Сағадат Қожахметұлы Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде де егемен елдің айбынды әскерін құруға үлкен үлес қосты. Тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш Халық қаһарманы ретінде де есімі тарихқа алтын әріппен жазылды.
Аты аңызға айналған тұлға Сағадат Нұрмағамбетовтің өмір жолы өнегеге толы. Отан үшін от кешкен азамат бейбіт заманда да ұлттың дамуы жолында еңбектенді. Сондықтан өзі өмірден өтсе де туған халқы батырын ұмытпай, жадында тұтып келеді.
Қордай ауданы, Гвардейск қалашығының орталығынан саябақ және батырға арналған бюст ашылды. Айтулы шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, Халық қаһарманы, Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, тұңғыш Қорғаныс министрінің орынбасары болған генерал-лейтенант Федор Щербаков және өзге де генералдар мен офицерлер қатысты. Сондай-ақ аудан әкімі Болатбек Байтөле, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері мен ауыл ақсақалдары да болып, ардагер азаматты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұдан кейін салтанатқа арнайы қатысқан генерал-лейтенант Мұрат Майкеев сөз алып, ардақты азамат туралы ойын білдірді.
«Сағадат Нұрмағамбетов өзін тұтастай Отанға қызмет етуге арнаған нағыз патриот адам еді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының жетекшілік етуімен ол заманауи Қарулы Күштердің іргесін қалады. Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының батыры, тұңғыш Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы ел үшін күрмеуі қиын кезеңде әскерді басқара отырып, оның қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның есімі Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылып, халқының жадында мәңгіге сақталмақ», – деді М.Майкеев.
Сондай-ақ, генерал-лейтенант Федор Щербаков та өз сөзінде Сағадат Нұрмағамбетовтің Қазақстан әскерін құрудағы ерекше рөлін, адалдығы мен еңбекқорлығын әңгімеледі. «Мен екі академияны тәмамдадым, ал Сағадат Нұрмағамбетовтен алған тәлімімді мен үшінші ұлы академия деп есептеймін», деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Сонымен қатар, Сағадат Нұрмағамбетовтің құрметіне арналған салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Айымдос Бозжігітов және армия генералының үзеңгілес досы, Қырғызстан Республикасы Қарулы Күштерінің тұңғыш министрі, генерал-полковник Мырзакан Субанов қатысты. Әріптестері атынан сөз алған құрметті қонақ өзінің әскери ұстазы жайлы әңгіме қозғап, Сағадат Қожахметұлының Қырғыз әскерлерінің де табанынан тік тұруына да өз септігін тигізгенін, оның әр басқан қадамы жастарға өнеге болып отырғанын айтты.
Келесі кезекте Сағадат Нұрмағамбетовтің қызы Айсұлу Нұрмағамбетова сән-салтанаты жарасқан саябақ ашып, ескерткіш орнатқаны үшін шараның ұйымдастырушылары мен 40-шы «Отар» әскери базасының басшылығына алғысын айтса, салтанатты жиынды қорытындылаған Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев аты аңызға айналған абыз тұлғаны еске алып, естелігімен бөлісті.
«Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі мәңгіге біздің жүрегімізде сақталады. Ол мұндағы тұрған барлығымыздың ағамыз, әкеміз, ақылшымыз. Оның әр айтқан сөзі өсиет еді. Біз ардагерлер оның рухына бас иеміз», – деді халық қалаулысы өз сөзінде.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы
Жиырмадан жаңа асқан шағында Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атағын алған Сағадат Нұрмағамбетов есімі ерлік шежіресіндей болып ел есінде сақталды.
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше