Білім • 26 Мамыр, 2017

Астанада «Ұлы дала» II гуманитарлық ғылымдар форумы басталды

148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен «Ұлы дала» II гуманитарлық ғылымдар форумы өз жұмысын бастады.

Астанада «Ұлы дала» II гуманитарлық ғылымдар форумы басталды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалы мақаласына арналған форумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСЕСКО, ECO Sience foundation, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, ТүркПА сынды халықаралық ұйым басшылары мен өкілдері қатысты. 

Ашылу салтанатында сөз алған халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі түркі халықтары дәстүрлі мәдениетін жаңғырту мақсатында өтіп жатқан форумның маңыздылығына тоқталып, форум жұмысына сәттілік тіледі. 

«Түркі академиясының құрылғанына тура жеті жыл толып отыр. Құрметті форум қатысушылары, екінші рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға қош келдіңіздер. Қазақстан Президентінің таяуда жарық көрген мақаласында атап көрсеткендей, білім, сана болуы тиіс. Ол арқылы біз жадымызды жаңғыртып, өткен болашағымыз бен жасампаз болашағымызды жарасымды үйлестіре аламыз. Осыған байланысты біз биылғы форумды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына арнап отырмыз. Жиын барысында мәнді баяндамалар мен ұтымды ұсыныстар айтылады деп ойлаймыз. Алқалы жиынға арнайы келген баршаңызға рахметімізді айтамыз», – деді академия басшысы. 

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова әлем өркениетіндегі Түркі мәдени мұрасын айшықтауда әлем ғалымдары бас қосқан форумда көтерілетін міндеттер мен тақырыптар ауқымдылығы турасында айтып өтті. 

«Астанада әлемнің жиырмаға жуық елінен келген ғалымдар бас қосып, осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала» екінші гуманитарлық ғылыми форумына қош келдіңіздер. Бас қаламыздың ғылыми және интеллектуалдық орталық ретінде игі ықпалын тигізіп отырған ғылыми форум қордаланған ғылыми мәселелерді шешуде тың концептуалды шешімдер беретініне сенімдімін», – деген ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының форум жұмысына сәттілік тілеген құттықтау хатын оқып берді. «Сіздердің баршаңызды «Ұлы дала» II гуманитарлық ғылымдар форумының ашылуымен құттықтаймын. Еуразия кеңістігін кернеген халықтардың мыңжылдық байланыстарының шежіресі, Батыс және Шығыс өркениеттерін тоғыстырған тоғыз жолдың торабы. Оның географиялық ауқымы алыс көкжиектерді қамтиды, тарихи дамулары тереңнен құралады. Бай мәдени мұрасы бүкіл адамзаттың ортақ игілігі. Менің бастамам бойынша құрылған халықаралық Түркі академиясы екінші мәрте мұндай форматтағы алқалы жиынның өтуіне ұйытқы болып, рухани жаңғыру мәселесін қолға алып отыр. Бұл форум құрлықтарды шекарасыз жалғаған ғылыми интеграцияға үлкен серпін береді деп сенемін», делінген құттықтау хатта. 

АҚШ, Венгрия, Германия, Қытай, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей мен түркі мемлекеттерінен келген 200-ге жуық ғалым-зерттеуші мен сарапшылар алты панелді отырыста мазмұнды баяндамалар жасап, Елбасы мақаласында көтерілген міндеттер мен тақырыптар төңірегінде пайымды пікірлерін ортаға салды. Сонымен бірге, форум аясында TWESCO Түркі әлемі ғылымына сіңірген ерен еңбегі мен бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбекұлы, танымал ғалым, Татарстан Республикасының қоғам қайраткері Мирфатых Закиевті алтын медальдармен марапаттады. Бұдан бөлек, шара барысында TWESCO соңғы жылдары шығарған кітаптар көрмесін ұйымдастырды. 

Ая ӨМІРТАЙ, 
«Егемен Қазақстан».