Футбол • 24 Мамыр, 2017

«Тараздың» капитаны жеті матчқа шеттетілді

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан футбол федерациясы тәртіптік қадағалау комитетінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ұйымның ресми сайты.

«Тараздың» капитаны жеті матчқа шеттетілді

Жиында премьер-лиганың сегізінші туры мен бірінші лиганың алтыншы турының эпизодтары қарастырылды. Клубтар жалпы көлемі 1 миллион 150 мың теңге айыппұл төлейтін болды.

Матчтың ресми өкілдеріне қарасты айтылған балағат сөздері үшін «Ертіс» футбол клубының бас жаттықтырушысы Димитар Димитров пен оның ассисенті Петар Колевтың әрқайсысына 300мың теңге айыппұл тағайындалды.

Бір ойын барысында бес және одан көп ойыншысы сары қағаз алып үлгерген «Атырау» және «Оқжетпес» командалары 150 мың теңге айыппұл төлемек.

«Тобыл» клубының қорғаушысы Сергей Малый «Оқжетпеспен» қашықтықтан кездесудегі тәртібі үшін екі мачттан аластатылды. Сол ойында қызыл қағаз алған Антон Куксин бір ойынды жіберіп алмақ.

Ең ұзақ мерзімді дисквалификациялауға «Тараз» футбол клубының қорғаушысы әрі капитаны Нұртас Құрғулин ұшырады. Ол «Қайратпен» арадағы ойында ресми өкіл тарапына айтқан балағат сөзі үшін жеті бірдей матчтан аластатылмақ.

Бірінші лигада бір ойында бес және одан да көп ойыншысы ескерту қағазын алған «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы 150 мың теңге айыппұл арқалады. Дөрекі ойыны үшін «Қыран» қорғаушысы Еркебұлан Амангелді екі матчтан, «Шахтер-Болаттық» қорғаушы Бауыржан Наурызбаев үш кездесуден аластатылды.

Айсәуле СЪЕЗБЕК