Жиында Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі, Халықаралық түркі академиясы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Туған жер» ақпараттық-танымдық экспедициясы» бірлескен жобасының тұсаукесері өтті. Гуманитарлық мамандықта білім алып жатқан студенттерді жазғы демалыста фольклорлық, тарихи-этнографиялық және археологиялық экспедицияларға қатыстыру арқылы жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген құрметін оятуды көздейтін алғашқы экспедиция Торғай өңіріндегі қазақтың әйгілі күрескер перзенті Кейкі батырға арналмақ. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов «Туған жер» бағдарламасын кешенді түрде жүзеге асыру туралы ұсыныстары шеңберінде «туған жер» мен «атамекен» ұғымдарының бастауы, кіші Отанымыз – ауылға арналған кітаптарды университет базасынан «Туған жер тарихы» атауымен шығаруға шешім қабылданғанын жеткізді. Бұл орайда көрнекті ғылым қайраткерлерінің қатысуымен Зиябек Қабулдиновтің «Астана: прошлое и настоящее» және семейлік өлкетанушы Бекен Теміровтің «Саржал» кітаптарының тұсаукесері өтті. Е.Сыдықов аталған жоба аясында «Өлкетану» курстары мен оқу бағдарламасын енгізу, «Ұлы Дала алтыны», «Көшпенді өркениет», «Киіз үй» сияқты тақырыптық тұрғыда мамандандырылған музейлер ашудың кезегі келгенін атап өтті.
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов Елбасы мақаласы тарих ғылымының негізгі зерттеу бағыттарын анықтауға, жас ғылыми зерттеушілер шоғырын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін және биыл 1,5 мыңнан астам ғылыми жоба жүзеге асырылатынын жеткізді. Соның ішінде тарих пен археологияға 46 жоба арналып отыр. Бұл зерттеу жұмыстарына 20 мыңнан астам ғалым тартылмақ. Еліміздің 42 жоғары оқу орнында тарихшы мамандар даярланады. Соңғы жылдары ғылыми әлеуетімізді қалпына келтіру мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Былтыр магистр мамандарына оқытуға мемлекеттік тапсырыс 7 мың адамды, докторантураға 485 адамды құраса, биыл магистратураға 9500 орын, докторантураға 1250 грант бөлініп, мемлекеттік тапсырыс көлемі 3 есеге артты. Бұл ғылымның дамуына айтарлықтай серпін береді, деді комитет басшысы.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов Президент мақаласында «Қазақстан», «Ұлт», «Тарих», «Тіл», «Жер» сөздері 300 мәрте қолданғанын, мәтіннің 15 пайызы еліміз үшін қымбат сөздерден тұратынын айтты. «Ұлы Даланы алғашқы адамдар миллион жыл бұрын мекен етіпті. Мұнда сырттан келгендер де, сыртқа кеткендер де аз болған жоқ. Ғасырларға созылған осынау күрделі ілгерілеу мен іркілістің өзегінде туған жерінен табан аудармаған арғы қазақтар тұрды. Тарихқа тұғыр болған жер мен тіл тарихты түзбейді, олар тарихтың куәгерлері. Тарихқа тағзым дегеніміз – ең алдымен жерге және тілге тағзым, деді ол. Х.Әбжанов ХХІ ғасырдың ұлттық санасын қалыптастыруға бөгесіндер әлі бар екенін, соның бірі «Қазақстан тарихы» пәнін келте, жартыкеш көлемде оқыту, бұл өз тарихыңды сыйламау екенін, ұлттық тарихты сыйламаудың тағы бір көрінісі – тарихшылардың сұғанақтықтан, яғни, плагиаттан әлі де қол үзбегендігінен көрінетінін жеткізді.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі туған жер кіндік кескен жермен ғана өлшенбейтінін этно және эпостық танымдар арқылы дәйектей келіп: «Туған жер Қазақстанмен шектелмесе керек, қасиетті жерлер ел шекарасымен тұйықталмаса керек. Киелі жерлер – Ұлытау, Сарайшық, Түркістан, Алтай және бүкіл қазақ даласы. Сонымен бірге Күлтегін, Тоныкөк өмір кешкен Орхон бойы, Өтүкен қойнауы, Бейбарыстардың ізі қалған Мысыр, Фараби топырағын жамылған Шам, Бабыр гүлдендірген Үндістан, мұның барлығы біз үшін қастерлі өлкелер», деді. Осы орайда Халықаралық Түркі академиясының ортақ түркі оқулығын әзірлегенін, түркі әлемінің орта мектептеріне арналған түркі елдерінің географиясы оқулығы дайындалғанын, сонымен қоса түркі әлемінің топономикалық атласы да жасалып жатқанын жеткізді. Бұл оқу құралдарында тамырлас түркі елдерінің киелі орындары да түзіледі, деді академия басшысы.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының дирек-
торы Бауыржан Байтанаев Қазақстанның киелі орындарындағы тарихи ескерткіштердің жағдайы әр аймақта әркелкі екенін айтты. Діни сәулеттік ескерткіштер реставрациядан өткізілгенін, барып-қайтар жолы да барлығын, бұл ретте негізінен діни археологиялық ескерткіштердің жағдайы мүшкіл екенін атап көрсеткен ол алғашқы қауымдық құрылыстан орта ғасырларға дейінгі кезеңге тән ескерткіштердің арғы бабаларымыздың тотемдік, зороастрилік, тәңіршілдік және басқа да діни түсініктерін қамтитынын, олардың мәдени тұрғыдан үлкен қызығушылық тудыратынын, дегенмен басым бөлігі иесіз болғандықтан және жеке шаруашылық қажетіне игеру барысында жеке тұлғалардың жауапсыздығы салдарынан бұзылып жатқанын жеткізді. Осы орайда археологиялық мұраларды сақтау мен музейлендіру ісін жандандыру маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Тамғалы, Жоңғар Алатауы, Ақсу-Жабағылы, Марқакөл сияқты қорықтарда жартас суреттерін танымдық туризм нысандарына айналдыруды жандандырып, елімізде петроглифтерді зерттеу орталығын құру жөнінде ұсыныс білдірді.
Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған кеңестік дәуірге қатысты қорытындылануы тиіс жайттар туралы сөз қозғады. «Біз шын социализмді өткердік пе, әлде номенклатуралық па? Егер біз осы сияқты кеңес қоғамының ішкі мазмұнын түсінсек, аштық пен репрессияның, жетістіктер мен кемшіліктердің негізін табар едік, деді ол. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» кафедрасы мен пәнін қысқарту туралы мәселенің қойылуы алаңдататынын, оған тосқауыл қойылуы керектігін айтты. Ал Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан КСРО-ны құлату доктринасының рухани құлдырауды негізге алғаны шетелдік еңбектерде жазылғанын, сондықтан, рухани түлеу ұлттың иммунитеті болатынын айтса, Ұлттық музейде құрылған «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали Елбасы мақаласының саяси мәні бар екенін, оның негізгі өзегі жат идеологияға ұлттық құндылықтар арқылы қарсы тұру екенін атап көрсетті.
Конференция барысында сонымен бірге Мәмбет Қойгелдиевтің жиырма жылдық еңбегінің қорытындысы іспетті «Алаш қозғалысы» монографиясының екі томы таныстырылды және жиынға арнайы келген шетелдік ғалымдар да Елбасы мақаласы мен рухани түлеу төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті.
Думан АНАШ,
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»