«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Жиында жалған кәсіпорындар контрагенттеріне қатысты қылмыстық істі тергеу барысында кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүддесін қорғау тәжірибесі туралы мәселесі көтерілді.
Кеңес отырысына «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Валентина Геращенко басты баяндама жасады.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсәтіров, Жоғарғы Сотының судьясы Айгүл Сапарова, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, Бас прокуратураның өкілі Жанат Элиманов, сонымен қатар мемлекеттік уәкілетті органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Өңірлердегі палаталармен видео-байланыс орнатылды.
Кәсіпкерлер мен өңірлік палата кәсіпкерлерінің жалған кәсіпорындармен жасалған мәмілелер бойынша үстеме салық аударумен байланысты мемлекеттік кірістер органының заңға қайшы іс-қимылына қатысты берген арыз-шағымдарына талдау жасалды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 2017 жылдың 1 қаңтарынан 15 мамыр аралығында кәсіпкерлерден жалған кәсіпорындармен жасалған мәміле бойынша 3 млрд теңгеден астам сомаға үстеме салық аударуға қатысты 80 шағым түскен. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов хабарлады.
Сонымен қатар жалған кәсіпорындармен жасалған мәмілелер бойынша салық салу мәселесі туралы «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Рустам Жүрсінов пен Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Валентина Геращенко баяндады.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 215-бабын (жалған кәсіпкерлік) қолдану тәжірибесі бизнеске айтарлықтай қысым көрсететіндігі айтылды. Жалған кәсіпкерлер айыппұл төлеумен құтылады, ал олардың көптеген контрагенттері салық, айыппұл мен өсімақы төлеуге мәжбүр болады. Жалған кәсіпорындардың қызметін пайдаланатын алақол кәсіпкерлер қылмыстық тергеу органдарының назарынан тыс қалады», – деді Рустам Жүрсінов.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары ҚР Қылмыстық кодексіндегі бірнеше баптарға қатысты пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотпен тығыз жұмыс жасаудың арқасында, жалған кәсіпкерлікке қатысты мәселенің тоңы жібігенін хабарлап, жалған кәсіпкерлікте алақол контрагенттер де анықталып, жазалануы керектігіне аса назар аударды.
Жиын барысында Кеңес төрағасы жалған кәсіпкерлік мәселесін көтеріп, оны шешуде айтарлықтай үлес қосқан Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі ресми уәкіл Болат Палымбетовтың еңбегін ерекше атап өтті.
«Өңірлерді аралап, бизнес-қоғамдастықпен кездескенде, кәсіпкерлерден түсетін шағымның басым көпшілігі жалған кәсіпкерлікке қатысты екенін анықтадық. Ал бүгінде біршама өңірді араладық, бұл мәселенің азайғанын байқадық. Егер Қылмыстық кодекстің аталған бабы кінәсі жоқ, адал кәсіпкерлерге зиян тигізетін болса, онда сол бапты қайта қарау керек», – деді Болат Палымбетов.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Қылмыстық кодексінің 215-бабын қайта жазу, оның атауы мен мазмұнын өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеген.
Жалған кәсіпкерлік орнына заңдық тұлғаның заңсыз әрекеті, яғни заңдық тұлға ретінде тіркелу үшін құжаттарды заңсыз пайдалану сынды формальды құрамдарды енгізу ұсынылады. Бұл құрамдар компания құрылған, тіркелген деректер бойынша оңай әшкереленеді.
Сонымен қатар Салық кодексінің ережелерін түзету керек (115-бап «шегеруге жататын шығындар» және 257-бап «есепке алуға жатпайтын құнға салынған салық») және салық қызметі органдарына жалған фирмалармен іскерлік операциялар жүргізу дерегі анықталған кездеге салық салынатын тыбысты өздігінше түзету құқығын беру қажет.
Кеңес отырысында Жоғарғы Сот судьясы Айгүл Сапарова жалған кәсіпкерлікке қатысты қылмыстық істе тергеу жұмыстары өте ұзақ уақытты алатынын атап өтіп, өңірлердегі қылмыстық істің жүргізілуінен мысалдар келтіріп, сот процесі туралы ақпарат берді.
Ал Бас прокуратураның өкілі Жанат Элиманов ҚР Қылмыстық кодексінің 2015-бабын қайта реформалауға қатысты ұысыныс ҚР Парламенті Мәжілісіне ұсынылатынын хабарлап, «Атамекен» ҰКП ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Салықты түзету қылмыстық сот жұмысы шеңберінен салықтық әкімшілік етуге ауыстырылуы қажет. Осылайша, салық органдары қылмыстық тергеуге адал кәсіпкерлерді қатыстырмай-ақ, салық сомасына үстеме, айыппұл мен өсімақы аударудың ықпалды механизмдерін алады.
Соныдай-ақ, адал кәсіпкерлер заңнамада қарастырылған өздерінің құқықтарын қорғайтын құқықтық құралдарды (азаматтық сот жұмысы тәртібінде шағымның сотқа дейін және сот механизмдері) пайдалана отырып, өздерінің мәмілелерінің рас екенін дәлелдеуге мүмкіндік алады.
Жоғарыда аталған тәсілді пайдаланғанда жалған кәсіпкерлікпен күрес жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Ал аталған қылмыстық іс категориясын тергеудің қолданыстағы жүйесі реформалауға жатпайды.
Кеңес жалған кәсіпорынның контрагенттерінің салық салу туралы заңнама отандық шағын және орта бизнессубъектілеріне қолдау көрсетуге кепілдік беру керектігін атап өтті. Бұл ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың заңды мүлтіксіз сақтау туралы тапсырмасына сай келеді.
Кеңес отырысының қорытындысында Кеңес Үкіметке, Қаржы министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға ұсыным дайындалды.