Аймақтар • 26 Мамыр, 2017

Солтүстік Қазақстан имамы Рамазан айындағы сауапты іс-шараларды айтты

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының уәкіл имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, Рамазан айында жергілікті жерлерде атқарылатын іс-шараларды жоғары деңгейде жүзеге асырудың жолдарын ортаға салды.

Солтүстік Қазақстан имамы Рамазан айындағы сауапты іс-шараларды айтты

27 мамырда барша мұсылман қауымы үшін қасиетті ай басталады. Жамағат 29 күн бойы Аллатағалаға құлшылық етіп, қайырымдылық амалдарын өтейді. 
«Осы күндері өңірде жұмыс істейтін 70-тен астам мешіттерде Құтпан намазынан кейін Тауарық намазы қоса оқылады. Түркиядан арнайы үш қарилар шақыртылды. Өзіміз дайындаған 4 қариымыз және бар. Жылдағы дәстүр бойынша оразаның алғашқы күнінде облыстық «Қызылжар» орталық мешітінде 500 адамға дастархан жайылып, ауызашар беріледі. Бұдан бөлек, мұнда тәжік, түрік, ауған, тағы басқа 8 диаспораның өкілдері де сауапты шаралар атқарады. Ол үшін Алланың үйі жанынан қосымша екі киіз үй тігіледі», – деді Кенжетай қажы. 
Имам табиғи су тасқынынан зардап шеккендерге ақшалай, заттай қолдау көрсетілгенін айта келіп, сауабы мол қасиетті айда қайырымдылық акциялары жалғасатынын, бірінші кезекте жетім-жесірлер, жалғызілікті қарттар, көп балалы отбасылар қамтылатынын жеткізлі. 
«Он екі айдың сұлтаны саналатын қасиетті рамазанда кәсіпкерлер мен дәулетті азаматтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құдай астар беру, ауызашарлар ұйымдастыру, рухани кештер өткізу, діни-ұлттық рәсімдерді насихаттау, тағы басқа ұсыныстарға қызу үн қосып отыр», – деді уәкіл имам. 
Өмір Есқали. 
«Егемен Қазақстан». 
Солтүстік Қазақстан облысы.