Вице-премьер алдымен «Шағалы-Агро» ЖШС-нің егіс алқабына келіп, көктемгі науқан барысымен танысты. Серіктестік биыл 22 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарын орналастырмақ. Оның біраз бөлігін рапс, зығыр секілді майлы дақылдар құрайды. Танап басында аграршылармен өткен жиында дала жұмыстарын жоғары ұйымшылдықпен жүргізу жайттары сөз болды.
Бұдан әрі А. Мырзахметов «Молпродукт» кәсіпорнына аялдады. Зауыт сүт өнімдерінің 35 түрін шығарады. Цехтар қайта жаңғыртылып, заманауи қондырғылармен жабдықталған. Петропавл ауыр машина жасау зауытын газ-мұнай саласына мамандандырылған. Осында отандық ауыл шаруашылық машина құрау өндірісін дамытуға арналған кеңес өтіп, келелі мәселелер талқыланды. Соңғы үш жылда өңір агроқұрылымдары 63,9 млрд теңгенің 3689 техника бірлігін сатып алған, олардың қатарында қазақстандық өнімдер мол. Вице-премьер АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бір міндеті ауылшаруашылық саласын озық техникалармен және құрал-жабдықтармен толықтыру екенін атап көрсетті. Оны дамытудың жол картасы әзірленген. Отандық өндірушіге қарай бейімделу өз кезегінде алынатын техника көлемін 50-70 пайызға ұлғайтып, жаңғыру ырғағын 1,5-2 есе арттыратын болады.
Облыстық әкімдікте Қостанай және Ақмола облыстары өкілдерінің қатысуымен өткен отырыс көктемгі дала жұмыстарын жоғары қарқынмен ұйымдастыру мәселелеріне арналды. Министрліктер мен әкімдіктер арасында жасалған меморандумдар шеңберінде майлы және жемдік, жармалық, мал азығы дақылдарын, қант қызылшасы егістігін 900 мың гектарға дейін ұлғайту қарастырылған.
Жиында агрофирма басшылары өздерін толғантқан сұрақтарды Асқар Исабекұлына жолдады.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі айтылған ұсыныс-тілектердің барынша ескерілетініне, толғақты мәселелердің шешілетініне сендірді.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»