Парламент • 25 Мамыр, 2017

Табиғи емдік-дәрілік өсімдіктерді заңмен қорғау керек

1429 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент Сенатының отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады.

Табиғи емдік-дәрілік өсімдіктерді заңмен қорғау керек

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! 
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде туған жердің табиғатын, оның байлығы мен әралуандығын сақтау жайында талғамды ой айтқан болатын. Мұның өзі ендігі арада байтақ даламыздың өсімдік және жан-жануарлар әлемін сақтау, жердің құнарын арттыру, өте сирек кездесетін дәрі-дәрмектік емдік өсімдіктерді кәдеге жаратуда бей-берекетсіздікке жол бермей, олардың жойылып кетпеуін қамтамасыз етудің үлкен жауапкершілігін алға тартады. 
Қазір мамандарымыз елімізде жалпы бір жарым мыңға жуық дәрілік өсімдіктердің түрлері өсетіндігін, олардың тек қырыққа жуығының ғана медициналық шикізат ретінде пайдаланарлық қоры бар екендігін айтып отыр. Өкінішке орай, осыған қарамастан оңтүстік өңірлерде ғана өсетін емдік дәрі-дәрмек жасауда таптырмас бағалы мия тамырын жинау тоқтамай тұр. Мысалы, тек қана Қызылорда облысы бойынша екі жылдың ішінде 1800 тонна қызыл мия тамыры Қытайға жөнелтілсе, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан да соңғы төрт жыл ішінде 63 мың тонна мия тамыры жиналып, өзге елдерге әкетіліпті. Соның нәтижесінде мыңдаған гектар аридтік аймақтардағы жерлер деградацияға ұшырауда, табиғатқа орасан зор зиян келуде. 
Тағы бір мәселе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының аумақтарында ғана өсетін емдік қасиеті өте жоғары болып саналатын дәрілік сасық кеуректің (ферула вонючая) майын (сағыз) шет елге заңсыз шығару кең етек алып отыр. Айта кету керек, сасық кеурек деген жалпы атпен белгілі өсімдіктің 10-нан астам түрі бар, олардың барлығы да Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген. Сасық керуек өсімдігінің шикізаты Үндістан, Пакистан, Иран, Ауғанстан сияқты елдерде үлкен сұранысқа ие және де бұл елдерде осы өнімнің бір кг 100-150 доллар шамасында бағаланады. Ауғанстанда аса бағалы дәрілік зат ретінде бағаланатын сасық кеурек аяусыз жиналып, қазіргі уақытта бұл өсімдік мүлдем жойылып кеткен көрінеді. 
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Арыс, Отырар аудандарында сасық кеурек дайындау үшін көптеген фирмалар құрылған және де олар өнім дайындауға шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарта бастаған. Мысалы, тек 2009 жылы ғана ауғанстандық мыңнан астам азамат туристік визамен келіп, 7000 кг шикі өнім (сағыз) дайындап, сыртқа жөнелтіпті. Ал 2016 жылы 14 тоннадан астам шикізат (сағыз) Ауғанстанға жіберілген. Осындай заңсыз іс-әрекеттерге байланысты аса бағалы дәрілік өсімдіктер мүлдем азайып, жойылып кету қаупі алдында. Сасық керуектің құм және шөлді (аридтік) аймақтарда өсетіндігін ескерсек, оны құрту жердің тозуына, құмдардың көшуіне алып келетіні сөзсіз. Ең сорақысы Қызыл кітапқа енген өсімдік әлемін қорғауға тиіс ғылыми-зерттеу институттары, мысалы Білім және ғылым министрлігі қарасты «Ботаника және фитоинтродукция» институты Заңсыз табиғи өсімдіктерді жинап, экспортқа шығарып жүрген фирмалармен келісім-шарт жасап, қаржы алып отыр. Осы құжат олардың заңсыз әрекетіне жол ашып беруде. 
Қазақстан бойынша дәрілік өсімдіктерді жинап, пайдалану мәселелері Заңдық тұрғыдан реттелмегендіктен, ол «көлеңкелі экономикаға» тікелей жұмыс істеп тұр. Өйткені жергілікті жерлерде бақылау жоқ. Міне, сондықтан да, түрлі емдік және дәрілік өсімдіктер соңғы бірнеше жылда түп-тамырымен қопарылып, шет елге сатылып келеді және оның жабайы өсетін таралымы жойылып, табиғи экожүйелерге үлкен залал келуде. 
Біздің мамандарымыз дәрілік өсімдіктерді қолдан өсіретін және оны терең өңдейтін технологияларды пайдалануды жолға қоя алсақ, ел экономикасына миллиондаған табыс әкелуге болатындығын айтады. Мысалы, көрші Өзбекстанда мия тамырын қолдан өсіріп, терең өңдейтін АҚШ, Жапония, Қытай инвестициясына салынған 20 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар мия экспортының 70% астамын терең өңдеп сатуда. 
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! 
Бізде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» туралы Заң бар да, өсімдік әлемін қорғау туралы арнайы заң жоқ. Сондықтан да қысқа мерзімде «Өсімдік әлемін қорғау туралы» Заң қабылданса, табиғи емдік-дәрілік өсімдіктер осы заңмен қорғалатын болар еді. Оның еліміздің бай табиғатын сақтауға толық мүмкіндік беретіні сөзсіз. 
Құрметпен, Д. Назарбаева, И. Адырбеков, М. Алтынбаев, Н. Әбіқаев, М. Бақтиярұлы, Л. Киинов.