жал­ғыз­сың! Онның, жүздің, мыңның ішінде де жалғызсың! Ал мен – әскери сы­нақ өнеркәсібінде істейтін 40 мың адам­ның ішіндегі жалғыз қазақпын. Теміртаудағы жұмысшылардың ішін­де жүргенде де, әскери әуе учили­ще­сінде оқығанымда да өзімнің жалғыз­дығымды сезіндім. Құдайдың берген дене қабілетінің арқасында еш­кімді басындырғамын жоқ. Бірақ жал­ғыз екенімді олар үнемі есіме салып отырды. Менің мамандығым – бәсе­келестердің мамандығы. Бір авиа-отряд­тағы 20-25 ұшқыштың әрқайсысы сенің әрі әріптесің, әрі бәсекелесің. Мамандықтың талабы солай.

Ағаттық жібермей, қателеспей тұр­майсың. Техника жаңа және өте күрделі. Тіпті, инженер-конструкторлардың өзі кесте мен сызбаға қарап жөн көр­сетеді. Ал сынақ ұшағы әр саланың үз­­дік жетістігін қамтиды. Ұшақты ға­­на емес, сенің тереңдетілген физи­ка­лық, техникалық ғылымды игеруің шарт, ғарыштық радиобайланыс пен атом жүйесі өз алдына бір ғылым. Со­ның барлығын қатаң әскери тәр­тіпке үйлестіру керек. Деніңнің сау­лы­ғын қалыпты сақтау үшін күр­де­лі медициналық білім де қажет. Сол ғылымдарға сүйене отырып, әр жол­ғы ұшқаныңның есебін жасау тіпті қиямет. Сенің сол есебіңді өте жоғары деңгейдегі жүздеген мамандар, ұшақ өндірісіне қатысты 40 мың қызметкер күтіп отырады. Шешімді соған қарап жасайды, сенің біліктілігіңді соған қарап бағалайды.

Қаншама аспан қырандары сол есеп беруден сүрініп, сынақ алаңынан шеттетілді десеңші. Бұл саладағы жұмыс барысында шығын да болып тұрады. 1977 жылғы кезекті ұшақ сынағынан кейін біздің авиаотрядтың өзінде 17 жігіттен айырылдық. Аэродром бос қалды. Олар қандай қаһарман азаматтар еді десеңші! Қазірге дейін өзегім өртенеді. Маған да төрт рет: «Секір!» деген команда берілді. Бірақ, кабинаны тастамадым, кейін бәрі таңғалып жүрді. Осындай жағдайда да өзіңнің жал­ғыздығыңды сезінесің. Себебі, мүлт кетсең: «Ой, мынау қой баққан қазақтың баласы емес пе. Жоғары техника мен авиасынақ отряды мұның не теңі?!» – дейді ашықтан-ашық. Досың да, қасың да, бәсекелесің де, механик те, инженер-сынаушы да, конструктор да, генерал да солай ойлайды және солай деп айтады. Сөз саған емес, ұлтыңа тиеді. Ұлттың кінәсі қанша? Соншама бір қабілетсіз, жасық ұлт емес қой қазақ. Оны жақсы білемін. Ұлтымның сағын сындырсам, мен сындырамын ғой. Қателесіп жатқан, сынаққа шыдамай кетіп жатқан, қаза тапқан олардың өз ұлдары қаншама.

Жоқ, олар маған ондай кеңшілікпен қарамады. Сондықтан да, ұлтыма – қазағыма, ата-баба аруағына, ең соңында жалғыз шешеме сөз келтірмес үшін бар намысымды бойыма жидым. Жүріс-тұрысымды, өмірлік ұстанымымды, күнделікті қарым-қатынасымды былай қойғанда, мылқау техникамен жекпе-жек қалғанда да өзімді қайрап, намыс­пен жұмыс істедім. Сонда әрбір темір тетік маған сөйлейтіндей, сырласатындай болып көрінетін.

Иә, мына ғарышкеріміз (біз үшін әлі ғарышкер), Жаратқан Иемнің нағызды намыспен нығыздап, пейілімен жаратқан мық та кесек жаратылысы екен. Жоғарыдағы сөздерді айтып отыр­ғанда бір емес, бірнеше рет Алланы, аруақты, анасын аузына алды. Сонда, шынымен де иеміздің киесіне сенетін болғаны ма. Сырын білемін деген бір сырласы ертеректе: «Ғарышта ұлы бір сарын бар. Бейнебір: «Алла, Алла!» деп сыбырлап тұрғандай естіледі», деп айтқаны ақиқат болып шыққаны ма?

– Енді қалай ойлайсыздар, бұл үшеуінсіз тәуекелге бару мүмкін емес. Адамға қуат беретін жұмбақ рух кү­шінің бары екені рас. Адам төзе алатын мүмкіндіктен де жоғары қысымды жеңуге мүмкіндік беретін сол тәубе. Естияр бола бастағанымнан мені анам Кәмия соған тәрбиеледі. Шығарып салып тұрғанда: «Ұлым, ешқашанда Жа­ратқан Иеңе, ата-баба аруағына күдіктенбе. Сенің ата-бабаң киелі адамдар, олардың рухы сені үнемі қолдайды. Тіпті, Шайтанкөлдің де пірі бар. Соларға сиынып, тәубеңе келіп жүр», – деп аманаттап айтқан.

Дұрыс. Батыр. Сөзсіз батыр. Батыр да анасын, ата-бабасын кие тұтады екен. Рух күші деген сол, әне. Бірақ, біз күткен жауапқа бір сөз жетіспей тұр. Біз үшін Тоқтар Әубәкіров ең әуелі қазақ­тан шыққан тұңғыш ғарышкер ретінде қадірлі. Ал сол ғарышкеріміз намыс, кие, адам төзгісіз қиындықтар мен қияметтер туралы айтқанда, бізге таңсық ғарыш дүниесін, ғарыш зымыранын, ғарыш сапарын тіл ұшына ілмегені қалай?

– Егер маған: сынақшы ұшқыш пен ғарышкер екеуінің бірін таңда десе, мен ойланбастан ұшақты таңдар едім. Ал қайсысының жауапкершілігі мен азабы ауыр десе, тағы да ойланбастан сынақ ұшқышы болу ауыр деп жауап берерім анық. Өйткені, адамға түсетін атмосфералық қысым мен салмақ, жаттығудың азабы мен ғазауаты екеуінде бірдей. Ғарышқа бір-ақ рет ұшасың. Сені мықтап креслоға бекі­теді де ұшырып қоя береді. Еш нәрсе істеп әуре болмайсың. Бәрін де сен үшін автомат басқарады. Тек атмосфера қабатына шыққанға дейінгі қысымға шыдап берсең болды. Әрине, қиын. Зымыран жерден тік көтеріліп самғай жөнелгенде, кеудең езіле креслоға жабысады да, мойның алға емініп, екі көзің өз бетіңді өзің көретіндей болып шарасынан шығып кетеді. Менің қа­сымдағы шетелдік ғарышкердің сол кезде зәре-құты қалмағаны есімде. Ол бұл күйді ауыр қабылдады. Ал бұл – маған таныс күй. Қиын, алайда минуттарға ғана созылатын ондай қысым азабына шыдайсың.

Ал дыбыстан жылдам зымыран­мен қайта-қайта ұшуыңа тура келе­ді және әлгіндей күйді сағаттап басыңнан кешесің. Бір нүктеден көзіңді алмайсың, тіпті, кірпік қағуға мұршаң болмайды. Сәл абыржу кірсе ұшаққа ие бола ал­майсың, жылдамдықтың тездігі сондай, артық қыбыр етсең бітті, оның ба­ғы­ты немесе салмақтың тепе-теңдігі өз­ге­ріп кетуі мүмкін. Бұл сөзсіз апатты жағ­­­дайға душар етеді. Ал апатты жағ­дай ту­дыруға сенің ешқандай қақың жоқ. Сондықтан ұшақты жүргізуші де, инженер-механик те, конструктор да, бұйрық беретін командир де өзіңсің. Өйткені, әуеде саған ешкім көмек бере алмайды.

Демек, бар жауапкершілік өз мой­ныңа жүктеледі. Сенің әр қимы­лыңды тү­сіріп отыратын бақылау құралы бар. Жерге оралған соң соның бәрін қа­ғазға жазып, есеп беруің керек. Бұл да өте жауапты іс. Сенің сол есебіңе қарап инженер-конструкторлар, зауыт инженерлері ше­шім қабылдайды. Есеп берудің қатаң талабына жауа­п бере алмай, сынақ ұшағынан бас тарт­қандар қаншама. Қаншама термин бар, әр тетіктің жұ­мысы әр қалай, біреуі жылдамдыққа қатысты, бірі физикалық заңдылықты білуді қажет етеді, үшіншісі таза тех­никалық ұғым. Дыбыстан жылдам ұшақ үшін ұшудан да қону қиын. Өте жылдам екпінмен зымырап келе жатып, кеменің шағын айлағындағы ілгек тұрған тұсты дәп басып қону сондай бір дәлдікті қажет ететіні өз алдына, кілт тоқтағанда, екі көзің мұрныңның үстіне шығып кетеді. Қысымның жо­ғары болатыны сондай, өкпе-бауыр, ішек-қарын бір-біріне жабысып қалады, тамырларың қатты қысымнан сығылып, теріңнен қан шып-шып шығып тұрады. Киіміңді шешкенде, қан мен тер араласып, қызыл жоса болып шығасың. Талып қалатын сәтің де болады.

Сондайда кейбір оқыс жайттар болып тұрады. Ең заманалық талапқа сай, басқаруы өте күрделі, күрделі техникалық тетіктермен жабдықталған, қару-жарағы сай және ең ұшқыр түрі – МИГ ұшақтары. Мен оның МИГ-21, МИГ-23, МИГ-25, МИГ-27, МИГ-29, МИГ-31 сияқты түрлерінің сынағына бастан-аяқ қатыстым. Ал жалпы сынақтан өткізуге қатысқан ұшақ­тардың маркасы − 50. Соның ішіндегі ең күрделісі МИГ-29К ұшағы. Дыбыстан жылдам ұшақты кемеге қондыру керек-тін. Оны сынау барысы Кеңес Одағының әскери өнеркәсібіне үлкен сын болды. Қаншама аса жоғары деңгейдегі ақыл-ой иелері, денсаулығы мықты азаматтар соны игеру барысында басын қауіп-қатерге тікті десеңізші. Бірақ солар бәрін мұқият ойластырды дегенмен, ұшақтан ақау шықпай тұрмайды.

Бір жолы маған осы ұшақтың қан­ша жылдамдыққа шыдай алатынын сынау тапсырылды. Бұл әске­ри әуе машинасының 1500-1600 ша­қырым жылдамдықты алатындай техникалық мүмкіндігі болды. Стрелка тілі 1200 шақырымды көрсеткенде, ұшақ білінер-білінбес мінез көрсетті. Одан кейін дірілдеп, сықырлай бас­тады. Демек, оның бойында бір ақау болғаны. Ұшақты қондырып, қандай жылдамдықта, қай тұста нендей сыр бергенін жазып бердім. Ертеңінде жоғары есептеу құралына сүйенген комис­сия мүшелері ешқандай ақау тап­пағанын айтты. Мен өз пікірімнен қайт­қаным жоқ. Ақыры сынақ бастығы шақырып алып, менің есебімді тың­даған соң: «Әубәкіров өтірік айтпайды, іздеңдер», деді. Екі күннен кейін ақау­ды тапқандарын, оның мені қалай бай­қағаныма таң қалатындарын айтып, кешірім сұрады. Ал мен оны ұшақпен «сөйлесе» отырып байқаған болатынмын. Шын берілсең, темір де сырын айтады. Ұшақтың әр дірілін бүкіл денең­мен, ішкі интуицияңмен сезіне білуге тиістісің. Онсыз сынақшы ұшқыш бола алмайсың.

Сонымен, Тоқтар көкеміздің көз­сіз ба­тырлығына көзіміз жетті. Сон­да біздің бұл намысты, ержүрек, алғыр, оқымысты инженер, денесі пә­лен­бай атмосфералық қысымға шы­даған, денсаулығы мығым, көрік кеуделі алпауытымыздың қиналған кезі бол­маған ба? Соншама жанкешті тәуе­келдің ішінде жүріп пенде ретінде сес­кеніп, қорқыныш билеп, үрейдің бір сәт те болса бойыңды тітіркендірмеуі мүмкін емес қой.

– Сескену, сезіктену, қорқу, сақтану сезімі – ғарышкердің де, сынақшы ұшқыштың да бәріне тән. Марғаулық, қаперсіздік қатерге ұрындырады. Тек соны үрейге жеңдірмеу қажет. Үрей – ажалға бастайтын жол. Сондай-ақ, әдеттен тыс қорқудың шекарасынан асқан оқыс оқиғалар да болып тұра­ды. Әскери ұшақ болғандықтан да қару-жарақтың түр-түрін сынауға тура келеді ғой. Атом бомбасын да, сутегі бомбасын да, кәдімгі бомбаны да қанатымызға іліп, сынаған кезі­­міз болды. Бір жолы дыбыстан да жо­ғары жылдамдықпен зымырап келе жатып, әскери зымыранды нысанаға бағыттадым. Алдымда ол зуылдап бара жатуы тиіс қой. Жаб­дықтардың барлығы зымыранның атылғанын көрсетіп тұр. Бірақ әлгі снаряд жоқ. Сол кезде қатты соққыға ұшырадым. Бұрылып қарасам, ұшақтың бір қанаты көрінбейді. Сөйтсем, зы­мыранның алғашқы жылдамдығынан ұшақтың жылдамдығы басым болып, ұшақ қанаты өзін қағып өткен ғой! Жарылған зымыран артта қалды, көк жүзінде аударыла-төңкеріле ұшып мен кеттім. Жердегілер: «Секір! Секір!» – деп бұйырып жатыр. Төрт рет айтты. Қандай шешім қабылдайсың? Сен сынақшы ұшқышсың. Мынау – пәленбай миллио­н сомның ұшағы. Жердегі 40 мыңнан астам қызметкердің тағдыры саған қарап тұр! Оларды жерге қаратқаным намыс емес пе: «Ұшақты қондырамын. Апатты аэродромды дайындаңдар!» – дедім. Темір қанат серігімді еркіме бағындырып, қонуға бейімдедім. Тек жылдамдықты азайтуға болмайды, онда ұшақ шайқалақтап, қалбалақтап, ерікке бағынбайды. Әйтеуір, ата-баба аруағы, шешемнің тілеуі демеп, жылдамдықты ең соңғы сәтте ғана баяу­лата аэродромға қондым ғой. Әрине, бұл – қорқыныштың шекарасынан асқан тәуекел. Егер үрейге жеңдірсем, онда сен маған бүйтіп қадалып сұрақ қойып отырмас едің. А, солай ма?!.

Солайы солай. Тұла бойына намыс тұнған тұлға, намыстан құйылған тірі мүсін, яғни, саф намыстың өзі. Сонда намысты намыстандырған ұғымнан тыс белгісіз түйсік болмауы мүмкін емес. Және намыстың өзі пендеге тиесілі сезім. Ендеше, пенде болып жаратылған соң намыс пен пендешілік сезімнің ғұмырыңда бір рет бетпе-бет келмеуі, пенденің пендешілікке бой алдырмауы мүмкін емес.

– Қолдан батыр жасауға жаным қарсы. Әр адамның ерекшелігі өзінің ділінен, мақсатты кәсібінен, нақты адам­дық мүмкіндігінен туындауы қа­жет. Тумысыңа жат қасиетті тәніңе ексең де сіңіре алмайсың. Әр нәрсе  таб­иғи әрі ретімен бойыңа жұқса – құт, ретсіз зорлық – жұт.

Мен де осындай күрделі, намысты, деңгейлі мамандықты бірте-бірте бойы­м­а сіңірдім. Тіпті, бәрі де сонау есімді бі­ле бастаған балалық кезімдегі еріктен тыс түйсіктен басталды. Мысалы, мен жас күнімде малдың жауырыны мен омыртқасын ұшақ етіп ұшырып ойнайтынмын. Сол қу сүйек жауырын мен омыртқаны қолыңа қондырып, ұшақ етіп ұшыру кез келген ауылдың баласының ойына келе бермейтін қиял. Демек, ұшқыш боламын деп ойлаудың өзі мүмкін емес кезде менің ділімде – ұшу туралы бір құштарлықтың болғаны рас. Сол түйсік дами келе мені аспанға жетеледі.

Ал ең қиын нәрсе – үрей, содан кейін қорқыныш. «Қоянды – қамыс өлтіреді, ерді – намыс өлтіреді» дейді. Үрей, қорқыныш өмірде болмай тұр­майды. Соларды жеңген түнім – ме­нің өмірімдегі ең ұлы ерлігім деп есептеймін. Мүмкін, сен айтқан намыс пен пендешілік сезімнің бетпе-бет келген сәті сол шығар. Оны авиация оқу орнындағы 3-курста оқып жүргенде басымнан кештім. Медициналық бақылау комиссиясы жүрегімнен ақау тауып, енді ұшып-ұшпау мәселесі күмәнға айналды. СУ маркалы ұшақтардың сынағы дер шағында, пәленбай жылғы азаптың нәтижесін көретін кез, өзге ұшқыш әріптестерің де саған бойсынып қалған шақ... Бұдан шеттеп қалу – бұрынғы азапты еңбегіңді еш кетіру деген сөз. Ал не істей аласың? Ден­саулықтың аты – денсаулық. Үлкен намыстың өзі денсаулықтың алдында шарасыз.

Міне, осындай сынақ сәтінде сен айтқан пендешілік шарасыздық еріксіз меңдей бастады. Жатақхана шетіндегі орман ішінде сенделіп кеттім. Кенет... Иә, кенет!... Қолымдағы транзистор: «Бүкілодақтық радиодан КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова қазақтың халық әні «Гауһартасты» орындайды!» – деп хабарлады. Тұрған орнымда қатып қалдым. Ән басталды! Қандай асқақ ән! Жібектей есілген қандай ұлы дауыс! Және қазақтың ару қызы дүние жүзін әнімен мойындатып тұр. Концерт 25 минутқа созылды. Қазақтың халық әнін әлемдік деңгейге көтерді. Әнмен бірге қазақтың намысын әуелетті. Ендеше, қазақтың қызының сол биікке көтерген намысын мен неге жерге түсіруге тиіспін. Еркек атыма, қазақтың жігіті деген атыма сын емес пе!? Неге масқара болуым керек. Қалайда сыннан өтемін! – деп сол сәтте қатты шамыр­қандым. Сол намыспен күні-түні, жанымды аямай ауыр-ауыр жаттығулар жасап, жан-тәніме салмақ түсіре сынап, бастапқы қалпыма келген соң, комиссияға барып: «Мені тексеруден өткізіңіздер», – деп талап еттім. Еш ақау таба алмады дәрігерлер. Бәрі де жан-тән кінәратын қалай қалпына келтіргеніме таң қалды. Егер сол жолы пендешілікке жеңдірсем, Бибігүлдей қазақ қызының әлемді баураған әнін, қазақтың халық әнін естімесем, ұлтымның сол әуені түйсігімдегі тылсым күшті оятпаса, онда бүгінгі Тоқтар Әубәкіровті біл­меген болар едіңіздер. Сол арқылы қазақ халқының да еңсесі кемінде он жылға пәс тартар еді.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ