Өз кезегінде аталмыш құбылыстардың геосаясатқа да, мемлекетаралық қарым-қатынастар мен әлемдік нарықтарға да, сол сияқты азаматтық қоғамның жаңаша қалыптасып, адамзат ой-санасының жаңаша дамуына да тікелей әсер ете бастағаны күмән тудырмайды. Өйткені, бүкіләлемдік мегаөзгерістер толқыны қазірдің өзінде-ақ айқын сыр беріп, планета тынысының болашақ болмысын болжайтын әйгілі футурист-философтарды да, физиктерді де, экологтар мен биологтарды да, макроэкономистер мен микроэкономистерді де, тіпті, мемлекет тізгінін ұстаған саясаткерлерді де жаппай ойландыра бастағаны шындықтан алыс емес және мұның дәлелдері жеткілікті.
Мәселен, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылы халыққа жариялаған Жолдауы − Еліміздің ХХІ ғасырдың бірінші жартысының соңына дейінгі тұрақты дамуына бағытталған алып жобалардың бірегейі. Енді міне, сол стратегиялық, саяси-экономикалық және әлеуметтік мәні зор ұзақ мерзімді жоспардың аясында қыруар шаралар толассыз іске асырылып жатыр. Олардың ішіндегі өзектілері − елімізді жаппай индустрияландыруға бағытталған мемлекеттік үдемелі инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы мен сол бесжылдықтың өзегіне өрілген Астанада өтетін әлемнің болашақ энергетикалық технологияларына бағышталған ЭКСПО-2017 көрмесі.
Жоғарыда айтылғандардың бұлтартпас дәлелдерінің енді бір айқын мысалы − Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауы мен сол құжатпен өзектес әрі сабақтас, әрі жуырда ғана ақпарат құралдарында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты заманауи мақаласы.
Бұлай деуге толық негіз бар. Өйткені, өзге мемлекеттер секілді дамудың тұрақты жолын таңдаған біздің төл мемлекетіміз де геосаяси, геоэкономикалық және геотехнологиялық мегаөзгерістер ағынынан тыс қалып отырған жоқ. Кезінде қол жетпестей болып көрінген қиял-ғажайып дүниелер бүгінгі таңда еліміздің күнделікті болмысына қалай тез еніп кеткенін байқамай да қалдық. Тастан сарай да салдырып, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар да алдырып, сәйгүлік тұлпарларды заманауи автокөліктер мен ұшақтар, хат пен хабарды SMS, телефон стансалары мен пошта қызметтерін ұялы телефондар, сия мен қаламды компьютерлер, кітапханаларды интернет-порталдар, баспаханаларды принтерлер, кинотеатрларды телевизор мен видеотекалар алмастырып отырғанына да етіміз әлдеқашан үйреніп кетті. Оны былай қойғанда, бүгінде тұтынушылардың қолында жүрген алақандай ғана айфондар мен планшеттер бүкіл ақпараттық-коммуникация технологияларының көмегімен іске асырылатын заманауи қызмет түрлерін түгел дерлік қамтамасыз ететін әмбебап құралға айналып кеткені де үйреншікті жай болып қалды.
Демек, бүгінгі таңда қалыптасып отырған технологиялық жаңғыру мен әлемдік геосаясат картасынан біздің еліміз шет қалып отыр деуге ешбір негіз жоқ, себебі Интернет арқылы бүкіләлемдік ақпарат мұхитынан еркін сусындау өз еліміздің де шексіз игілігіне айналып кеткені күмәнсіз.
Тәуелсіздік тізгініне ие болған ширек ғасыр ішінде Қазақстан әуел баста қолбайлау болған экономикалық қиындықтарды артқа тастап, дамудың тұрақты жолына түсіп қана қоймай, бұл күнде бүкіл планетаға танылып, әлемдегі экономикасы тез дамып келе жатқан санаулы мемлекеттердің санатына қосылып үлгерді.
Дәл осы тұста және бір шындықтың басын ашып айту парыз. Бүгінгі таңда әлемде өзге мемлекеттермен терезесі тең болуды армандамайтын, сондай-ақ, геосаяси, экономикалық, əлеуметтік, технологиялық, демографиялық, мəдени, əскери жəне қауіпсіздік тұрғысынан өз əлеуетінің зор болуын аңсамайтын, сол сияқты, өз халқының ауқатты және тұрақты дамуын көздемейтін немесе өз қатарының арасынан суырылып шығып, арындап алға кеткен мықтылардың ортасына қосылуды көксемейтін бірде-бір ел жоқ десек, артық айтқандық емес.
Сосын, мұның дəлелін алыстан іздеудің де қажеті жоқ, себебі, алдына стратегиялық мегамақсаттар қойып, Мəңгілік ел болуға бел буған Қазақ елінің өзі де дәл бүгін жоғарыда айтылғандардың нақты дəлелі. Алайда, асқақ армандарды іске асыру кез келген субъектінің қолынан оп-оңай келе бермейтіні де шындық. Себебі, геосаяси мүдделер неғұрлым ауқымды жəне көздеген нысаналар неғұрлым биік болған сайын, оларға қол жеткізудің де соғұрлым күрделі болатыны хақ. Содан соң, биік мұратқа қажырлы еңбек етпей, ащы тер төкпей қол жеткізу әсте мүмкін емес екені де айдан анық. Демек, бұралаңы мен соқпақтары көп бұл жолда тұйыққа тіреліп қалуға болмайды. Керісінше, кез келген субъект, мейлі ол мемлекет болсын, мейлі ірілі-ұсақты компания болсын, тіпті, қатардағы кəсіпкер немесе жеке тұлға болсын қайрат пен жігерін жанып, жақсыдан үйрене, жаманнан жирене жүріп, көздеген мақсатқа жеткізетін жол табуға толассыз тырысуы шарт.
Міне, дəл осы тұрғыдан келгенде, еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан үстіміздегі – 2017 жылы Елбасы өз Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялап, қайта түлеудің айрықша маңызды екі ірі бағытын, атап айтқанда, саяси жаңғыру мен экономикалық жаңғыруға ерекше басымдық берген болатын. Аталған саяси және экономикалық жаңғыру процестерін іске асыруда Елбасы, ең алдымен, біздің санамыздың ісімізден озып жүруі керектігін, яғни рухани жаңғырудың қажет екенін және мұны аталған алдыңғы екі реформаның өзегіне айналдыру керектігін міндеттеп, ол міндетті қалай іске асырудың нақты алғышарттарын да айқындап берді. Сондықтан да болар, аталмыш мақалада ерекше мән берілген бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, ұлттық сана, ұлттық мәденигенетикалық код, туған жер қасиеті, латын әліпбиіне көшу мәселелеріне қатысты Елбасының инновациялық ойтолғамдары мен ұсыныс-пікірлері ел азаматтарының көкейіне ұялап, ерекше үндестік табуда және ол құндылықтардың бүгінгі қоғамда белсенді талқыланып жатқаны жайдан-жай емес.
Түптеп келгенде, Елбасы Жолдауы мен жоғарыда сілтеме жасалған заманауи мақаласында ерекше мән берілген құндылықтар түгелдей − Қазақстанның мәңгі ел болуы мен өркениеттің биік сатыларына көтерілу жолындағы рухани мұраттары және олардың барлығы да бір-бірімен өте тығыз байланысты нысаналар.
Айтса, айтқандай-ақ, бәсекеге қабілетті мемлекеттің экономикасы ғана емес, білім саласы да, денсаулық саласы да, ғылымы да, озық технологияға негізделген өндіргіш күштері мен еңбек өнімділігі де, жекелеген азаматтары да бәсекеге өте қабілетті болуы шарт.
Қазақстанның эволюциялық жолмен дамуды таңдауының да өз сыры бар. Өйткені, революциялық жол таңдаған алыс-жақын елдердің бірде-бірінің мұратқа жеткені жоқ, қайта дағдарыстан-дағдарысқа тап болып, халықтары азып-тозып, босқын болып, бодандыққа ұшырап жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Сол сияқты, ұлттық санасы мен ұлттық генетикалық кодынан, дәлірек айтқанда, тарихи санасы мен салт-дәстүрінен, тілі мен ділінен, дінінен айырылған халықтардың болашағы қараң болатыны да күмән тудырмайды. Өйткені, тарих қойнауында бұған дәлел болатын мысалдар жетіп-артылады. Мәселен, келмеске кеткен, шумер, вавилон, аккад және ассирия өркениеттері жоғарыда айтылғандардың бұлтартпас дәлелдері.
Президент көлденең тартып отырған прагматизмнің де астары терең құндылық. Қолда барда алтынның қадірін бағаламай, ысырапқа жол беріп, қолдан шығарып алған кезде өкініп жататынымыз жалған емес. Сондықтан Елбасы кез келген шешімді жеті рет өлшеп, бір рет қана кесу керектігін меңзеп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде, егемен жылдары Президент ұсынған мегажобалар мен стратегиялық жолдаулардың қай-қайсысы да салмақты прагматизмге негізделген. Сосын Елбасы қозғап отырған ұлттық сана мен ұлттық мәдени-генетикалық код, туған жер қасиеті – бір-біріне етене жақын құндылықтар әрі олардың іргетасы ұлтымыздың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінде тұнып тұр. Елбасының әлгі құндылықтарға сілтеме жасау арқылы қоғамымыздың санасы түзелмей ісіміз түзеле қоймайтынын және ұлтымыздың генетикалық кодын құрайтын салт-дәстүрлеріміз бен ана тіліміз, дініміз және ділімізден айырылатын болсақ немесе туған жер қасиеті мен киесін ұмытатын болсақ, ел болудан қалатынымызды өте нанымды ескертіп отыр.
Президент көтеріп отырған латын әліпбиіне көшу мәселесі елімізді рухани егемендікке апаратын тура жол, өйткені, бұл – әлем өркениетінің басым көпшілігінің әліпбиі, одан да нақтырақ айтар болсақ, бұл әліпби – озық ғылым мен білімнің, заманауи технологиялар мен ақпараттық-коммуникация құралдарының, қаржы мен банк жүйелерінің, сауда-саттық пен туризмнің, бүкіләлемдік ғаламтор мен интернеттің әліпбиі, демек, ең басты да тиімді құралы.
Және бір айқын мысалды еске салудың реті келіп тұр. Жоғарыда айтып өткендей, бүгінгі таңда қарқынды мегаөзгерістерге толы әлем динамикасы футурист-философтар мен ғалымдарды да бей-жай қалдырып отырған жоқ. Мұның айқын дәлелі төмендегідей. Әлем қауымдастығына әйгілі әрі жарты ғасырдан астам тарихы бар «Экономист» деген айдарман ағылшын тілінде Ұлыбританияда апта сайын шығып тұратын ғылыми іргетасқа негізделген халықаралық басылымның білікті сарапшыларының «Мегаөзгерістер: 2050 жылғы әлем» деген атпен 2012 жылы жарық көрген біртомдық туынды бүкіл әлем назарын өзіне бірден аударып алған болатын. Себебі, білікті де кәсіби сарапшылар тобының қаламынан шыққан әлгі басылымда үстіміздегі ХХІ ғасырдың алдағы 40 жылында әлемдік геосаясат пен халықаралық қатынастардың да, қаржы жүйелері мен экономикалық байланыстардың да, сол сияқты, ғылым мен мәдениеттің, қоршаған орта мен әлем қауіпсіздігінің болашақ болмысының да қалай өзгеретіні жайында салмақты да салиқалы пікірлер түйінделген. Туындыда, сонымен қатар, қоршаған ортаның күйреуі тоқтала ма, геномика мен денсаулық сақтау саласында революция бола ма, әлемнің дамыған елдеріндегі теңсіздіктің ұлғаюы жалғаса бере ме, осыдан 40 жылдан соң әлемнің қай елінің экономикасы басымдыққа ие болады? т.с.с. өзекті сауалдарға аталмыш туындыны құрастырған 20 сарапшы дәйекті де дәлелді талдау жасай отырып, әлемнің 2050 жылдарға дейінгі болмысын өте нанымды суреттейді.
Кітаптың өн бойынан құрастырушылардың бәріне ортақ бір сипат айқын байқалады. Өз жазбаларында олардың қай-қайсысы да болашаққа үңілмес бұрын, алдымен, өткен тарихқа көз жүгіртеді. Бұл әдіс оларға бүгінгі өркениет болмысында орын алып отырған сан-қилы мегаөзгерістер мен үдерістердің мәні мен ауқымын дәл бағамдап, олардың динамикасын терең түйсінуге мүмкіндік берген.
Кәсіби сарапшылардың пікірінше, әлем экономикасының таяу
болашақтағы қозғаушы күші, біріншіден, әлемдік жаһандану үдерістері болса, екіншіден, Азия экономикасының әуел бастағы тарихи басымдықтарына қайта ие бола бастауы болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, «жаһандану» деген ұғым әлемдік нарықтардағы интеграциялық үдерістердің екінші атауы деуге лайық. Ол үдерістердің негізгі басымдықтары, біріншіден, транспорт пен коммуникация жүйелерін дамыта түсуге мүмкіндік беретін технологиялық инновациялар болса, екіншіден, еркін сауда мен инвестициялық климатты және миграциялық процестерді жеңілдететін саяси шешімдер.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңдағы «жаһандану» дегеніміз – әлемдік нарықтардың мемлекеттік шекараларды аттап өтіп, сыртқа қарай кең қанат жаюы. Бұл үдеріс, сонымен қатар, тек экономикалық қатынастармен ғана шектелмейді. Бұдан былайғы жерде «ұлттық шекаралар» мен «географиялық кеңістіктер» деген ұғымдар әлсіреп, керісінше, халықаралық қатынастар деген ұғымның аясына жұмыс қолы мен тауарлардың да, капитал мен технологиялардың да, тіпті, идеялар мен мәдени-рухани құндылықтардың да сыйып кететіні және олардың емін-еркін айналуына ешнәрсе бөгет бола алмайтыны көзге ұрып тұр.
Мұның айқын дәлелі ретінде кеше ғана Қытай астанасы Бейжіңде әлемнің 29 елінің басшылары мен жүзден аса мемлекеттердің өкілдері мен ең ірі халықаралық саяси және қаржы ұйымдарының жетекшілері бас қосқан «Белдеу және жол» ынтымақтастық форумы. Бұл форум – жаһанданған ХХІ ғасырдағы мүдделер тоғысының ең айқын көрінісі. Дәл осы халықаралық мегафорум мен оның арнайы сессияларында сөз сөйлеген Қазақстан Президентінің пікірі мен ұсыныстары Қытай Халық Республикасының төрағасы Син Цзиньпин тарапынан өте жоғары бағаланып, біздің еліміз трансқұрылықтық транзиттік тасымалдаудың «чемпионы» деген шынайы мадаққа ие болды.
Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды төмендегідей болмақ. Еліміз осылайша, эволюциялық жолмен дами берсе, халқымыз көздеген мақсат-мұраттарына міндетті түрде қол жеткізеді.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері