Бизнес • 25 Мамыр, 2017

Өзбек ағайынмен ортақ мүдде бар

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халқымыз түбі бір түркі­тілдес өзбек халқын «өзбек – өз ағам» деп іш тартқан. Тари­хымыз да «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан халық­пен жібек жіптей өріледі. Бүгінгі экономикалық дамудағы мүд­де ортақтығы іргелес қос мемлекетті интеграция­лық қадамдарға шақырады.

Өзбек ағайынмен ортақ мүдде бар

Қос­танай облысы еліміздегі машина жасау саласының ірі орталығына айналып келеді. «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» машина құрастыру зауыттарынан қазір үздік ауылшаруашылық техникалары мен Toyoto, Ssang Yong, Ivego, JAC секіл­ді әлемдік брендтер сапқа қойылады. Қостанай облысы экономиканың даму ырға­ғын еселеу үшін жан-жақты интеграциялық ізденістерге барып отыр. Қазақстанның өндірісі де, ауыл шаруашылығы да дамыған аймағы саналатын Қостанай облысы мен Өзбек­стан Республикасының бір-бірінен алатыны да, үйре­неті­ні де баршылық. Маши­на жасау саласы Өзбекстан­да да да­мып отыр. Наурыз айында Астанада өткен бизнес-форум­ға келген сапарын­да Өзбек­стан президенті мен Қос­т­а­най облысының бас­шылы­ғы автокөлік өнді­рісін­дегі ошақ­тандыру жөні­нен келісім жасаған болатын. Жақында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған Қостанай делегациясы Өзбекстанда болып қайтты. 
− Біз Ташкент және Самар­қан қалаларында өзбек­стандық бизнес өкілдері­мен кездестік. Сапар мақсаты тәжі­рибе алмасу, зерделеу бола­тын. Қостанайдағы «Сары­арқаАвтоПром» мен өзбек­стандық «G Uzbekiston» зауыттары ынтымақтаса жұмыс істейтін болады. Таяу арада Өзбекстан жағынан біз үш мың машина жинақталымын алып, өзімізде құрастырып, сапқа қоямыз, − дейді Архимед Бегежанұлы. 
Дегенмен, қостанайлық «СарыарқаАвтоПром» кәсіп­орны­ның өзбекстандық әріп­тесімен ынтымағы зауыт­тағы игі істердің бір парасы ғана. Қостанайлық зауыттың не­гізгі мақсаты алдағы уақытта элект­ромобильдер өндіру болып отыр. ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне облыс JAC электромобильдерін апарады. 
Қостанай облысы делега­циясының Өзбекстанға сапарында туризм мәселесі екі жақтың негізгі ортақ мүддесі екені айтылды. Ташкенттің түбінде «Чимган» туристік кешенін өзбек ағайындар өз­дерінің екінші Швейцария­сы деп атайды. Тарихы терең Самарқан, Бұхара да қашан­нан туристердің сүйікті орнына айналған. Мұндай қызық­ты орынды көрші елден көптеп санауға болады. Архимед Мұхамбетов қос­та­найлық туризм фирмалары мұны өз бағыттарына қосатындығын айтты. Екі ел арасындағы туризмді жандандыру мәселесін Қа­зақ­станның Өзбекстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев та қозғады. 
– Біз қазір Ұлы Жібек жолы бағытын дамыту үшін арнайы ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Түркістан, Шымкент, Самар­қан қалалары бұл бағыт­тың негізгі бекеттеріне айналады. Бұл бағытта жасалатын жобалар екі елдің ынтымағын кү­шей­те түседі, − деді Ерік Өтембаев.
Сапар барысында ауыл шаруа­шылығы және өзге сала­лардағы тауар алмасу мәсе­лесі қаралды. Бұл орайда Өзбек­станның көкөнісі мен Қоста­найдың алтын астығы алдымен ауызға ілінді. 
– Қостанай облысы өте тиімді жерде орналасқан. Ол Ре­сей­дің үш облысымен шек­теседі, біздің облыстан 600 ша­қырым радиуста шамамен 20 миллион халық бар. Қос­танайдағы индустрия­лық аймаққа өз кәсіпорын­дарың­­ды салып, оның өні­мін Ресей нарығына алып шығу­ға то­лық мүмкіндік бар. Біз Ре­сей Федерациясымен бір эко­номикалық одақтамыз. Сон­дықтан, көршімізбен тауар ай­налымы жыл сайын артып келеді. Қазір Қазақстан арқы­лы өтетін Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының құрылысы салынуда. Сондықтан, бұл бағыт­та логистиканы өте тиімді пайдалануларыңызға болады, − деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Ташкент пен Са­марқан қалалары бизнес өкіл­дерімен кездесуде. 
Осы орайда, Қостанай облысы ірі трансұлттық логис­ти­калық орталыққа айналатын болады. Қостанай облысы әкі­мінің орынбасары Мейір­жан Мырзалиев Өзбекстанға Қостанай жерінен өндірілетін азық-түліктің экспорттық қуа­тының мықтылығын тілге тиек етті. Мал еті, астық, бас­қа да азықтық заттарды Өз­бек­­­станға жіберуге, олар­ды Қос­танайдың құнар­лы топы­рағын­да өзбек кәсіпкер­лерінің жы­лыжай, мал фермаларын салып, өздері өндіруіне де мүмкіндік жасалатынын айтты. Қостанайлық делегация өзбек ағайындарға мүмкіндік жасау­ды бекер ұсынған жоқ. Келер жылы облыс орталы­ғында агроөнеркәсіптік логис­ти­ка­лық хаб-қойманың құры­лысы аяқталмақ. Ол заманауи тоңазытқыштармен, мұз­дат­қыштармен жабдық­тала­ды. Сонымен қатар, онда ауыл­шаруа­шылық өнімдерін өңдеу алаңдары, көлік қоятын орындар, қонақ үйлер орналасады. Кәсіпкерлер үшін осы жерден өнім сертификаттарын беру, кедендік декларациялар алу мәселелері шешімін табатын болады. 
Қостанай облысы мен Өз­бек­­­станның тауар айналысы өткен жылғы есеп бойын­ша 94 миллион долларды құра­ған. Ал үстіміздегі жылғы нау­­рыз айында Қазақстан мен Өз­бекстан президенттерінің кездесуінде екі ел арасындағы сауда айналымын 5 миллиард долларға жеткізу қажеттігі айтылды. Бұл үлкен міндет екені айқын. Қостанай облысының оған қосар үлесі жөнінде Қа­зақ­станның Өзбекстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев көптеген жобалар дайындалып жатқанынан хабардар етті. 
− Ең бастысы, өндірістік са­ладағы дамуды басшылыққа алатын боламыз. Сондықтан біз кластерлік жобалар жасап жатырмыз, оған Қостанай облысы белсенді қатысады. Ал ауыл шаруашылығындағы тауар айналымы өз алдына бір төбе. Бұл орайда да, Өзбек­стан мен Қостанай облысы бір­лес­кен кәсіпорындар құра­ды. Бірлескен кәсіпорын­дар Өзбекстан және Қазақ­стан кәсіпкерлеріне де Еура­зия­лық одақ нарығына шығу­ға мүм­кіндік туғызады. Екін­шіден, Өзбекстан арқылы Қазақстан кә­сіпкерлері Ауған­стан, Пәкіс­тан, Үндістан нары­ғын қамти­тын болады, − деді елші Ерік Өтембаев.
Демек, Қостанай делегация­сының Өзбекстанға сапары Ел­басының интеграциялық үде­ріс­терді дамыту тапсырма­сын орындауда да маңызды екенін айтқымыз келеді. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, 

«Егемен Қазақстан»,

Қайрат МҰҚАТОВ,

журналист

ҚОСТАНАЙ