Үкімет • 25 Мамыр, 2017

Әлеуметтің әлеуеті басты назарда

114 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төр­айым­­дығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның көшпелі отырысы өтті.

Әлеуметтің әлеуеті  басты назарда

Отырысты ашқан Гүлшара Наушақызы бүгінде елімізде Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасы бойын­ша Қазақ­стан­ның үшінші жаң­ғы­руы іске асы­рылып жатқанын атап өтті. Ол – саяси реформа, эко­номикалық жаң­ғыру және қо­ғамдық сананы жаң­ғырту. 
«Елбасы биыл үш бірдей тари­хи жаңғыруларға жол ашты. Бі­ріншіден, Президент конститу­ция­лық реформа арқылы мемлекеттің саяси жаңғыруын қолға алды. Екін­шіден, Мемлекет басшысы елі­мізді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығаратын Қазақ­стан­ның үшінші жаңғыруын ай­қын­дады. Үшіншіден, білім, ғылым, мәдениет және тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынды. Осы бағыттарды іске асыру арқылы біз Қазақстанның әлемнің ең озық 30 елінің қа­тарына енуіне мүмкіндік аламыз. Бүгінгі күн тәртібі аясында біз қоғамның іргетасы болып саналатын отбасы, ана мен баланы мемлекет тарапынан қолдау жұмыстары қалай жүргізіліп жат­қанын қарастырамыз», – деді 
Г.Әб­діқалықова.
Мемлекеттік хатшының па­йымынша, бұл міндеттерді жүзеге асырудағы басты шарт – қо­ғамдық санасы биік, саламатты әрі білімді ұлт қалыптастыру. Ал адамдардың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыруда айқындаушы рөл отбасы институтына тиесілі болғандықтан, отбасы мемлекеттің негізі ретінде айрықша назарды және қамқорлықты, азаматтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсартуды талап ететіні анық. Сондықтан, отырыста отбасын, ана мен баланы, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені туралы мәселе қаралды. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда тууды ынталандыру мен отба-
сында балаларды тәрбиелеуге жәрдемдесуге, көпбалалы ана­лардың беделін арттыруға, мүгедек балалар мен олар­дың отбасыларына, бұған қоса, әлеу­меттік жағдайы төмен шаңы­рақ­­тарға қолұшын созып, кө­мектесуге бағытталған мемле­кет­тік жәр­демақылар мен төлемдер жүйесі аясындағы балалы отбасын қол­даудың ұлттық моделі әзірленген. 
Елбасының тапсырмасы бойынша, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап баланың тууына біржолғы жәр­демақы мөлшері 20%-ға көбей­тілетін болады. Бұған қоса, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап, ең төменгі күнкөріс мөлшері қайта қаралмақ. Бұл 3 млн азамат үшін базалық зейнетақылардың, мүгедектерге, асыраушыларынан айырылған отбасыларына арналған жәрдемақылардың, мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге арнал­ған атаулы көмек пен жәрдем­ақы­лардың мөлшерлерін арттыруға мүмкіндік бермек.
Жиында сондай-ақ, халықтың жалпы хабардарлығын арттыру және балаларды барлық зор­лық-зомбылықтан, БАҚ-тар мен әлеуметтік желілер және әлеу­меттік жарнама арқылы зиянды ақпараттан қорғау жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы мә­селеге де назар аударылды. Осы орайда, Білім және ғы­лым, Ақпарат және коммуника­циялар министрліктерінің ақпараты бойынша, заңнамаға балалардың денсаулығына, олардың адамгершілігі мен рухани дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға бағытталған жаңа нормаларды «баланың жасына сәйкес келетін ақпарат» ұғымын, сонымен бірге, білім ұйымдары мен байланыс операторларына интернет-трафикті сүзгілеу қыз­метін көрсетуді ұсыну жөніндегі та­лаптарды бекіту жолымен ен­гізу жөнінде жұмыс жүргізіліп жа­тыр екен. 
Отырыс қорытындысына сәйкес, Гүлшара Әбдіқалықова кө­те­рілген, талқыға салынған мәсе­ле­лер бойынша мемлекеттік орган­дарға бірқатар тапсырма берді.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»