Медицина • 26 Мамыр, 2017

Үшінші жаңғыру елімізді жаңа деңгейге көтереді

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада отандық сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен еліміздегі Үшінші жаңғырудың жүзеге асырылуын талқылауға арналған «Жаңғырту 3.0. Тәсілдер мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) ұйымдастырды.

Үшінші жаңғыру елімізді жаңа деңгейге көтереді

Шараға қатысушылар Төртінші өндірістік революцияның келешегін, жүйелі өзгерістерді, экономиканы технологиялық жаңғырту, сонымен бірге, кәсіпкерлік пен адами капиталды дамыту мәселелерін қозғады.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің жаһандық бәсекелестігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құрастыруды тапсырған болатын. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан екі бірдей жаңғырту кезеңінен өтті. Бұл кезеңдерде еліміздің саяси және экономикалық өркендеуінің негізі қаланған болатын. Біз әлемдегі бәсе­ке­лестікке қабілетті 50 елдің қатары­на кірдік. Үшінші жаңғырту – бұл Қазақ­станның жаһандық бәсекелес­тіктің жаңа деңгейіне шығу жолы, – деді Әлемдік экономика және саясат инс­ти­тутының директоры Ержан Салтыбаев.
Оның сөзіне қарағанда, экономиканы жан-жақты цифрландыру мен Төртінші өндірістік революция экономикалық және әлеуметтік дамудағы жылдамдатылған технологиялық жаңғыртудың негізгі шарты болып табылады.
Жиын барысында ғалымдар мен сарапшылар Қазақстанның жаһандық бәсекелестіктің жоғары деңгейіне өтуі мен Үшінші жаңғыруды жүзеге асыруға байланысты пікірлерін ортаға сала отырып, елімізде аталған бағытта қолға алынған шаралардың оң нәтиже көрсететініне сенім білдірді.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»