«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде негізгі баяндама жасаған Әдiлет министрi Марат Бекетаев аталған құжаттар аясында 8 Конституциялық заңға өзгеріс енгізу көзделетіндігін жеткізді.
«Атап айтқанда, Олар – «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы», «Республикалық референдум туралы», «Үкiмет туралы», «Президент туралы», «Конституциялық кеңес туралы», «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы», «Сот жүйесi мен судьялардың мәртебесi туралы» заң жобалары», – дедi М.Бекетаев.
Министрдiң баяндауынша, «Президент туралы» Конституциялық заңда Президенттің өкілеттіктері конституциялық түзетулерге сәйкес келтіріледі. Сондай-ақ, Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсыныс негізінде Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау құзыреті де осы құжаттар аясында іске асырылатын болады.
Сонымен қатар, Парламент депутаттары Конституцияда бекітілген тәртіппен Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы өтініш жасаған жағдайда, Президент оны қызметінен босатады. Сол себептен де, «Президент туралы» Конституциялық заңнан Президенттің мынадай заң шығару функциялары алынып тасталады: заңдық күші бар Жарлықтарды шығару, заң жобасын шұғыл деп жариялау, Үкiметке заң жобасын Мәжiлiске енгiзудi тапсыру және Үкімет актілерінің күшін жою. «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Елбасы» ретіндегі атауы мен мәртебесіне қатысты түзетулер енгізілетіндігін де айта кетейік. Ал «Сайлау туралы» Конституциялық заңда сайлаушылар мен сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түзетулер енгізіледі.
«Оған қоса, президенттікке кандидатқа қойылатын қосымша талаптарды да жетілдіре түсу көзделеді. Олар: мемлекеттік қызметте немесе сайланатын мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы, міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растау сынды жаңашылдықтар бар. Әрине, ол үшiн кандидат медициналық куәландырудан өтуi тиiс», – дедi М.Бекетаев.
Ал отырыстың бірінші оқылымында мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының мақсаты Конституциялық заңдарда регламенттелетін нормаларды қоспағанда, заңнамалық актілерді Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес келтіру болып табылады. Сондықтан, аталған құжат арқылы 7 кодекс пен 46 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
«Нақтылай түсетін болсақ, заңдардың нормаларын Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкес келтіру үшін кодекстер мен заңдардың бірқатар нормасы «Елбасы» мәртебесін көрсету бөлігінде түзетіліп отыр. Сондай-ақ, Конституцияның 39-бабының 2-тармағына сәйкес келтіру мақсатында «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», т.б. заңдардың нормаларында «ұлтаралық» деген сөз «және конфессияаралық» деген сөздермен толықтырылады», – деді баяндамашы.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет туралы» заң жобасына түзетулер дипломатиялық қызмет органдарының қызметін жетілдіруге бағытталады. Осы орайда, соңғы 10 жыл ішінде еліміздің дипломатиялық қарым-қатынасы халықаралық аренада екі есеге өскендігін де айта кетейік. Бүгінгі күні 64 шет елде Қазақстанның 92 мекемесі, соның ішінде 57 елшілік, 4 тұрақты өкіл, 3 дипломатиялық миссия, 11 Бас консул және 17 консул қызмет етеді.
Осы күні депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат Ұлт жоспарының өңірлік электржелілік компанияларды ірілендіруді көздейтін 51-қадамына сәйкес әзірленген. Осындай ірілендіру процесі тұтынушыларды энергиямен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруы және электр энергиясын тарату шығынын төмендетуі тиіс.
Заң жобасын қарастыру барысында депутаттар тарапынан 250-ден астам түзетулер талқыланған. Ұсынылған түзетулер электр энергетикасы саласының тұрақты және мүлтіксіз қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Жалпы отырыс соңында кейбір депутаттар құзырлы орындарға депутаттық сауалдарын жолдады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»