Спорт • 26 Мамыр, 2017

Жарыстар күнделігі (26.05.2017)

100 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жарыстар күнделігі (26.05.2017)

Футбол
Футболдан Қазақстан кубогы жолындағы жарыстың бірінші жартылай финалдық ойындары өтті. Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында «Қайратпен» 0:0 есебімен тең түсті. Бұл кездесуде «Қайраттың» қорғаушысы Ел­дос Ахметов өрескел ойыны үшін 74-минутта алаңнан қуылды.
Ал өз алаңында «Атырауды» қабылдаған Қарағанды­ның «Шахтері» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойын тағды­рын шешкен жалғыз голды матчтың 25-минутында «кен­шілердің» шабуылшысы Дәуренбек Тәжімбетов соқты.
Жартылай финалдың қарымта ойындары 21 маусым күні өтеді.
Велоспорт
Мамыр айының 28-і күні Алматыда дәстүрлі велошеру өтеді. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған бұл спорттық шарада велошабандоздар 10 шақырым қашықтық бо­йынша күш сынайды. Шеру әл-Фараби даңғылынан баста­лып, М.Горький атындағы демалыс саябағында мәресіне жетеді.
Велошеру аяқталған соң шағын концерт ұйымдас­тырылып, жанкүйерлер арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады.
Шөген
Кеше Германияның Мюнхен қаласында шөген спортынан «Munich Gold Cup-2017» халықаралық турнирі басталды. 
Әлемнің ең мықты шөгеншілері бақ сынайтын бұл бәсекеде Қазақстаннан қос команда – «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club» ұжымдары өнер көрсетеді. 
Авторалли
Маңғыстауда «Ралли Қазақстан-2017» турнирінің төртінші кезеңі аяқталды. FIA Халықаралық автомобиль федерациясы рейдінің раллиден Әлем кубогының бесінші кезеңіне жататын бұл жарыста Қатардың Нассер әл-Аттия бастаған экипажы бірінші келді. Aktau Motorsport командасының экипажы аталған кезеңде тәуір өнер көрсетіп, өзінің осы турнирдегі жалпы нәтижесін жақсартып алды.

Әзірлеген Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20