Аймақтар • 26 Мамыр, 2017

Сергей Саламацкий: «Успен ауданының түлектеріне ҰБТ-ға қатысу маңызды емес»

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облысы әкімдігінің отырысында биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы қаралды.

Сергей Саламацкий: «Успен ауданының түлектеріне ҰБТ-ға қатысу маңызды емес»

Биыл ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Өңірде 10 тестілеу пункті жұмыс істейтін болады. Ата-аналар тестілеу барысын тікелей онлайн режимінде көре алады. Мектеп бітірушілерді тамақтандыруға және тұратын орнына қалалық, аудандық бюджеттерден 6,9 млн теңге бөлініпті. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітованың айтуынша, өткен жылы өңір бойынша ҰБТ-ға мектеп бітіретін 3601 түлектің 2564-і қатысыпты. Орташа балл 88,2-ні құраған. Өкінішке орай, Ақтоғай, Павлодар, Шарбақты, Железин, Успен аудандарының түлектері ең төмен нәтиже көрсеткен болатын. 
Ал, биыл ше?.. Биыл 11-сыныпты бітіретін өңірдегі 3738 оқушының 2676-сы немесе 71,5 пайызы тестілеуге қатысуға ниет білдіріпті. Негізі, ҰБТ-ны тек қана еліміздің жоғары оқу орындарына түскісі келетін түлектер ғана тапсыруға міндетті делінді. Осы міндетті алға тартып ҰБТ-ға қатыспайтындар қатары көбейе бастағандай.Сондықтан, әкімдік отырысында аудан-қала әкімдеріне мектеп түлектерін ҰБТ-ға мейлінше көптеп қатыстыру керектігі ескертілді. Өйткені, мысалы, онсыз да мектептерінде бала саны аз Успен ауданында былтыр мектеп бітірген түлектердің 52 пайызы ғана ҰБТ-ға қатысыпты. 
Бұған не себеп?.. Сөйтсек, аудан әкімі Сергей Саламацкийше айтсақ: «Успен ауданы Ресеймен шекаралас орналасқан. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, мектеп бітірушілердің көбі сол елдің жоғары оқу орындарына оқуға түседі. Сондықтан, олар үшін ҰБТ-ға қатысу маңызды емес» көрінеді... 
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан». 
Павлодар облысы