Осымен 7-ші рет өткен халықаралық жастар форумының негізгі мақсаты – бірлік, мәдени-рухани және интеграциялық байланыстарды нығайту. Алғаш рет «Бірлік – Единство.kz» форумы 2011 жылы облыстық этномәдени бірлестіктердің жастар құрылымы үйлестіру кеңесінің бастамасымен өткен еді. Облыстағы жастар бірлестігі үйлестіру кеңесінің төрайы-
мы Элина Паулидің айтуынша, биылғы жылғы форумда жастар арасындағы дипломатиялық, этнос-
аралық байланыс және тұрақтылық пен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылды. Өйткені, жастарды бизнес қатты қызықтырады.
Жиын аясында қатысушылар С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттегі пленарлық отырыстарға қатысты. Сондай-ақ, олар шетелдік меймандарға бизнес-стартап жобаларын ұсынды және оларға инновациялық идеяларын таныстырды. Мысалы, оқушы Софья Клочкова «ақылды розетка» жасап шығарыпты. Құрылғы үйде токтан ажыратуға ұмытып кеткен құралдарды ұялы телефон арқылы қашықтан сөндіруге мүмкіндік береді. Көрме қонақтарын бар-жоғы 90 секунд ішінде Рубик кубигін жинайтын робот таңдандырды. Бұл идея авторлары – IT-HOUSE инновациялық білім беру орталығында оқитын 4-ші сынып оқушылары Әлім Бақытжанов пен Нұрдәулет Тойжан. Ал жас кәсіпкер Әлия Қонысбаева Tafella деген жобасы арқылы тәтті талқан, жаңғақ қосылған жентінен дәм татырды. Әлия ұлттық тәтті өнімдерін шет елдерге шығаруды армандайды.
– Павлодарды болашақ кәсіпкерлер қаласы деп айтуға болады. Форум барысында байқағанымыздай, жастар бизнеске өте жақын. Осындай форумдар өткізу өте қажет әрі пайдалы, – деді Плеханов атындағы бизнес-инкубаторы институтының директоры Руслан Мамедов.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы