Парламент • 26 Мамыр, 2017

Парламентшілер ынтымақтастығы

144 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен өңірлік қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз етудегі парламенттердің рөлі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті.

Парламентшілер ынтымақтастығы

Оның жұмысына Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулин, Ресей Феде­ра­циясы Федералдық Жиналысы Мем­лекеттік Думасы Төрағасының орынбасары В.Васильев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко, Тәжікстан Республикасы Маджилисинің комитет төрағасы Д.Маджидзода, Қырғыз Рес­публикасы Жогорку Кенешінің депутаты М.Мадеминов, Ауғанстан Ислам Республикасы Ұлттық Ассамблеясы Воле­си Джиргасының депутаты А.За­зай, Қазақстан Республикасы Парла­мен­ті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ, халықаралық сарапшылар мен дип­ло­матиялық корпустың өкілдері қа­тысты.
Нұрлан Нығматулин дөңгелек үстелде сөз сөйледі. Өз сөзінде Мә­жі­ліс Төрағасы маңызды жиынды бір­лесе ұйымдастыруға қолғабыс еткен Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мына ризашылық білдіре келіп, биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл, ал Пар­ламенттік Ассамблеяның құрылғанына 10 жыл толып отырғанын атап өтті. Қазақстан Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуел­сіздік алған күннен қауіпсіздік пен ын­ты­мақтастық мәселесіне ерекше назар аударып келе жатқанын, бүгінгі күні Қа­зақстанның Орталық Азиядағы ең тұрақты, ең қауіпсіз ел екенін алға тартқан Н. Нығматулин: 
– Елбасының ірі бастамалары тек ай­мақтарда ғана емес, әлемдік деңгей­де зор қолдауға ие болды. Соның нәти­жесінде, біздің елдеріміз барлық салада жоғары стратегиялық әріптестік ор­натты. Оның ішінде, аймақтық ынты­мақтастық және қауіпсіздік бойынша да әрқашанда жемісті жұмыс атқа­рып келеді. Бірақ қазіргі уақытта бүкіл әлемде орын алып жатқан қауіп-қатерлер өте көп. Бұл біздің ел­дерімізден әріптестікті бұрынғыдан да күшейтіп, бірлесе әрекет етуді талап етеді, – деді. 
Төрағаның айтуынша, осы жолда ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына мү­ше елдер парламенттерінің рөлі өте зор және жүктеліп отырған жауап­кер­шілік те өте жоғары. 
Еске сала кетсек, үстіміздегі жыл­дың бірінші қаңтарынан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде ресми түрде жұмыс­қа кірісті. Мәжіліс Төрағасы атап өткен­дей, Қазақстан осы кезеңде Орталық Азия бойынша қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету, аймақ­тық қауіп-қатерлер мен сынақтарға тиімді қарсы іс-қимыл танытып, ынты­мақтастықты нығайту бағытында бел­сенді жұмыстарды қолға алмақ. 
Осы ретте, Н.Нығматулин парла­мент­тердің өзара әріптестігі ұлттық мүдде­лерді есепке ала отырып, халық­аралық үдерістерді заңнамалық тұрғы­дан қамтамасыз етуге жол ашатынын атап өтті. Мәжіліс Төрағасының айту­ынша, Орталық Азия өңірінде қауіп­сіздікті қорғауда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың рөлі өте зор. 
– Бұл жолда Қазақстан Парламенті депутаттарының ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы шеңберінде өз әріп­тес­терімен тығыз қарым-қатынас орнатуы өте маңызды. Парламенттік дипломатия көптеген халықаралық мәселелер бойынша елдер ұстанымдарын алға жылжытуға және тараптардың мүд­делерін қозғайтын құжаттардың маз­мұн­дық сипатына ықпал ете алады, – деді Нұрлан Нығматулин. 
Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Парламенті Ел­ба­сының идеясымен құрылған, биыл 25 жыл толып отырған, қауіпсіздік мәсе­лесіне етене араласатын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында көптеген халық­аралық шарттарды және ҰҚШҰ шең­берінде 38 халықаралық шартты, сон­дай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы аясында 17 халықаралық шартты ратификациялаған.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»