Аймақтар • 24 Мамыр, 2017

Талдықорғанда республикалық жас ақындар айтысы өтті

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Талдықорған қаласында «Рухани жаңғыруға жастық жігермен» атты республикалық ақындар айтысы болып өтті.

Талдықорғанда республикалық жас ақындар айтысы өтті

Алматы облысының əкімшілігі, оның ішінде облыстық жастар саясаты мәселелері  басқармасының  қолдауымен жəне «Жəдігер жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен сөз додасына еліміздің түкпір-түкпірінен алдыңғы толқын ағалардың ізіне еріп келе жатқан кілкөкмойнақ жас жүйріктер қатынасты.

Атап айтар болсақ, Оралдан Мұрадым Мирланов, Атырау қаласынан Өнербек Дəулекенов, Батыс Қазақстан облысы атынан Талғат Мықи, Қарағандыдан Нұрмұхаммед Байсүгіров, Жамбыл облысынан Əсет Дүйсебаев, Қызылорда облысы атынан Бек Шымат, Ақмола облысынан Таңжарық Ержан, Арқалық қаласынан Тоба Өтепбаев, Алматы облысынан  Жалғас Садық, бас шаһар Астанадан ең жас ақын Диас Төлепберген барып жер жәннаты – Жетісудың  дəстүрін дәріптеп, салтын сыйлайтын өнер сүйер, өлең сүйер қауымына кестелі жыр, сүбелі сөз сайысын сыйлады.

«Қаншама жылдар бойы қалам ұстаған ерді, қараша елді ойландырған руханияттың маңайындағы мəселелер ерекше ықыласпен Елбасының тарапынан айтылғаны рухымызды көкке көтеріп, арман-мақсатымызды Алатаудың шыңына шығарғандай қылды. Бүгінгі айтысқа парасатты патшамыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты маңызды мақаласы арқау болмақ» деп сөз бастады айтыс тізгінін ұстаған жүргізуші, «Жəдігер жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, ақын Мейіржан Әлібеков.

Айтысты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып, рухани жаңғыруға еселі үлес қосар жастар жігерін жанитын жалынды сөз сөйледі.

Жас ақындардың сөз додасына Айтақын Бұлғақов, Балғынбек Имашев, Серікзат Дүйсенғазы, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов сынды айтыстың баяғы жүйріктері қазылық жасады.

Нәтижеде Бас жүлдені Мұрадым Мирланов (500000 теңге) еншілесе, бірінші орынды Талғат Мықи (350000), екінші орынды Əсет Дүйсебаев пен Жалғас Садыр (200000 тг) иеленді. Ал, Диас Төлепберген, Тоба Өтепбаев және Бек Шыматқа үшінші орын (125000 тг) бұйырды.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»