Өткен жылы Надеждиннің үш тұрғыны ауыл сыртындағы орманға саңырауқұлақ теруге барады. Қайыңды орманға кірісімен бір жағымсыз иісті сезеді. Олар бір ағаштың түбінде өліп жатқан елікті көреді, өлексе айни бастапты. Оны аударыстырып көреді, терісінде оқтың ізі білінбейді. Тимур ауылдастарының алдына түсіп, он-он бес метр жүре бергенде әбден әлжуазданып, демін зорға алып жатқан еліктің лағын тауып алады.
– Өлген еліктің лағы екен, әлі кіндігі де түсіп үлгермепті, әлжуаз, аяғын баса да алмайды. Мен дереу үйден әкем мен ағамды шақырдым. Олар сол сәтінде жетіп келді. Ал біз лақты әкелгенше, анам емізік пен шөлмекке сүт жылытып құйып, дайындап отыр екен, – дейді Тимур. Алғашқы күні еліктің лағына сүт беру де оңай болмапты. Ол емізікті аузына алмаған соң, сүтті лақтың аузына қасықтап тамызған.
– Осындайда интернет «жедел жәрдем» секілді, ақтарсаң бәрін біле қоясың, әйтпегенде лақты өлтіріп алуымыз да мүмкін еді, – дейді Виталий Сидоров. – Интернеттен елік лағын мысық, ит секілді бір бүйірінен жатқызып емізетінін білдік. Біз де солай сүт бердік.
Сүтті он грамнан бастаған лақ, бір аптада оның бір шөлмегін ішіп алатын болды. Әр төрт сағат сайын бір шөлмек сүт ішіп тұрды. Одан кейін отыға бастады, шөп, жемге де үйренді.
Сидоровтар отбасында ұл мен қыз өсіп келеді. Тимур қазір сегізінші, Полина төртінші сыныпта оқиды. Олар еліктің лағына Даша деп ат қойды. Даша балалардың шақырғанына жүгіріп келеді, Тимур мен Полинаны мектепке дейін шығарып салып, кешке «күтіп» алады. Өткен жылы Надеждин мектебінде Тимурдың биология пәнінің мұғалімі Светлана Әлібаеваның жетекшілігімен жасаған «Ауылдағы жабайы елік» атты ғылыми жобасы аудандық білім байқауында екінші орын алды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы,
Надеждин ауылы