Бүгінде бұл бүкіл саналы адамзатты толғандырып отырған түйінді мәселе екендігі даусыз. Әрине, «Болашақтың энергиясы» тақырыбының ауқымы өте кең. Бұл – негізінен болашақта адамзат игілігіне айналатын балама қуат көздерін ашудағы жаңа технологияларды өмірге әкелу. Бұл – жаңа балама қуат көздерін игеруге халықаралық қоғамдастықтың назарын аудару. Ал, балама қуат көздері туралы әңгіме қозғағанда алдымен жел энергетикасының ойға оралатыны даусыз. Осы салада жүйелі еңбек етіп, айтарлықтай табыстарға жеткен, БРЖТ-ның авторы, Ұлттық инженерлік академияның академигі Альберт Васильевич Болотов болып табылады. ЭКСПО-2017 көрмесіне айтарлықтай жетістіктермен келіп отырған өнертапқыш ғалымды әңгімеге тартқан едік.
− Жел энергетикасын игеру саласында озық технология ретінде танылған өзіңіздің қондырғыңыз туралы қысқаша әңгімелеп берсеңіз.
−Мен конкурстық комиссияның БРЖТ технологиялық жобасын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қою туралы шешімін қуана қабылдадым. БРЖТ өзінің сипаты жағынан көрменің негізгі тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» талаптарына толық жауап береді. Сонымен бірге, күн энергиясын игеру саласындағы жетістіктермен бірге «Ұлы Дала энергиясы «ҚазЖелҚуат-БРЖТ» жел және күн – барлығына арналған энергия» атты кешендік энергетикалық жүйені құрайды. Бұл отандық жоба әлемнің көптеген елдерінде өте қызығушылық туғызуда және ЭКСПО-2017 көрмесінің шеңберінде өткізілетін WSEC-2017 инженерлердің және ғалымдардың бүкіләлемдік конгресіне жолдама алып отыр. Көрме аясында елордамызда өтетін бұл әлемдік басқосуда инженерлердің озық идеялары мен технологиялары көрініс табатын болады.
– Альберт Васильевич, сіз досыңыз Қалық Абдуллаевпен бірге осы конгрестің «2050 жылға дейін әлемдік энергетиканы дамытудың бағыттары мен сценарийі» атты бірінші бөліміне жетекшілік етесіздер. Оның жұмысы хақында не айтар едіңіз?
− Бұл бөлімнің басты тақырыбы Жер шары ғалымдарының болашақ энергиясы жолындағы озық көзқарастарын талқылауға арналған. Осы басқосуда біз планетамыздағы энергетикалық шаруашылықтың қай бағытта дамитындығын жан-жақты тілге тиек ететін боламыз. «Болашақтың энергиясы» бағытындағы ең тиімді де озық жобалардың тұсауы кесілетін болады. Сонымен бірге, Жер шары қабаттарының немесе ғарыштық энергияларды игеру мақсатындағы жобалар ортаға салынады. Конгрестің бірінші бөлімінде энергия үнемдеу проблемаларына, көмір, мұнай, уран сияқты шикізаттар есебінен алынатын энергия қуатын қысқарту жолдары қарастырылады. Жер жылуы энергиясын және су энергиясын кеңінен пайдалану мәселелері қарастырылады. Ал, жер жылуы және су планетамыздың жоғарғы қабатының 70 пайызын алып жатыр. Су энергиясы туралы айтқанда тек өзендерден алынатын энергия көздерін ғана елестетеміз. Ал, энергияның сарқылмайтын көзі – әлемдік мұхиттар. Бұл – толқындар энергиясы, гольфстрим сияқты мұхит суының көтерілуі және қайтуы кезіндегі ағымдардың энергиясы. Қорыта айтқанда, конгресте қоршаған ортаға ешбір зиян келтірмейтін басқа да энергия көздерін игеру мәселелері жан-жақты қарастырылатын болады.
−Қазақстан үшін сарқылмайтын энергетикалық қуат көзінің бірі – жел. Сондықтан жел энергиясын пайдалану мақсатындағы өз қондырғыңыз туралы тағы не айтар едіңіз?
– Бүгінде еліміз бойынша жел энергиясын пайдалануға арналған осындай 50 қондырғы жұмыс істеп тұр. Олар Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі климаттық жағдайларға қарай бейімделген. Мәселен, Жалаңашкөл стансасында, Жоңғар қақпасында, Астанадағы «Лесной кордонда» БРЖТ қондырғылары қойылған. Олар бірнеше жылдан бері ақаусыз жұмыс істеп, жел энергиясын тиімді игерудің үлгісін көрсетуде. Сонымен бірге, бірқатар БРЖТ қондырғылары Ресей аумағында жұмыс істеп тұр. Осы қондырғыны орнату жөнінде Африканың, Азияның және Еуропаның бірқатар елдерінен сұраныстар түсуде. Осыдан 2-3 жыл бұрын жел және күн энергиясы өте қымбат қуат көздері ретінде танылса, бүгінде БРЖТ сияқты қондырғылардың арқасында бұл қуат көздері де қолжетімді бола бастады. Елордамызда өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің бас тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» аясында бұдан басқа да әлемдік озық үлгілердің паш етілетіндігі сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»