Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауы бойынша, 70-ші Канн кинофестивалі 17 мамырда жалауын желбіреткен болатын. Кино өнерінің айтулы мерекесі дәстүр бойынша 28 мамырға дейін жалғаспақ. Қазақстанның алғашқы павильоны Фестивальдер сарайының жанындағы «Le Village International» аумағына жайғасты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ұйымдастыру комитетінің тікелей басшылығымен ашылған Қазақстанның Ұлттық павильоны фильмдер мен түрлі жобаларды таныту бойынша кәсіби кездесулер мен сұхбаттар өткізуге мүмкіндік берді.
Канн қаласының мэрі Давид Лиснард пен қазақстандық делегацияның кездесуіне Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Дәненов, Францияның Қазақстандағы елшісі Франсис Этьен, Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, кинематографиялық өнер мен ғылымдар ұлттық академиясының президенті Рашид Нұғманов, «Еуразия» ХКФ қолдаушысы «Human Development Group» компаниясының негізін қалаушы және ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асқар Бекбаев қатысты.
«Кинофестиваль аясында бізді Канн қаласының мэрі арнайы қабылдады. Кездесу барысында қазақстандық мәдениетті әлемдік деңгейде насихаттауға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Мұндай қадамдар ел Президентінің рухани жаңғыру идеяларымен жақын үндеседі», деп атап өтті өз сөзінде Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов.
Кездесу сәтінде өзара мәдени қарым-қатынасты дамыту бойынша пікірлер қозғалып, мәдениет пен туризм саласындағы екі елдің тиімді ынтымақтастық байланыстарын кеңейту мақсатындағы ұсыныстар ортаға салынды. Шараға қатысушылар стратегиялық серіктестік екі елдің мәдениет саласына оң әсерін тигізетіндігін атап өтті.
Халықаралық деңгейдегі әлемнің ең беделді кинофестивалі аясында өткен Қазақстан павильонының таныстырылымы еліміздің киноөндіруші мемлекет ретіндегі беделін нығайтып, киноиндустрия саласындағы әріптестік мүмкіндіктерге кеңінен жол ашпақ.
Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева мәдениет пен туризм саласындағы ынтымақтастық екі елдің экономикалық жағынан ғана емес, кино саласындағы қарым-қатынасының нығаюына да оң ықпал ететінін жеткізді.
– Канн кинофестивалінде Қазақстан павильонының ашылуы, – деп атап өтті қазақстандық өнер майталманы, – халықаралық кинематографиялық қауымдастықпен мәдени байланыстардың нығаюына, мемлекеттің және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен киноиндустриясы дамыған ел ретінде имиджінің қалыптасуына әсерін тигізетіндігіне сенімдімін. Павильон жұмысы алдағы уақытта ұлттық фильмдерді бірлесіп түсіру мен қаржыландыруға әріптестерді тартуға, тәжірибе алмасу мен қазақстандық киноөндірістің жаңғыруына, туризмнің дамуына септігін тигізетін болады.
Қаршыға КҮЛЕН