Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысушыларды аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтап, сәттілік тіледі.
Өте тартысты өткен конкурста Некібаевтар (Қызылжар ауданы) мен Пархоменкалардың (Петропавл) жанұялары бірінші орынды иеленді.
Қожатай ақсақал мен Айша әжей екеуінің бір шаңырақ астында түтін түтеткендеріне 70 жыл екен. 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Қожатай қария 1943 жылы қан майданға аттанып, көптеген қалаларды азат етуге қатысқан. Өмірінің 32 жылын халық ағарту ісіне арнаған. Оның ізін 3 баласы, 2 келіні, 4 немересі жалғастырып, әулеттің бұл саладағы жұмыс өтілі 200 жылға парапар. Пархоменколар да үлгілі отбасылардың бірі.
«Отбасы ісі», «Ата-аналар қуанышы», «Әкем, шешем және мен – спорттық жанұямыз», тағы басқа аталымдар бойынша ең үздіктер анықталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, бағалы сыйлықтар және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне тегін билеттер тапсырылды.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»