Қазақстан • 26 Мамыр, 2017

«Қонақ аз отырып, көп сынайды»

180 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде бұл сөздің маңыздылығы барынша арта түспек

«Қонақ аз отырып, көп сынайды»

ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сінің басталуына санаулы ғана күн­дер қалды. Астанамыз алдағы үш айдың ішінде өз тарихында тұңғыш рет миллиондаған қонақтарға туризм қаласы ретінде қызмет көрсетпек. Бұл – тек елорда үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін үлкен сын. Көрмені өткізу, онда жасыл экономика бағытындағы жаңа технологияларды жинақтау және таныстыру шаралары өз алдына, сол көрмені көру үшін келетін қонақтарды қабылдау, оларды тамақтандыру жұ­мыс­тарының да оңайға соқпайтыны анық. Мұндайда «қонақ аз отырып, көп сынайды» дейтін атам қазақтың дана сөзін тағы бір еске сала кетсек, ар­тық болмас.
Астана қалалық әкімдігі таратқан де­ректерге қарағанда, ЭКСПО халық­аралық көрмесін тамашалауға 5 мил­лионға жуық қонақ келеді деген болжам бар. Енді бір деректер бо­йынша 2,3 миллионнан астам адам келуі тиіс. Көрменің сайтында жуықта 1 мил­лион билет сатылғаны жөнінде ха­бар шықты. Бұл көрменің басталуы­нан бір ай бұрынғы жағдай. Демек, біздің ойымызша, көрмені тамашалауға келетін адамдар саны кем дегенде 2 миллионға жетіп жығылуы тиіс. Әйт­песе, 2015 жылы Миланда өткен көр­мені тамашалауға 20 миллион адам келгендігін еске алсақ, ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалаушылар саны біз болжап отырған шамадан еселеп артып түсуі де ғажап емес. Сонда 5 миллион адам қатысуы мүмкін деген болжамды да дәл қазір жоққа шығаруға болмас. Ал осыншама қонақтарды қабылдауға, оларды тамақтандыруға бар болғаны 1 миллион тұрғыны бар қаланың мүмкіндігі жете ме? Міне, осы мәселе жөнінде Астана қаласының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесе отырып, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде Астана қаласын азық-түлік өнімдерімен қамту жөнінде арнайы жоспар жасап, сол бойынша жұмыстар жүргізіп жатқандығын естіген болатынбыз. Бұл дәл қазіргі күні қолға алынып отырған іс емес, осыдан екі жылдай уақыт бұрын бастау алған мәселе. Өйткені, сол кезде аталған мәселеге байланысты өткізілген басқосуда Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі көрме кезінде Астанаға жеткізілетін тағам өнімдерінің әрбір түріне дейін анықталғандығын, еуропалық мәзір, жапон мәзірі, қытай мәзірі, шығыс халықтарының мәзірі, мұсылман мәзірі секілді барлық мәселелердің ескерілгендігін, ондай тағамдар мен олардың шикізаттарын қайдан жеткізуге болатындығы да тәптіштелгендігін, осы бойынша нақты жұмыстар жүргізілетіндігін айтқан болатын.
Оның бер жағында Астана қаласын азық-түлікпен қамтудың алғашқы шаралар легі қазірдің өзінде нақты басталып кетті деп айтуға болады. 
Мәселен, Астана тұрғындары үшін 2017 жылдың 13 мамырынан 1 қазанына дейін қаладағы «Қазақстан» спорт кешені мен «Алай» көлік-логистика орталығы алаңдарында өңірлік ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтетіндігі алдын ала хабарланды. ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін өткізу кезеңінде азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу жоспарланған, деп жазды бұл жайында қала әкімдігінің ресми сайты. Осы жөніндегі алдын ала мәліметтер бойынша апта сайын дәстүрлі түрде өтіп отыратын бұл жәрмеңкелерде астаналықтар үшін ел өңірлерінен 30 мың тоннадан астам азық-түлік өнімдері ұсынылады. Олар негізінен алғанда жылқы еті, сиыр еті, құс еті, сүт өнімдері, жарма түрлері, қант, бал, балық және тағы басқа ең қажетті деген өнімдерден тұратын болады.
Сондай-ақ, осы жәрмеңкелер кезінде келушілердің қыз­ық­тауы үшін концерттік бағ­дар­ла­­малар ұйым­дас­тырылады. Бұл ша­ра­лар­дың музыкалық сү­й­е­­мел­деуін обл­ыстардың шы­­ғар­­­машылық ұжым­дары қам­та­масыз етеді.
Жәрмеңке әр апта сайын екі күн қатарынан өткізілетін бо­­ла­ды. Олардағы азық-түлік өнім­­де­рінің бағасы қаладағы қа­лып­тас­қан нарық бағасынан 15-20 пай­ызға арзан болуы тиіс. Осы ша­ра аясында 13-14 мамыр күн­де­рі өткен  бірінші жәрмеңкені Атырау, Батыс Қазақстан және Оң­түстік Қазақстан облыстары ашты. Үш жәрмеңкеге осы атал­­ған облыстардың барлық ау­­­дандарының 190 өңдеу кәсіп­ор­­ны мен ауылшаруашылық құ­­ры­лымдары қатысып, онда 300 тон­наға жуық ауыл ша­руа­шы­лы­ғы өнімдері саудаланды.
Қазіргі күндері Астана қала­сын­­да барлық облыстардың қа­­ты­суымен осындай өңірлік жәр­­меңкелердің тұрақты түрде ұй­­ымдастырылуы ЭКСПО-2017 ха­­лықаралық көрмесін лайықты өткізу ісіне едәуір көмек екен­ді­гін айтуға тиістіміз. Өйткені, алдын ала зерттеулерге қарағанда, Астана қаласының халқы 1 тәу­лікте 1,5 мың тонна тағам өнім­дерін тұтынатын болса, ЭКСПО көрмесі кезінде бұл ай­тарлықтай өсе түсуі мүмкін. Міне, сол кез­де қа­ланы азық-түлікпен қамту ісін жәр­меңкелер арқылы қолдаудың маңызы арта түс­пек. Сонымен қатар, бұл шара – баға көтерілуінің алдын алу болып та табылады.
Қалада орналасқан «Sapa logistics», «Астық логис­тик», «Continental Logistics» жә­не «Мир Круп» секілді ірі кәсіпорындарда азық-түлік сақ­тау орындарының көлемі 42 мың шаршы метрге дейін жетеді екен. Мұның сыртында, басқа да кәсіпорындардағы көкөніс сақ­тау қоймаларында 42 500 тон­наға дейін өнім сақтауға бо­ла­тын­ды­ғы мәлімделді.
«Қазір сауда-логистикалық опе­рациялардың бірыңғай жұ­мыс регламентін пысықтау көз­делуде. Ірі және орта сау­да же­лі­ле­ріне ӘКК және өңір­лер­ді қар­жыландыру бағ­да­р­ламасы бой­ынша күріш, қант, қарақұмық се­кіл­ді тауарларды сатып алуға не­сие беру қол­ға алынды. Сон­дай-ақ, ЭКСПО көрмесін өткізу ке­зін­де еліміздің оңтүстік өңір­ле­рі­нен, сонымен қатар, Өз­бек­стан мен Қырғызстан секіл­ді көр­ші ел­дерден азық-түлік тау­ар­ларын жүйелі түрде жеткізу жө­нінде сауда-экономикалық ын­тымақтастық туралы ме­мо­ран­думдарға қол қойылды. Ау­ыл­­шаруашылық жәрмеңкесі үшін мамандандырылған сауда алаңдары құрылады. Жәр­мең­келік іс-шараларды ұйым­­дас­­ты­руға өтінім бірыңғай элек­тронды портал арқылы жүр­­гізіледі», дей­ді Астана қа­ла­лық ауыл ша­­­руа­шылығы бас­қармасының бас­­шысы Ардақ Досанов.
ЭКСПО көрмесін тамаша­лау­ға келетін қонақтарды қабылдау мәселесінде қаладағы қоғамдық тамақтандыру орындарының ма­ңызы еселеп артатындығы тү­сі­нік­ті. Бұл жөніндегі деректерге ке­летін болсақ, қазір қалада 273 мей­­рамхана, 460 кафе және 27 асхана бар екен. Мұның сыртында, қаладағы сауда және ойын-сауық орталықтарында 86 қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеп тұрғандығын айтуға болады. Бұл – Астана қаласы бір ме­зетте 116 мың адамға қызмет көрсете алады деген сөз. Жиыны 20 миллион адам қабылдаған Миландағы ЭКСПО-2015 көр­месінде оған күндік келуші­лер­дің саны нақты осы 116 мың адам­ды құрағандығын еске ал­сақ, Астананың қонақ қабыл­дау көрсеткіші жаман емес. Де­ген­мен, Астана қаласындағы мей­­рамхана, кафелердің, ас­ха­налардың ЭКСПО-2017 көр­месіне қаншалықты алыс-жа­қын орналасқандығын да ес­кер­геніміз, осы жөнін­дегі мә­се­ле­лерге де сақ бол­ған­ды­ғы­мыз жөн секілді. 
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев көрмені өткізуге ар­налған әзірлік жұмыстарын пы­сықтаған арнайы отырыс­та ЭКСПО-2017 кезінде Ас­тана қаласын азық-түлікпен қам­та­масыз ету мәселелері шешімін табатындығын қадап тұрып айтты. Әкімнің сөзіне қарағанда, көрме өтетін үш ай ішінде азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемі 20-30 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл ретте қаладағы өнімдер сақ­тай­тын қоймалар мүмкіндігі жет­­кі­лікті екендігін еске сала кетсек ар­тық болмас.
Сонымен ЭКСПО-2017 ха­лық­­аралық мамандандырылған көр­месін өткізу кезінде Астана қаласының азық-түлік қауіп­сіз­дігінің маңызы барынша арта тү­сетіндігі түсінікті. Тиісті атқа­ру­шы билік органдары осыған сай алдын ала қам жасады. Егер, 
5 миллион халқы бар Милан қаласы 20 миллион қонақты күтіп алуға жарағанда 1 миллион халқы бар Астана қаласының мүмкіндігі 5 миллионға дейін адам қабылдауға еркін жетеді деп есептейміз.  

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»