Медицина • 26 Мамыр, 2017

Қазақстан жолы – жасампаздық жолы: қоғамның идеялық бірлігінен рухани жаңғыруына дейін

2410 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бұрынғы Кеңес Одағына кірген республикалардың кейбірі сая­си және экономикалық қайта құрудың дұрыс бағытын таба алмады. Соның салдарынан сол елдерде ішкі саяси жағдай әбден шиеленісіп, қоғам дамуы шектен тыс саясиланып кетті. Демократияның «алаңдық» сипат алуы халықтың жағдайын жақсарта алмады, билік халыққа ғылыми негізделген, сол кездегі туындаған тарихи кезеңді сараптап, ескерген және тұрғындардың болашағын айқын көрсететін стратегиялық болмаса да, ең құрығанда, орта мерзімдік бағдарламалар ұсына алмады. Оның барлығы немен аяқталғанын біз жақсы білеміз.

Қазақстан жолы – жасампаздық жолы: қоғамның идеялық бірлігінен рухани жаңғыруына дейін

Ал Елбасы Н.Ә.Назарбаев болса, керісінше, экономикалық және саяси жаңғыру, ішкі және сыртқы саясат, еліміздің жақын арадағы және ұзақ мерзімдік мүдделері арасындағы тепе-теңдікті таба білді және оның тізгінін қолында нық ұстады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1993 жылы жарық көрген «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде қоғамда өзгерістерге сай келетін рухани ахуал туғызу қажеттігіне сол кездің өзінде-ақ назар аударған болатын. Тұжырымдамада тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету реформалар жүргізу мен қоғам дамуының басты саяси шарты ретінде қарастырылған. Саяси жүйе мен экономиканы нарыққа бейімдеу ұлттық идеяға деген көзқарасты өзгертуді талап етті. 
Яғни, кез келген мемлекет өз аза­мат­тары үшін тартымды саяси, эко­но­микалық қана емес, сондай-ақ, идеологиялық бейнелерді жа­сауға ұмтылуы керек. «Шын мәнінде, идеология – бұл адамдар­дың қоғамдастығын саяси және эко­­но­микалық міндеттерді шешуге топтас­тыру мен жұмылдырудың уақыт тезі­нен өткен тәсілі, бұл әлеуметтік мінез-құлықты қалып­тас­тыру механизмі... адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету тәсілі», – делінген еңбектің кіріспесінде. 
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы Қазақстанда тұрып жатқан азаматтарды теңдігін тек қазақ халқының және қазақ тілінің біріктіруші рөлін арттыру негізінде ғана іске асыру мүмкіндігіне ерекше көңіл бөлді. Содан бері қыруар жұмыстар атқарылды. Экономикалық күш-қуатымыз артты, мемлекеттілігіміз орнықты, ха­лық­аралық беделіміз өсті. Адамдар өзгерді, қоғам есейді. Түптеп келгенде, осының барлығына сол кездер­ден бастау алған ішкі сая­си тұрақтылық, ұлтаралық келісім сияқ­ты құндылықтарды табанды түрде, бірізділікпен және мемле­к­ет­тік саясат деңгейінде іске асы­руы­мыздың арқасында ғана қол жет­кізгендігімізді мақтанышпен айтуымызға болады.
Жоғарыдағы үрдістің қалып­тасуына 90-жылдары Қазақ­стан­дағы тарихи сананың қалып­та­суы, мемлекеттік бірегей­лікті қалыптастыру тұжырымдамалары мен «Қазақстан-2030» Страте­гия­сының іске асырылуы шешуші рөл атқарған. Дәл осы кезеңде жас­тарды тарихи тұрғыда тәрбиелеу мәселесіне деген қағидалар мен көзқарастар негізделді, халықтың бірлігі, азаматтық татулық, әлеуметтік тұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, ымыраға келу және төзімділік мемлекеттегі негізгі идеяларға айналып, күнделікті өмірге бір елде өмір сүрудің басты шарты ретінде ене бастады.
Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан­дық жолының» жүйелілігінің келесі бір көрінісі – негізгі ұлттық идея ретінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі, Қазақстанның әлемдік экономика мен қауымдастыққа ықпалдасуына басымдық берілуі. Елбасы «осы идея жалпыұлттық жоба ретінде көпұлтты және көп­кон­фессиялық қоғамның басын біріктіруі керек» – деп дөп басады. Ұлы мақсат – ұлттық рухты кө­тереді. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының XII сессиясында Елбасы «... біз бір қазақстандық халық ретінде қалыптастық..., біз енді бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз керек», – деп, жаңа мақсат-міндеттер қойды. 
Аталған мәселені Елбасы 2008 жылғы Жолдауында мемлекеттің әлеуметтік саясатын жетілдіру қажеттілігімен байланыстырады. Өйткені, әлемдік қаржы нарығының тұрақсыздығы жағдайында әлеу­мет­тік мәселелердің өзектілігі арта түседі. Ол саяси сипатқа ие бо­лып, мемлекеттің ішкі саяси тұрақ­тылығына тірелуі әбден мүмкін еді. Елбасы төніп тұрған бұлтты сейіл­тіп, дағдарысты өз пайдамызға дұрыс пайдаланып, оны жаңару мен дамудың көзіне айналдыруды ұсын­ды.
2012 жылы «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан ор­нықты... «Қазақстан-2050» Страте­гиясы – тым құбылмалы тарихи жағ­дайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт... Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуы тиіс» деген тұжырым жасалды. 
Н.Ә.Назарбаев әлеуметтік саясаттың жаңа принциптерін айқындап, әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың ба­қуат­тылығы қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі екендігіне тағы да назар аударды. «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты жә­не көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі... біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты», – дейді Елбасы. 
Қазақ тілі және тілдердің үш­тұ­ғырлылығы, мәдениет, дәстүр және даралық, ұлттық интелли­ген­цияның рөлі, дін мәселесі жан-жақты талданып, елімізді «Мәң­гілік Ел» етудің сара жолы айқын­далады. Нәтижесінде, адамдар­ды біріктіретін рухани идея дү­ниеге келді. Сарапшылар бұл идея­ның әлеуметтік байланыстарға басымдық беретініне, сол әлеу­меттік кеңістікті құрылымдық жағы­нан реттеуші құрал бола алаты­нына көңіл аударады. 
Тәуелсіз Қазақстанның қар­қын­ды дамуының өзіндік құпиялары да жоқ емес. Солардың бірі де бірегейі – ол халықтың рухы дер едік. Міне, дәл осы мәселе Елбасының үнемі көкейінде жүргенін байқауға болады: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы», – деген еді.
Сондықтан да болар «Мәңгілік Ел» ұғымы арқылы Президент Н.Ә.Назарбаев қазақстандық бір­лік­тің мәңгіліктігіне шек келтірмейді, оны өшпейтін, сарқылмайтын, тек қазақ халқына, Қазақстанда тұрып жатқан басқа да ұлттар мен ұлыстардың бойына сіңіп, дүние есігін жаңа ашып жатқан ұрпақтарына аналарының сүтімен даритын Жаратушының берген ерекше бір қасиетті сыйы деп қабылдайтыны, түсінетіні айдан анық. Нәтижесінде ел болашағына тікелей ықпал ететін маңызды құн­дылықтар жиынтығы – «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданды. «Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы».
Қазақстан халқы Ассам­блея­сының XXV сессиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жүйелі жаңғыру біздің бүкіл жұмысымыздың өзе­гіне айналды. Біріншіден, эконо­микалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыру басталды. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кі­ріс­тік. Бұған мен «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» атты ма­қа­ламды арнағанымды білесіздер», – деді.
Елбасының алға қойған жаңа міндеттері: біріншіден, жүйелі жаң­ғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана сезімді қалыптастыру керек. Екіншіден, азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қажеттігі. Осы айтылған сөздер, жаңа көзқарастар мен түсініктер қоғамда түбегейлі өзгерістердің қажеттілігін айқындаса керек.
Бұл – түбегейлі бетбұрыс. Егер біз осыған дейін қоғамдағы тұ­рақ­тылықты сақтап, нығайтумен айналысып келсек, ендігі жерде қалыптасқан жағдайды тек сақтау немесе ұстап түру жеткіліксіз болып отыр. Жаңа сұраныстарға сай келетін жаңа міндеттер мен жаңа межелер қою арқылы қоғамның алға ұмтылуына түрткі болатындай ахуал қалыптастыра білуіміз керек. Кез келген қоғамдық процестерге жалпы ұлттық тұрғыда қарап, баға беру дәрежесіне жеткеніміз абзал. Ал ұлттық мүдде ұлттық санаға тікелей байланысты. 
Ендеше, алдағы уақытта ісімізге жалпы ұлттық сипат пен пәрмен беріп, жұмысымыздың әдіс-тәсілін, жалпы бағытын, мазмұнын елдің ұлттық-рухани тамырының нәрімен сусындатып, тұрғындардың мә­се­лелерімен нақты айналысып, оны шешуге бұруымыз керек. Сонда ғана биліктің іс-әрекеті қарапайым халыққа түсінікті және жақын болатыны анық. 
Рас, бұл оңай шаруа емес. Ескі әдіс-тәсілдерден бас тарту тіптен қиын нәрсе. Ал егер әңгіме рухани жаңғыру мәселелеріне қатысты болып отырғанын ескерер болсақ, проблема одан бетер күрделене түсері сөзсіз. Өйткені «сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылу» оңай емес. Одан арылмай жаңғыру болмайды, озық дәс­түрлер қалыптаспайды, оның сабақ­тастығы үзіледі. Осының барлығы түптеп келгенде ұлттық кодтың сақталып, дамуына әсер етеді, тіптен кедергі де келтіруі әбден мүмкін.
Экономикалық жаңғыру мен саяси реформа қолға алынды. Бұл әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жеткіліксіз еді. Ол үшін санамызды өзгерту шарт. Сонда ғана жоғарыда біз әңгіме қылып отырған экономика мен саяси саладағы өзгерістер рухани жаңғырумен толықтырылып, толыққанды сипат алатындығын Елбасы атап көрсетті. 
Жалпы алғанда, рухани жаңғыру және ұлттық сана философиялық ұғымнан гөрі мәдени санатқа жақынырақ. Өйткені, әлеуметтік-экономикалық формациялар өзгеруі мүмкін, ал мәдениет тұрақты (конс­танта) қалпында қалады. Әрине, ол дамиды және басқа мәдениеттермен өзара байланыста болып, баюы мүмкін. Ал біздің, кешегі кеңестік «меңі» бар мәдениетіміз ұзақ жылдар бойына этнографиялық немесе театралдық сипат алып, рухани жаңғыру, ұлттық сана сияқты халқымыздың «жанды жері» – болмыстық дүниетанымына пәр­менді ықпал етуге қауқарсыз болып келгені баршаға белгілі. Қоғамдық процестерге, білім беру және тәрбие мә­селесіне тиісті дәре­же­де араласа алмады. Себебі, олар бір­тұтас әлеуметтік жүйенің ажыратыл­мас бір бөлшегіне айнала ал­мады. Ұлттық, рухани деңгейге жете алма­ған­дықтан, қоғамның бар әлеу­еті толық пайдаланылмады. Оның үстіне әлеуметтік тұрақ­­тылық пен ұлтаралық келісім сияқты мәсе­леге келгенде мәде­ни-ру­хани жә­не идеялық (идеоло­гия­­лық емес) дү­ниелерге, өкінішке қарай, «қалдық принципі» тән болды. 
Кеңес дәуірінен келе жатқан жалаң идеологиялық ұстанымдар ендігі жерде жұмыс істемейтін болды. Осы «кемшіліктерді», ал шын мәнінде төніп тұрған әлеуметтік және саяси қауіп-қатерлерді көріп, оларды болдырмаудың жолын алдын ала болжап, нақты шара­ларды іске асыруды тарих Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің еншісіне жүктеді. Хал­қымыздың бағына орай осы жылдары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі мен ісінің арасында қандай да бір сәйкессіздік немесе алшақтық бол­ған емес. 
Ендеше бұл жолы да рухани салаға деген бұрынғы көзқарасты өзгерту қажеттігі ешбір күмән тудырмайды. Елбасының терең ойланып-толғанып халқына ұсынған стратегиялық бағдарламасында бұл дөп басып айтылған. Бұл саладағы процестерді терең түсінбей, мойындамай ондағы мәселелерді бүгінгі заманның талаптарына сай шешу мүмкін еместігі де анық. Сонда ғана біз бәсекелік қабілет, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы сияқты тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыттарымен бірге прагматизм, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы іспеттес тың негіздерін әрі қарай ілгерілетіп, Елбасы алға қойған міндеттерді орындай аламыз. 
Таяу жылдардағы міндеттердің ішіндегі қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, жаңа гуманитарлық білім сананы жаң­ғыр­тудың бәсекелік қабілет, праг­матизм, сананың ашықтығы сияқ­ты бағыттарына жақынырақ болса, ал «Туған жер», «Туған ел», «Қазақстанның қасиетті руха­ни құндылықтары», «Қазақстан­ның киелі жерлерінің география­сы», «Жаhандағы заманауи қазақ­стан­дық мәдениет», «Қазақстан­дағы 100 жаңа есім» жобалары ұлт­тық бірегейлікті сақтау, Қазақ­стан­ның революциялық емес, эволюциялық дамуы бағыттарына жатса керек. 
Бұл жерде біз әңгіменің құн­дылықтық, өркениеттік деңгейде өрбіп отырғандығын да айқын түсінгеніміз жөн. Яғни, Елбасының бағдарламалық мақаласындағы XXI ғасырдағы ұлттық санаға байланысты қарас­тырылған сананың ашықтығы, эво­люциялық даму мен прагматизм бағыттарын жаңашыл, мето­дологиялық маңыздылығы жоғары ұлттық жаңғыру немесе ұлттық сана­ның кемелденуіне апаратын жол деп түсінген дұрыс. Оның төркі­ні қазақстандық патриотизмде жатыр.
Н.Ә.Назарбаев «...ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», – дейді. Ендеше мәдениеттің де бә­секелестік қабілеті болуы шарт, ол ұлттық дәстүрдің басты негіздерін қалап, заманауи мәдениетке ай­налуы және тарихи сана-сезімді де қалыптастыруға ат салысуы қажет. Сонда ғана жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алады және ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі сақталады, аумақтық жаңғыру ұлттық жаңғыруға әкеледі.
Біртұтас Ұлт болу және бұ­қаралық сананы өзгертудің барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ үшін маңыздылығына Н.Ә.Назарбаев жете көңіл бөліп, олар «осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін» деген-ді. Олай болса, халықтың сенімі Қазақстанның рухани жаңғыруын, Елбасының идеяларын ілгерілету жұмыстарын белсендіретін болады. Ал оған аза­маттық қоғам институттары тартылса, қоғамның мүддесі, көз­қарасы және құндылықтары еске­ріліп, халықтың көкейінен шыға­тын ортақ мақсат-мүдделер қалып­тасып, қазақстандық және аза­маттық бірегейлік нығайып, мем­лекеттік органдар мен мекемелердің қолдары ұзарар еді. 
Ортақ мүдде болған жерде ғана ортақ идея болады. Оны ойдан шығара салуға да болмайды. Ол қоғамның қойнауында жатады. Оны сол қоғамның жай-күйін, мұң-мұқтажын, болмысын біліп, сезінетін адам ғана қорытып, қоғамның талқысына шығара алады. Қоғамда жалпы ұлттық келісім, ортақ құндылықтың барлығына күмәнданбаған, әлеуметтік ортада соған деген талпыныстың, қажеттіліктің, сұраныстың бар­лығының ақиқат екендігіне сенген, оны дұрыс сезініп, дәл таба білген Елбасы Н.Ә.Назарбаев болды.
Осының барлығына қол жеткізу үшін әлеуметтік байланыстарды нығайту қажет. Оның барысында ғана жалпылық мәні бар құндылықтар мен дамудың ұлттық басымдықтары туралы ортақ пікірге келіп, азаматтық келісім арқылы ұлт, біртұтас халық болып қалыптасамыз. Сонда ғана қоғамды біріктіріп, жаhандық бәсекеге қабілетті Мәңгілік Ел болып, әлемдік қоғамдастықта өз орнымызды алатынымыз анық.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ, 
саясаттану ғылымдарының докторы