Аймақтар • 24 Мамыр, 2017

«Өмірдің өзі латын таңбаларына өтуге мүмкіндік беріп отыр»

169 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында қоғам үшін өзектілігін жоймаған мәселелер мен бірлесе атқаратын ауқымды жұмыстардың жай-жапсары ассамблеяның диалог алаңында кеңінен талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Өмірдің өзі латын таңбаларына өтуге мүмкіндік беріп отыр»

Еліміздегі жүзден астам этностың басын біріктіріп отырған ассамблея қашанда халықтың көкейінде жүрген маңызды мәселелерді талқылап, олардың оң шешілуіне сүбелі үлес қосып келген. 
Жиында қоғамда кең талқыланып жүрген қазақ алфавитін кезең-кезеңімен латын графикасына көшірутуралы өз пікірімен білім беру саласының қызметкері Шымкент оқушылар сарайының директоры Наталья Романова бөлісті. 
Ол ұлттық жаңғырудың нақты жобаларының бірі – қазақ тілінің кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшу мәселесі жуырда ғана көтерілген дүние еместігін атап өтті. 
«Өмірдің өзі бізге дамудың даңғыл жолына айналған латын таңбаларына өтуге мүмкіндік беріп отыр. Технологиялық прогресстің тілі ретінде латын әліпбиінен бастау алатын ағылшын тілі айқындалған. Сондықтан біз ғылым мен техниканың қайнар көзіне баланған латын графикасына көшуге талпынуымыз қажет. Латын таңбалары біріншіден, байырғы қазақ сөздері мен ұғымдарын дәл беруге септігін тигізсе, екіншіден, шетелдік азаматтардың қазақ тілін білуге деген құлшынысын арттыра түспек», – деді Наталья Романова. 
Мұнан соң, еліміздің солтүстік өңіріне қоныс аударған 25 отбасыны бастап барып, оңтүстікқазақстандық 70 адамның Қызылжар аймағына орнығуына үлес қосқан белсенді азамат Бауыржан Үсеновке сөз берілді. 
Өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударғанын айтқан «Жаңа Ел» ЖШС директорының орынбасары Бауыржан Үсенов солтүстікте қолында дипломы бар кез келген маманға жұмысқа орналасуға мүмкіндік жеткілікті екенін айтты. 
«Оңтүстіктен жиналған 25 отбасы бірлесе көшіп, Шоқан Уәлиханов ауданының Қондыбай ауылына жайғастық. Үкімет тарапынан белгіленген жәрдемақыға қол жеткіздік. Ең бастысы, барлығымыз баспанамен қамтылдық. Барлығымыз бір серіктестікке бірігіп, 7 мың гектар жерді игерудеміз. Бұл үшін бізге лайықты қолдау жасаған Мемлекет басшысына айтар алғысымыз шексіз», – деді Бауыржан Үсенов. 
Бүгінде еңбекке қабілетті азаматтардың барлығы жұмыспен қамтылғанын айтқан ол, былтыр барғандармен бірлесе 2 наубайхана мен тойхана, дүкен ашқанын және мал бордақылау алаңдарын соғуды қолға алғанын жеткізді. 
Талай толымды дүниелер баяндалған сессия жұмысында Ауғанстан Республикасының азаматы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Ясир Рашидтеқазақ тілінде өз ойын жеткізді. 
Әлемнің 32 елінен келіп білім алып жатқан Қазақстандағы беделді де сапалы білім беретін оқу орнында оқып жатқанын қуананышпен жеткізген 2 курс студенті Ясир Рашид Ауғанстан жастарына осындай көмек берген Қазақстанға, оның халқына үлкен алғысын жеткізді. 
«Тағы бір мақтанатыным, қазақ тілін 2 айдың ішінде толықтай меңгеріп алдым. Кез келген қазақпен қазақша сөйлесе алатын дәрежеге жеттім. Қазақ тілін білудің пайдасын көрмесем, зияны тиіп жатқан жоқ. Бұл осы мемлекетте жүргізіліп отырған саясаттың арқасы. Менің өмірінің жастық шағы от пен оқтың арасында өтті. Мен сияқты мыңдаған ауғанстандық жастар, Қазақстандағы бейбіт заманға қызыға қарайды. Барлық кезде де бейбітшілік пен бірліктің, татулықтың қадірін білейік», – деді студент.