Парламент • 25 Мамыр, 2017

Сенаторлар бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін тыңдады

204 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент Сенатында 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебі таныстырылды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаторлар бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін тыңдады

Қаржы министрлігінің, Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің және Ұлттық банкінің басшылары негізгі баяндама жасады. 
2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін қаржы министрі Бақыт Сұлтанов таныстырды. Оның баяндамасында бюджет түсімдері 100,2 пайызға орындалып, 7 триллион 760 миллиард теңгені құрағаны, шығыстар 8 триллион 501 миллиард теңгеге атқарылып, 98,3 пайыз игерілгені атап өтілді. 
Бюджет тапшылығы 741 миллиард теңгені құрады. Бұл алдыңғы жоспардағы көрсеткіштен 161,5 миллиард теңгеге төмен. Бюджет тапшылығының мөлшері Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда жоспардағы 2%-тің орнына 1,6%-ті құрады. Тапшылық сомасы 2015 жылдың көрсеткішінен 171 миллиард теңгеге азайды. Кірістер 382 миллиард теңгеге асыра орындалды. 
Б.Сұлтанов макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғанын атап өтті. Жалпы ішкі өнімнің өсуі жоспарланған 0,5% -тің орнына 1%-ті құрады. 
Бюджеттің ұлғаюы, біріншіден, әлеуметтік салаға қаржыны көбейтуге мүмкіндік берді. Шығыстардың жартысы, яғни 4 триллион теңгесі әлеуметтік болып табылады. 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері 9%-ке көбейді. Зейнетақыны төлеуге бюджеттен 1 353 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бала туылуына орай жәрдемақы 438 мың адамға төленді, оған 33 миллиард теңге жұмсалды. 
Баяндамада бюджеттің игерілмеген тұстары да айтылды. Жыл қорытындылары бойынша пайдаланбаған қаржының 110 миллиард теңгесі бөлінбеген резерв пен үнемдеуге тиесілі. Игерілмеген 36 миллиард теңгенің 29 миллиард теңгесі Қорғаныс министрлігіне жатады. Ішкі істер министрлігі – 1,2 миллиард тенге; Білім және ғылым министрлігі - 1 миллиард тенге; Сыртқы істер министрлігі – 920,2 миллион теңге; Ауыл шаруашылық министрлігі 870,2 миллиард теңге; Әділет министрлігі – 759 миллион теңге болды. 
Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков өзінің баяндамасында 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебіне Есеп комитетінің қорытындысы жаңа сипатта дайындалғанын атап өтті. Зерделеу барысында тәртіп бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың туындау себептерін жан-жақты зерттеу және оларды алдағы уақытта болдырмау үшін сындарлы ұсыныстар әзірлеуге басымдықтар берілді. 
Есеп комитетінің бағалауы бойынша республикалық бюджеттің нақтыланған көрсеткіштері жүзеге асырылды. Шоғырландырылған бюджет түсімдерінде шикізат секторының үлесі едәуір қысқарды. Сонымен қатар, экспорт құрылымының шикізаттық емес бөлігіне қатысты өзгеріс болған жоқ, бұл экономиканы әртараптандыру бойынша қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізбеу қаупін тудырады. 
Н. Әбдібеков атап өткендей, республикалық бюджет кірістерінің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігінің сақталуы Ұлттық қордың жинақтау және тұрақтандыру функцияларын қауіпсіз жүзеге асыру тәуекелдерін ұлғайтады. Баяндамада сондай-ақ, қаржы тәртібінің жалпылама төмендеуі секілді олқылықтар, салық және кедендік заңнаманы орындаудағы өзекті мәселелер айтылды. 
Есеп комитетінің мәліметінше 2016 жылы 267,9 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылған. Қаржылық тәртіптің төмендеуі жекелеген жағдайларда процестердің тым артық регламенттелуімен, олардың күрделігімен, көп сатылығы және көп шығындылығымен байланысты болып отыр. 
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов сенаторларды ақша-кредит саясатының барынша маңызды аспектілері туралы хабардар етті. Баяндамашының пікірінше, біздің еліміз қолайсыз сыртқы жағдайларға қарамастан өткен жылғы қиыншылықтарды еңсере білді. 2016 жылдың қорытындылары бойынша инфляция 8,5% деңгейінде қалыптасты. Ұлттық Банк жұмысының негізгі бағыты ақша нарығындағы нарықтық пайыздық мөлшерлемелерді қалыптастыруға бағытталған. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 2016 жылы 17%-дан 12%-ға дейін жоспарлы түрде төмендетті. 
Валюта нарығында 2016 жылы салыстырмалы тұрақтылық байқалды және теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 2%-ға нығайды. 
2016 жылы ұлттық валюта теңгенің жинақтау, есеп айырысу және активтердің құнын өлшеу құралы ретіндегі рөлінің артуында айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. 2016 жылы теңгемен депозиттер 3,3 триллион теңгеге (66%-ға өсу) өсті, шетел валютасымен депозиттер 1,1 триллион теңгеге (10%-ға) төмендеді. Депозиттердің долларлану деңгейі бір жылда тарихи ең жоғары 70%-дан 55%-ға дейін төмендеді. 
Ұлттық банкінің болжамы бойынша күйзеліс болмаған кезде инфляция 2017 жылы нысаналы дәліз (6-8%) шеңберінде болады. Қаржы реттеушісі айырбастау бағамының еркін өзгермелі режимін ұстануды жалғастырып отыр. «Төмен инфляция және валюта нарығында теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмау – осы екі міндет – экономиканың ұзақ мерзімді орнықты өсуін қамтамасыз етуге барынша толық себепші болатындығын атап өткім келеді», - деді А.Ахметов. 
Баяндамашылар жоғарғы Палата депутаттарының сауалдарына жауап берді. 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебі Сенат комитеттерінде жалғасатын болды.