Конференцияның басында, тәуелсіз еліміздің тарихында аса маңызды орын алатын, қай елде болсақ та елдік мәртебемізді айғақтап отыратын мемлекеттік рәміздерімізге биыл 25 жыл толып отырғанын және осындай тарихы бар рәміздердің арасында елтаңбаның орны ерекше екенін атап өтіп, бүгінгі жиынның мақсаты мен маңызы туралы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы қысқаша таныстырды.
Келесі кезекте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов конференцияға жиналған қонақтарды құттықтап, бүгінгі күні өткелі отырған өте маңызды іс-шараны жариялады. Осыдан соң білім ордасында жаңа стандарттағы Елтаңбаның тұсауы кесілді. Елтаңба авторының айтуына қарағанда, бұрынғыға қарағанда жаңа үлгідегі елтаңбаның негізгі құндылықтары өзгермеген. Жаңадан қабылданған стандарттың ерекшелігі – ішіндегі көптеген детальдарға өзінің атаулары беріліп, оның тарихы мен мағынасы, дәстүрлік сипаттамасы көрініс тапқан және дайындау кезінде автор қазіргі технология жүйесіне сүйенген.
«Бұл – тарихи сәт. Жаңа стандарттағы Елтаңбаның бірінші сәтін көріп отырмыз. Мемлекеттік рәміздер – елдік салтанат нышаны. Оның ішінде Елтаңба ел мерейін асқақтататын бойтұмар деп айтар едім. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», деген еді. Бүгінде ұлттық сана бірегейлігі, елдік дәстүр, т.б. бәрі де білім мен ғылым саласына айналып отыр. Елтаңба тарихы – ұлт тарихы, ел шежіресі. Оның негізі мен мазмұны, бейнесі мен эстетикасы ғылыми-зерттеуді талап етеді. Еліне қалтқысыз қызмет еткен Жандарбек Мәлібеков мырзаға алғысымыз шексіз. Өз қасиетімен, жиған білімімен студенттерімізге сапалы дәріс беріп жүр деп сеніммен айта аламын», – деді өз сөзінде ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Салтанатты шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайым, ғалым Сейіт Қасқабасов, сәулет өнері профессоры Бекримжон Глаудинов, Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбай, сондай-ақ, ғалымның студенттік жылдарын бірге өткізген көршілес Ресей, Өзбекстан елдерінен келген достары қатысты.
Сонымен қатар, салтанатты кеште Жандарбек Мәлібековтің «Қазақстан Елтаңбасы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітапта жаңа стандарт үлгісі мен параметрлері туралы мол ақпараттар қамтылған.
Жұртшылықтың ерекше назарын аударған профессор С.Негимов баяндамасында «Дүлдүлдер, дарабоздар қазақ елінде жеткілікті, соның бірегейі – Жандарбек Мәлібеков. Ол қазіргі қазақ еліндегі зиялының зиялысы, қарапайымның қарапайымы. Елтаңбаға ол кісінің өзі «Ол – мемлекеттің идеологиялық картасы», деп сипаттама берген. Бұл Елтаңба елтану, мәдениеттану, жаратылыстану ілімдерімен, сондай-ақ халықтың, салт-дәстүрімен, ырымдарымен байланысты. Елтаңбада қазақтың дүниетанымының ірі-ірі көріністері, құбылыстары көрініс тапқан. Мәселен, бір ғана киіз үйді алайық. Оның бес мың жылдық тарихы бар. Мұның бәрі Жандарбек ағаның кітабында жазылған», – деп қайраткерге бағасын берді.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»