Қ.Айтуғановтың хабарлауынша, аталған мәртебені беруге Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) бас ассамблеясының отырысына қатысқан 180 елден келген Халықаралық эпизоотиялық бюроның делегаттары бірауыздан дауыс берген. Осындай нәтижеге аусылдың алдын алуға бағытталған мақсатты жұмыстар, халықаралық талаптарға сәйкес аусылмен күрес стратегиясын қатаң қадағалаудың арқасында қол жеткізілген.
Бұрынғы кеңестік кеңістікте Беларусь пен Украина әуел бастан аусылдан таза аймақ ретінде танылған екен. Ал 2016 жылдан бастап Ресейдің жекелеген өңірлері ғана аусылдан таза мәртебесіне ие. ТМД-ның өзге елдеріне бұндай мәртебе әзірге берілмеген.
«Елімізде осы мәртебенің болуы мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерін ДСҰ-ға мүше мемлекеттерге экспорттауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін іске асыруға, сонымен қатар отандық кәсіпкерлердің сыртқы сауда қызметін дамытуға оң ықпал етеді», деді Қ.Айтуғанов.
Сондай-ақ, ол Қытайдың ветеринария бойынша құзыретті органы (ГИНКИК) өткен жылдың қыркүйегінде ХЭБ шешімі негізінде 9 облыста аусыл бойынша шектеуді алып тастағанын еске салды. АШМ Ветеринарлық бақылау комитеті қытайлық тараппен жаңа ғана алынған мәртебе негізінде қалған бес облыстан шектеуді алып тастау бойынша жұмысты жалғастырады. Сонымен қатар, Парсы шығанағы елдері, Иран мен Израиль алынған мәртебе негізінде Қазақстанмен республиканың барлық аумағынан мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға рұқсатты мақұлдауға дайын екен.
Баспасөз мәслихатына сондай-ақ, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдылданов, «Мерке ет» ЖШС вице-президенті Бексұлтан Елубаев, «Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының» бас ғылыми қызметкері Әнуарбек Сейітмұратов қатысып, еліміздің аусылдан таза аймақ мәртебесін алуы ет экспортына мүмкіндік ашатынын айтты. Мәселен, Жамбыл облысының «Мерке ет» ЖШС вице-президенті Б.Елубаев Қазақстанды аусылдан таза аймақ ретінде тану ет өңдеу зауыттарының өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін, сәйкесінше қазақтың етті ақбас ірі қара мал тұқымының саны артатынын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің жаңа мәртебеге ие болу өндірісті ұлғайтады. Мәселен, комбинат күн сайын 10 мың құтыға жуық консервіленген ет өнімдері мен 300-400 кг-ға дейін «Халал» маркасы бар шұжық өнімдерін шығаруға әзір. Қосымша 70-тен астам жұмыс орны ашылатын болады. Комбинат аусылдан таза аймақ мәртебесінің арқасында мал бордақылау алаңындағы ірі қара мал басын 3 мың басқа дейін ұйғайта алады.
«Бізге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, аусылдан таза аймақ мәртебесіне ие болу мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңінен пайдалануға мүміндік береді», деді Б.Елубаев.
Өз кезегінде, «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығының» бас ғылыми қызметкері Әнуарбек Сейітмұратов қабылданып жатқан АӨК мемлекеттік қолдау шараларының арқасында соңғы 5 жылда қазақтың ақбас тұқымы 230 мың мал басына дейін артқанын хабарлады. «Қазақстанда өсірілетін 10 етті тұқымының ішінде қазақтың ақбас тұқымы ең ірі болып табылады. Ендігі, аусылдан таза аймақ мәртебесіне ие болғаннан кейін мал өсірушілер үшін еттің экспорттық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосуға және өздерінің қажырлы еңбектерінің жемісін көруге мүмкіндік пайда болады», деді Ә.Сейітмұратов.
Осылайша, отандық тауар өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын жақсы жаңалық жария болды. Әрине, бұл Халықаралық эпизоотиялық бюро шешімі Қазақстан Республикасының АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында елдің ветеринарлық қызметінің жүйелі өзгерістерінің нәтижесі.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қазақстанға халықаралық деңгейде аусылдан таза аймақ мәртебесі берілді. Ал оның анықтама сертификаты 25 мамырда Францияның Париж қаласында елімізге ресми табысталды. Осыған орай кеше Үкімет үйінің баспасөз орталығында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың қатысуымен арнайы брифинг өтті.
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше