Білім • 26 Мамыр, 2017

Манзур Хусейн Сумро: «Біз өз құндылықтарымыздан ажырамауымыз керек»

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала» II Гуманитарлық ғылымдар форумы аясында Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Ғылым қорының (ЕСО Science Foundation) президенті сөз сөйлеп, ауқымды жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырған Халықаралық Түркі академиясына алғысын айтты.

Манзур Хусейн Сумро: «Біз өз құндылықтарымыздан ажырамауымыз керек»

Ол Форум аясындағы ой-пайымдар өзара қарым-қатынасты жақсартуға, ал үнқатысулар платформасы пікірлер мен идеялар алмасуға, тарихи және мәдени аспектілер бойынша нақты тұжырымдамаларды әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.

«Мұндай форумдар өте маңызы әрі өзекті деп ойлаймын. Неге? Себебі, осы тектес жиындар ғалымдардың бір-бірімен ықпалдастық орнатуына, бүгінгі таңда өте өзекті болып тұрған мәселелер бойынша пікірталас ұйымдастыруға сеп болады. Бұл – өте маңызды. Біз өзіміздің бастауымызды қайдан алғанымызды және қазір кім екенімізді білуіміз үшін жүріп өткен жолымызды саралап, екшеп отырғанымыз жөн. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым мәдени мұра мен құндылықтарға негізделген жарқын болашақты құруға айрықша маңыз беріп келеді. Мәселен, маған Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтқан ойлары ұнады. Қазақстан Президенті ұлт дамуындағы фундаменталды тұжырымдаманың өзегі саяси-экономикалық жаңғыруға негізделуі керек екенін айтты. Алайда, біз мәдениетке және ұлттық біртектілік мәселелеріне де айрықша көңіл бөлмесек, онда жаңғыру үдерісі де өз деңгейінде жүрмейтінін ұмытпауымыз керек. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің өз өткенімізді, өркениетімізді танып-білмей, жаңғырудың жай сөз күйінде қалатыны төңірегінде айтқан ойын да құптаймын. Жаһандану заманында барлық өркениеттер бір-бірімен байланыс орната отырып, қозғалыста болуы керек. Бұл әрқайсымыздың бәсекеге қабілетті болуымызға да сеп болары анық. Демек, біз жаңғыру туралы айтқанда осыны ескеруіміз керек», – деді М. Сумро. Сондай-ақ, ол күн тәртібінде тұрған мәселелерді талай жылдардан бері ерекше қастерлеп келген құндылықтардан бөле-жара қарастыруға болмайтынын, ол үшін зерттеушілерге, оның ішінде тарихшыларға ғылым мен технологияның дамуын тежейтін факторларға терең, әрі жан-жақты бойлап, сараптама жүргізу үшін үлкен мүмкіндік беру қажеттігін атап өтті.

Бұған қоса, Манзур Хусейн Сумро Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтады. «Бұл – жалпы өңір үшін өте жақсы жаңалық. Ал біз, ғалымдар ретінде ғаламдық және өңірлік даму аясындағы мәселелерді талдап, талқылауға, саралауға атсалысуымыз керек», – деді бұл жөнінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Ғылым қорының (ЕСО Science Foundation) президенті.

«ЕСО Science Foundation» – мемлекетаралық ұйым. Оның құрамында 10 мемлекет бар. Қазақстан да сол елдердің қатарында тұр. Пәкістанның Исламабадында орналасқан ұйым негізінен ғылым, технология, инновация мәселелерін назарда ұстап отырады. 

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, 
«Егемен Қазақстан»