Медицина • 25 Мамыр, 2017

Астанада 70-тен аса балаға тегін операция жасалды

208 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«University Medical Center» корпоративтік қорының филиалы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында туа бітті жарымжан, күйіктен кейінгі ауыр жарақаттары бар 70-тен астам балаға реконструктивті-пластикалық операция жасалды. 21-25 мамыр аралығында жүргізілген «Болашағымыз – балалар» әлеуметтік жобасы аясында «Асыл бала» республикалық қауымдастығы мен АҚШ-тың «Халықаралық көмек тобы» бірлесе жұмыс атқарды. Жоба мақсаты – медицина мамандарының өзара тәжірибе алмасуына ықпал етіп, елдегі мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуге арналған.

Астанада 70-тен аса балаға тегін операция жасалды

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан келіп түскен 10 жасар Ақдидар Нақыпова пешке абайсызда құлап, денесінің қырық пайызы күйіп қалған. Дұрыс күтім көрмегендіктен тамақ асты мен қолтығы түгел жабысып қалған. Америкалық дәрігерлердің қарауында болған Ақдидарға операция сәтті жасалып, енді мойны мен оң қолын еркін көтере алатын болды.

– Аяқ терісінен алынған теріні жыртылып кеткен аралықтарды жасыруға ауыстырдық. Екі жарым сағатқа созылған ауыр операция артта қалды. Қазір бүлдіршіннің жағдайы жақсарып келеді, – дейді І санатты ортопед-травматолог Мэлс Орынбайұлы.     

Адамның дене, бет-әлпетіндегі кемістігі өмір бойғы психологиялық күйзеліске ұшырататыны рас. Біреулер туа бітті, енді бірі байқаусызда түскен жарақат әсерінен  зардап шегіп жатады. Әсіресе, сәбилердің айнаға қараудан жүрексіне, қаймыға өмір сүргені кімді де болсын бей-жай қалдырмас. 1994 жылдан бері әлемнің 20 елінде 5 мыңнан астам операция жасаған Surgicorps International ұйымының негізін қалаушы, пластик-хирург Джек Демос Қазақстанда әлі де бірнеше күн қалып, пациенттердің жағдайын бақыламақ.

– Қазақстандық хирургтармен  бірге бес күн ішінде 73 операция жасадық. Жергілікті әріптестердің кәсіби біліктілігіне тәнті болдым. Операция «қоянжырық», «қасқыр ауыз» туа бітті аурулары мен аяқ-қол терісінің күйігіне, тері кемшілігі бар пациенттерге жасалды. Ертең команданың кей дәрігерлері алға қойылған міндеттердің аяқталуына орай, АҚШ-қа қайтпақ. Мен тері ауыстырған Ақдидар секілді пациенттердің таңу процедурасына қалмақпын. Ол өте күрделі процесс. Біздің мақсатымыз – сапалы  медициналық көмекке зәру адамдардың қай елден екеніне қарамастан тегін жәрдем беру, – дейді Джек Демос.

Жоба аясында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы мен Surgicorps International (АҚШ) пластикалық хирургтары еліміздің әр өңірінен келген 300-ден аса дене кемістігі бар баланы, оның ішінде балалар үйінің 14 тәрбиеленушісін қабылдап, көмек көрсетті.

Қазақстан тарапынан қолдау көрсетіп, операция шығындарын өтеген «Асыл бала» қауымдастығының құрылтайшысы Гүлнәр Тілектесқызының сөзіне қарағанда, бұл әлеуметтік маңызы зор жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Жоба кезінде Назарбаев Университеті Медицина факультетінің студенттері ерікті ретінде қатысты. Олар жергілікті медицина өкілдері мен  Surgicorps команда мүшелері арасында аудармашы бола жүріп, тәжірибе жинады.

Айсәуле Съезбек